• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Ақпан, 2021

Мұқағалидің «Ғашық жүрегі»

1181 рет
көрсетілді

Биыл қазақ поэзиясының падишаһы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы. Өлең өлкесінің айтулы оқиғасына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Ғашық жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымын көрермен назарына ұсынды. Композиция авторы әрі режиссері – Аман Ғұмаров.

Театр актерлері қала тұр­ғындары мен қонақтарына үйлесімділік пен тартымды режиссерлік компоненттерден құрылған тамаша музыкалық кеш сыйлады.

– Театрымыздың көрермендерін қа­зақ поэзиясының ақиық ақыны М.Мақа­­таевтың өлеңдерімен жаңашыл ба­ғыт­та, жастар көзқарасында таныстыру­ды жөн санадық. «Ғашық жүрек» қойы­лымы өлеңдер арқылы ақынның бүкіл болмысын көрсетеді. Қазір қоғамда «Жас­тар ­поэзияны оқымайды, өлеңді көп түсін­бейді» деген кереғар ұғым бар. Сон­дықтан да осы сахналанып жатқан қойылым ерекше шынайы сезімдерді тарқататын болады. Жас ұрпақтың бо­йында ақын шы­ғармашылығы туралы ерекше ой қалып­тастырады деп сенемін, – деді театр директоры Асхат Маемиров.

Иә, поэзия мен Мұқағали, ақын өз өлеңінде толғанғанындай, егіз ұғымға айналып кеткені рас. Өлең десе, поэ­зия десе бірден ойымызға келе қалатын тұл­ға­лардың бірі де осы Мұқағали екені анық. Сондықтан да халқымыздың асыл пер­зентінің, әдебиетіміздегі үлкен сурет­кердің есімі әрқашан да ел есінде жүруі тиіс. Осы мақсатты ұстанған та­лантты театр ұжымы «Ғашық жү­рек» қойылымы арқылы өлеңсүйер кө­рер­меннің көңіл пернесіне бойлады.

Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазыбек Есқара, ал оның досы Шәмілдің рөлін Ерназар Жаңа­тілек кейіптеді. Көпшілік сахнада театрдың жас әртістері өнер көр­сет­ті. Болат Жолдасов музыкасын әр­ле­ген қойылымда театр оркестрінің сүйемелдеуімен мұзбалақ ақынның «Есіңе мені алғайсың!», «Күн қайда», «Ана, сен бақыттысың», «Жапы­рақ жүрек жас қайың», «Отыздан асып барамын», «Күрең күз», «Бақыт деген», «Сәби болғым келеді», «Қайран жеңгем», «Қазақстаным» шығармалары және одан бөлек «Алтай-Атырау» поэмасы, сондай-ақ «Бақыт деген не өзі?!», «Шыда, шы­да», «Сүйеді екем», «Шәміл-ау» және тағы да басқа поэзиялары оқылды.

Спектакль соңында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, жас театр ұжымына жүрекжарды лебізін білдірді:

– Бүгін қазақтың қара өлеңінің үлкен құдіретін танытқан ақын – Мұқағали Ма­қатаевтың шығармашылығы үшін, құрметі үшін, аруағы үшін осындай қо­йылым көрсетілді. Адам өзі өлеңді та­зару үшін оқиды деп ойлаймын. Адам­ның санасын, көңіл күйін дәл осы өлең­дей, күйдей тазартатын құдірет жоқ шы­ғар. Сондықтан жастарымыз өлең оқып өссе, біздің әдебиетімізді танып біл­се, еліміздің келешегі зор болады. Біз осы ­театр ашылғаннан бері тұрақты көрер­меніне айналдық, – деді жазушы.

Осылайша ұлы ақын шығармалары ­театр сахнасы арқылы болашаққа мәң­­гілік жол салды. Оны ақын поэзия­сын шабыттана оқыған жастардың жа­лын­­ды жанры және бір мәрте айқын сезін­діргендей. Қойылымнан шын мә­нінде өзі жайлы өзі айтып кеткен ақын жүрегінің үнін есті­гендей болдық. Ол – Мұқағалидің «Ғашық жүрегі»!