• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2021

Импичменттің ақыры

204 рет
көрсетілді

ВАШИНГТОН. АҚШ Сенатының Дональд Трампты Капитолийге 6 қаңтарда жасалған шабуылға мұрындық болғаны үшін айыптай алмауы бірқатар сұрақ туындатады. кілдер палатасы оған импичмент жариялады. Бірақ Сенаттың әрекеті АҚШ Конгресі президенттің Конституцияға қарсы әрекетіне қаншалықты қарсы тұра алады деген ойға жетелейді. Мемлекеттің негізін қалаушылар президенттің өз құзыретін кеңейтіп, патшаға айналуына жол бермеуді көздеген болатын. Трамптың билігі кезінде америкалық конституция жүйесінің жүрегіне қанжар қадалды. Президент сайлауда жеңіліп қалғанын мойындаған жоқ. Сондай-ақ биліктің тең құқылы тармағына күш қолданып, шабуыл жасауға әзір болды.

Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» бүгін жариялап отырған мақалалар топтамасында екі мәселе қозғалмақ. Біріншісі – АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа қатысты импичмент, екіншісі – жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мәселесі.

Вашингтондық журналист Элизабет Дрю таяуда АҚШ Сенатының Д.Трампқа импичмент жарияламау жөніндегі шешімін сынға алады. Оның айтуынша, Конгрестің жоғарғы палатасы бүгінде бұрынғыдай деңгейде емес. Мақала авторы Республикалық партия өзінің әлеуетін жоғалтып, бір адамның сойылын соғып отыр деп айыптайды. 

Колумбия университетінің Халықаралық және қоғаммен байланыс мектебінің аға оқытушысы Аня Шифрин коронавирус пандемиясы кезіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалына тоқталады. Автордың пайымдауынша, корона-дағдарыс қазіргі таңда медиа өкілдеріне оңайға тиіп отырған жоқ. Індет салдарынан көптеген БАҚ жабылып қалмас үшін кең көлемді шаралар қабылдау қажет деп есептейді автор.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасының мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарияланып отыр.

Американың негізін қалаушылар ата заңды қабылдағанда мынаны ескерді. Сенаттың шешімімен импичмент жария­лап, мемлекет басшысын қызметінен кетіруге мәжбүрлей алады. Бірақ бұл заңда қарастырылған қылмыс болмауы мүмкін. Импичмент жариялауға қажетті дауыстың үштен екісін жинау өте қиын. Сенаторлар елдегі көңіл күйдің әсерінен президентті қызметінен босатуға болмайды деп санады.

Ешқандай президент осындай тәсіл­мен қызметінен кеткен жоқ. Яғни Өкіл­дер палатасының импич­ментін Сенат ешқашан қолдаған емес. Ричард Никсон өз еркімен орнын босатты. Өйткені Кон­грестегі республикашылардың бас­шы­лары оның Сенаттағы көпшілік қол­дауынан айрылғанын хабарлаған-ды. Негізінде, президентті қызметі­нен кетіру халықтың дауысын жоққа шығарумен тең. Оған қоса, импичмент жарияланған адам партияның ішіндегі кейбір салаларды басқаруын жалғастыра беруі де ықтимал. Расын­да, АҚШ тарихында саясаткерлер импичмент тақырыбын талқылауға аса ниет таныта қоймайтын.

Никсонға толықтай импичмент жария­­лануға сәл қалып, оның 1973-1974 жыл­дары қызметінен кетуі тарихи тұр­ғыдан маңызды сәт еді. Никсон арнайы прокурор Арчибальд Коксты қызметінен кетіру үшін бірқатар бас прокурорды жұмыстан шығарғаннан кейін оған импичмент жариялау туралы әңгіме айтыла бастағанда көпшілік мұны алаңдататын, тіпті қорқынышты ұсыныс деп санады. Мұндай тақырыптың қозғалуы 1868 жы­лы президент Эндрю Джонсонға им­пич­мент жарияланғаннан кейін қайта қоз­ғалған-тұғын. Никсоннан кейін осындай тәсілді қолдану жиі көтерілетін болды.

Президентті жауапкершілікке тарту тәсілі ретінде импичментті пайдаланудың негізгі проблемасы мынада. 1787 жылы жазылған Конституцияның тиісті баптары өзгеше саяси кезеңде қабылданды. Содан бері АҚШ тарихында жаңаша кезең басталды. Сол кезде елде нақты саяси партиялар жоқ еді. Мемлекеттің негізін қалаушылар «фракция» немесе партия деген сөздерден қорықты. Өйткені олар федералды үкіметтің тиісті рөлі туралы пікірталасты өршітетін еді.

