Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейіндегі елді елең еткізер жәдігердің бірі – атақты «Максим» маркалы пулемет. Оқты қарша борататын қарудың бұл түрі өткен ғасырдың басындағы қанды соғыстарда кеңінен қолданылған.
Ал енді, бұл екі дөңгелекті пулемет Балқашқа қалай тап болып жүр?
Аталған музейдің басшысы Азиза Сейілханованың айтуынша, «Максим» пулеметі өткен ғасырдың 90-шы жылдары Балқаштағы түсті металдарды өндіру зауытының аумағынан табылып, оны зауыт жұмысшылары музейге әкеліп тапсырған екен.
Тарихқа үңілер болсақ, Балқаштағы түсті металдарды өндіру зауыты 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәскеу түбіндегі Кольчугино қаласынан Балқаш жеріне эвакуацияланған еді. Яғни аталған түсті прокат зауытын көшіргенде, эшелон күзеткен әскердің қолындағы қару-жарақтың ішінде осы «Максим» пулеметі де болған.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы