• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Ақпан, 2021

Мәңгілік махаббат жыры

789 рет
көрсетілді

Елордалық Жастар театрының ақпан айында көрерменіне ұсын­ған тамаша тартуы – «Таптым... Ғашық болдым... Жо­ғалттым...» мюзиклі. Айтулы шығарма жазушы, драматург Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» әңгімесінің желісінде сахнаға жол тартты. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Нұрқанат Жа­қыпбай.

«Таптым... Ғашық болдым... Жо­ғалт­тым...» – махаббат пен өнердің мәң­гі­лік жарастығының жемісі, сұлулық жай­лы серенада. Құйрықты жұлдыздай кел­те қайырылған қысқа ғана ғұмырында өнер­дің – сөз өнерінің сыры мен сымба­тын кемеліне келтіре жырлаған қа­ламгер­­­дің сахна әлеміне орнатқан өлмес ескерткі­­ші, шығармашылық шарықтау шыңы.

Ыстықкөлге демалуға келген Сурет­ші жағалаудан өзінің қиялындағы Сұлуын жолықтырады. Алайда махаббат бар жерде қарсылықтың да қатар жүретін аксиомасы бұл оқиғадан да айналып өтпейді: Сұлудың некелі жары бар екен. Бірақ сүйген жан үшін бұл да кедергі болмайды. Шынайы ғашықтық сезімнің жалынына шарпылған Суретші Сұлуын өмір бойы қиялында сақтайды. Мәңгілік махабба­­ттың белгісі ретінде өлмес туындысын өмір­ге әкеледі. Яғни автор өнердің шыңын махаббаттан, шынайы сезімнен іздейді. Режиссер де автордың айтпақ ойын дөп таныған.

Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен лирикалық спектакльдегі жүрек қылын шертетін әуезді музыка, ұтымды табылған режиссерлік шешім, актерлік шебер ойын көп көңілінде жатталды. Қойылымда басты рөлді, яғни Сұлу мен Суретші бейнесін Жастар театрының талантты актерлері – Назерке Серікболова мен Мейірғат Амангелдин тамаша түр­лендіріпті. Мұнда басы артық сөз жоқ. Тек әсем қимыл мен әуезді музыка ғана бар. Сахнада сұлулық салтанат құрады.

Шымылдық ашылған сәттегі айна­дай толқып жатқан көлдің мөлдір кел­беті – ғашық жанның дірілшіл көңі­лі­нің көрінісіндей. Сүйген жүректің кір­шіксіз пейілімен, тағатсыз сезімімен жараса да, жарыса да толассыз толқиды. Қойылымның тазалығы сондай, қыбыр етсең, осы бір мөлдір әлемнен ажырап қалатындай, сәл дауысыңды қат­ты шығарсаң, әсемдікпен маталып, сұлу­лыққа тұмшаланған мынау ап­пақ дүниенің күл-паршасы шығып ша­ғы­лардай бір сағат бойы деміңізді іші­ңізге тартып, аялай тамашалайсыз. Ре­жис­сер Нұрқанат Жақыпбай мен сце­нограф Қабыл Халы­қов тандемінің ең әуелгі ұтқан тұсы да осы. Көлдің тол­қыны мен сезім толқынын ­шебер шен­дестіре алуында. Сахнада желкенді ке­меден өзге басы артық қарайған дү­ние жоқ. Суреткер бар басымдықты кеңіс­тікке бергені бірден байқалады. Сол арқылы актерлердің ішкі тынысын ашып, қиял кеңістігіне еркін бойлатып, психологиялық паузаларға екпін түсір­гісі келген және ол ұйғарымы бейнелі түрде өте сәтті шешілген біздіңше.

Жалпы, қойылымның эстетикалық, рухани қуаты мықты, күрделі психо­ло­гиялық ситуацияларды ұтымды жет­кізеді. Режиссердің өзіне ғана тән қол­таңба­сы, лирикалық, романтикалық табиғаты алғашқы көріністен-ақ дараланады. Біз тамашалаған «Таптым... Ғашық болдым... Жоғалттым...» мюзиклінің өн бойында сұлулық бар, тазалық бар, сезім бар. Жүрек толқытатын, сезімді қозғайтын тұстары мол. Қойылымды бейтарап, бейқам отырып тамашалау мүмкін емес. Көңіл пернелеріне басып, өмірге қайта ғашық қылатын сәттері көп және ең бастысы, қойылым тұрмыстық емес. Қарабайыр суреттеу мен қара­пайым шешімдер шымылдықтың артында қалған да, саф сұлу өнер алғашқы орынға шыққан. Автор да, режиссер де махаббаттың мәнін осыдан іздейді. Бір сағат бойы сезім сырын жыр еткен қойылымның мәні де, Сұлу мен Су­ретшінің арасындағы махаббат­тың дәнекері де, бәлкім, осы ғана – өнер­ге, сұлулыққа деген іңкәрлік...