Джордж Вашингтон өзінің қоштасу Жолдауында «партия рухының зиянды әсерлері туралы» ескерткен. Вашингтон бұл рухтың тамыры «адамның ақыл-ойының ең күшті құмарлығында» еке­нін ескертті. Сонымен қатар Джеймс Мэдисон жазған 10-ншы Федерал­ды  құжат Конституцияның саяси партия­лар­ға қарсы тұру рухында жазыл­ғанының жарқын үлгісіне айналды.

Президентті алып тастау құралы са­нала­тын импичмент пен сот үкімінің тиім­­ділігіне күмәнданудың бір себебі мы­нада. Әр штатта екі сенатор болған­дық­­тан, тұрғындары ауылдық жерді ме­кен­дейтін, консервативті көзқарас ұста­на­тын шағын штаттар салыстырмалы мөлшеріне қарамастан, шамадан тыс күш­ке ие. Бірақ екі партияның да келісі­мі болған Никсонға қатысты импич­мент про­цедуралары мен Трампқа қатыс­ты им­пичменттің арасындағы үлкен айыр­ма­шылық, негізінен, Республикалық пар­тиядағы терең өзгерістерге байланысты.

Никсонның кезінде республикашылар Трамптың әріптестеріне қараған­да барынша центристік көзқарас ұстана­тын әрі кекшіл емес еді. Никсон Респуб­ликалық партия мүшелерінің адалдығын сақтады. Оны қызметінен босатуды сұрағаны үшін халыққа қауіп төнген жоқ. Республикашыл дворяндар Ақ үйге барып, оның Өкілдер палатасында немесе Сенатта саяси қолдауы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ маңызды мәселеде дауыс беруге тура келген жоқ. Мұның бәрі келешекте туындауы мүмкін оппозициядан қорқу болатын.

Нағыз консерватор, өкілдер палатасы­ның депутаты Элизабет Чейни (бұрынғы вице-президент Дик Чейнидің қызы) Трампқа импичмент жариялауды қолдап дауыс беретінін мәлімдегенде былай деді: «Бұған дейін АҚШ президенті өз кеңсесі және Конституция алдындағы міндетіне мұндай сатқындық жасаған емес». Чейни Трамптың бірнеше апта бойы радикал-оңшылдарға сайлауды ұрлап алды деп жалған мәлімдеме жасап, содан кейін тобырды дәл сайлаушылар алқасының бюллетеньдері саналып жатқанда Капитолийге баруға шақырып, «тозақтағы күрес» секілді әрекет етуге үгіттеуін қатаң сынға алды.

Бұған жауап ретінде Чейни Вайоминг штатында Республикалық партиядан сөгіс алды. Оның Өкілдер палатасындағы республикашылар қатарында үшінші орын иеленуіне қатысты партияның мәжілісінде дау айтылды.

Өкілдер палатасының жетекші проку­ро­ры Джейми Раскин өзінің сегіз әріп­тесі­мен бірге Трампқа қарсы іс қоз­ғау­да шебер жұмыс жасады. Раскин – конституциялық заң профессоры. Сенат­тағы талқылау аяқталар тұста, сенбі күні кешке онымен сөйлескенімде, Конс­титуция жазылған уақыт пен қазір­гі уақыттың арасындағы әртүрлі жағ­дай­ларды, шағын штаттардағы артық­шы­лықтарды ескерсек, Сенатта дауыс­тың үштен екісін жинау қаншалықты мүм­кін екенін сұрадым. Раскин былай деп жауап берді:

«Мен әрқашан 67 дауысқа қарағанда, 100 дауыс алуымыздың мүмкіндігі жоғары деп ойладым. Біз істі ұсынған кезде Трампты қызу қолдайтындардың өздері де қарсы шығады деген ой болды.

Бірақ Республикалық партиядағы кей әріптестеріміз өзімшілдіктің шыңына шыққан екен. Біз кезіндегі үлкен партия жеке басқа табыну секілді әрекет ететін тарихи сәтке келіп жеттік. Факт, логика, заң үстемдігі таразы басынан түсіп қалды», деді ол. Раскин мұны олардың басшылары қолдаушыларына психологиялық, қаржылық және саяси бақылау жасайтынымен түсіндіреді. Сондай-ақ республикашылардың арасында қорқыныш орнататын «соғыс сандығын» құрастырды деп есептейді.

Раскиннің пайымдауынша, саяси партиялық жүйе конгрестік жүйеден жоғары шығып кетті. «Бұл – Конгресті басқаратын екі тармақ емес, екі партия және оның бірі ақыл мен парасаттан мақұрым қалды», деді ол.

Иә, Трамп Американың Капитолийіне шабуыл жасап, кісі өліміне әкеп соққан әрекеті үшін Конгрестің айыптауынан құтылып кетуі мүмкін. Дегенмен осы үшін тарих алдында жауап беретіні анық.

 

Элизабет ДРЮ,

вашингтондық журналист және көптеген кітаптың  авторы 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org