• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Ақпан, 2021

Көңіл керуені көтеріліп қалды

355 рет
көрсетілді

Ұлт тарихын жаңғыртып, ұрпағына жеткізуде өлшеусіз қызмет жасап, еліміздің рухани көшін алға сүйреп жүрген ата газетіміз «Egemen Qazaqstan»-ның 2021 жылдың 29 қаңтарындағы №20 санында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің халқымыздың Екінші дүниежүзілік соғыста қайтпас ерлік көрсеткен қаһарман ұлы, құралайды көзге атқан сұр мергені Ыбрайым Сүлейменов жайлы тың деректерге толы «Өшпес ерлік» атты мақаласы көңілде жүрген көп ойға қозғау салып, көңіл керуенін көтеріп тастады.

М.Құл-Құхаммед «Қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық» деп дұрыс айтады. Ал сол кеткен есепсіз есемізді еліміздің арайлап атқан тәуел­сіздік таңы біртіндеп қайтарып жат­қа­нына мың шүкір, жүз тәубе демесе болмас.

Соның ішінде кешегі ел еркіндігі, ұлт азаттығы, ұрпағы үшін жанын сал­ған баһадүрлеріміз бен Алаш туын көтерген асылдарымыздан бастап, не­­міс-фашистеріне қарсы соғыс­та қан майданның бозала шаңын шы­ғар­ған ержүрек батырларымыздың әрқайсысы ұлт мақтанышы, ұрпақтың мыз­ғымас құндылықтары екені бар­ша­ға аян.

Осы тұста жет­­піс жыл етегінен қызыл жел ескен ке­зеңнің тайғанақ саясатына нүк­те қойылғаны да ақиқат. Табанды тір­лік­тердің арқасында қазақ халқы Қа­банбай мен Наурызбай, Бөгенбай мен Есет, Ахмет пен Әли­хан, Тұрар мен Мұстафа, Сәкен мен Бейімбет сынды мың­даған тау тұл­ға­лы ұлт пер­зент­те­рінің есімдерін өте жақын тани бастады.

Төрткүл дүниеге фашизм дәнін сеппекші болған қанқұйлы Гитлердің қа­һарына қарсы шыққан, бірақ ер­ліктері еленбей қалған қаншама аза­­мат­­­тарымыз бар десеңізші?! Бір ғана жаужүрек батыр, алғыр тактик, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы­ның қайсар мінезі мен ерлік жолы не тұ­ра­ды?!

Абырой болғанда қарақұрым халқы көзінің тірісінде-ақ ешкімнен тайсалмай «Батыр» деп атаған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Баты­ры атағы қазақ халқының атынан тап­жы­лмай талап еткен Нұрсұлтан На­зар­­баевтың арқасында әлемдік карта­­дан «СССР» деген мемлекеттің жо­йы­лу сәттерінде «қызыл күреңнің» тіз­гінін босатып, шылбырын тастап, үзеңгісінен аяғын алуға дайындала бастаған Михаил Горбачевтің Жар­лы­ғы­мен берілді.

Ал Қазақстан дербес мемлекет атанып, өзінің жоғары марапаттарын бел­гі­леген­ шағында Ұлы Отан соғысы жыл­дары­ аттары аңызға айналған, бірақ ерліктері лайықты бағасын ала алмаған, фашизмнің ордасына ай­нал­ған Рейхстагқа ең алғашқы ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен даңқты партизан Қасым Қайсеновке, ұш­­қыштар Бақтыораз Бейсекбаев пен Хиуаз Доспановаға «Халық Қа­һар­ма­ны» атағының берілуіне ұлт болып қуанған едік. Осындай игі қадам жұрт­тың жүрек сыздауын тарқат­қаны шындық. Өйткені сұрапыл со­ғыс­­та жау жүрек аталарымыз бен ер жүрек апаларымыз ерліктің жала­уын көтеріп, Же­ңістің туын тікті. Бұл қасиетті қазақ жерінен шыққан жау­жүрек ба­тыр­лар­дың ерлікке толы же­ңіс­ті жолы еді. Сондықтан да, теңдесі жоқ бұл соғыстың бағасы, ол сол ба­тыр­лар әкелген – Ұлы Жеңіспен ерек­ше­ленді.

Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің тари­хи мақаласында «Ұлы Отан соғы­сы кезінде көрсеткен ерлігі үшін 12 777 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алыпты» деген мәліметті кел­ті­ре отырып, оның ішінде 104 қа­зақтың сол заманның айбынды атағына ие болғанын көрсетіп отыр. Осылай өз ойын өкінішпен жалғастыра білген автор осы жоғары атаққа өте лайық деп танылып, ұсынылған (кейбірі бірнеше рет) ұлтымыздың батыр баба­ла­рының рухынан нәр алған, туған Отанын қорғауға берген антына адал­дық танытқан ұлтымыздың ерен ұлда­ры­ның аты-жөндері белгісіз жағдайда «сызылып» кете барғанын әскери мұ­ра­­ғаттарда сақталған сарғайған құ­жат­тар арқылы дәлелдеп отыр. Соның бірегейі, ерлігі майдан даласын аңызға бөлеген Мәншүктей Шығыстың аяулы батыр қызымен иық тіресіп, Невель қаласын жаудан қорғап, қаза болған Ыбырайым Сүлейменов еді.

Дана халқымызда «Батырсыз ха­лық, өжет ұлсыз ел болмайды» де­ген дара сөз бар. Ал кешегі аттары аңызға айналған, Екінші дүние­жү­­з­ілік соғыстың бел ортасынан келген Балтабай Адамбаев, Қасым Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов сынды соғыстың «ащы дәмін еріксіз татқан» Ыбырайым Сүлейменовтің көзін көрген қаруластары оның ерлі­гі­не лайықты баға берілуін соңғы демдері таусылғанша айтып өткеніне ел куә. Аңыз адам Қасым Қайсенов қасиетті Әулиеата жұрты қадірлеген Жатай Жұмаділовпен бірге Жамбыл қаласы (қазіргі Тараз) мен Ыбырайым Сүлейменовтің елі Сарысу ауданына дейін барып, батыр ұлдың ерлігін ел ішінде кеңінен насихаттап, есімін ұлықтау мәселесін көтеріп кеткен еді.

Соғыс жылдары әрбір жауын­ге­рінің ерлігіне әділ бағасын беруге ұмтылған генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, генерал-майорлар А.И.Литвинов пен Ф.Я.Зуев сынды әскер басылардың Ы.Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры сияқты мәртебелі атаққа шын пейілдерімен ұсынғандарымен,  назардан тыс қала бергені өкінішті-ақ. Ал қабырғалы қоғам 1418 күнге созылған қан май­дан­дағы Жеңіс кү­нін жақындатқан әрбір жауынгердің жан­қияр ерлігіне жетпіс жылдан астам уа­қыт бас иіп, тағзым етуден жаңылған емес.

Дегенмен, осы уақыт мезгіліне дейін сол шежіреге толған шерлі құ­жат­тар көрсетіп отырғандай, сол атақ­тың Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дары айрықша ерліктің ерен үлгі­сін көрсеткен бар қазаққа ортақ снай­пер Ыбырайым Сүлейменовке бұйыр­ма­ға­нын елі іші жақсы біліп келді.

Ұзақ іздену мен тапжылмай тия­нақ­ты зерттеулердің арқасында осы бір қастерлі дүниені біртуар азама­ты­мыз Мұхтар Абрарұлы қайта көтеріп, ұлта­рақтай жер үшін жаға жыртысып, бастарын Отан үшін, ұрпақ бола­шағы үшін өлімге тіккен Қызыл армия жауынгерлері қатарында 289 жаудың көзін жойған Ыбырайым Сүлей­ме­нов­тің алдындағы қарызымыз бен батырын қашан да төбесіне көтеріп ар­дақтап құрметтей білген туған хал­қымыздың алдындағы парызын асқақ­та­та ақтап отыр. Ендігі жерде батырын іздеген, ерлігін қайта дәріптеген асыл азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің енбегі жансын демекпін.

Енді, міне, биылғы Ұлы дала елі­нің табалдырығын аттаған ел тәуел­сіздігінің 30 жылдық мерейлі жылында туған халқымыз ұзақ жылдар күткен «асқан ерлік ескірмей», оған деген сенім жоғалмай, денесі жат жерде қалғанымен, рухы қазақ орта­сынан кетпеген Ыбырайымдай есіл ердің ерлігі «Халық Қаһарманы» ата­ғы­мен ерекшелене түседі деген үміт алдымызға қайта оралып отыр. Ендігі жерде бұл ардақты атақ еліміздің ертеңі мен ұлтымыздың болашағына ие болар жас буын жастарымызға аса қажет екені даусыз. Өйткені ерлік – ұлтқа мұра, ұрпаққа өнеге. Ол – ұлт­жан­дылыққа тәрбиелеудің темір­қа­зығы.

Ел жадынан, ұрпақ жүрегінен орын алар Екінші дүниежүзілік соғыс­тың өшпес тарихы да, ондағы батыр­лық бейнесі бөлек Ыбырайым Сүлей­ме­новтей әрбір Жеңіс солдатының есім­де­рі де заманымызбен үндесіп, ұрпа­ғымыздың саналы ойымен сабақ­та­сып, ұмытылмасы хақ. Тарих таразысына түскен сол шуақты күндеріміз бен жақ­сы жаңалық күтетін сәрсенбілі сәтіміз жақын болғай!

 

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ

ТАРАЗ