Кеше футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финал ойындарының тағы екі матчы өтті. Португалияның «Порту» клубы өз алаңында «Ювентусті» жеңсе, «Севилья» өз алаңында өткен тартысты кездесуде «Боруссия Д» командасына есе жіберді.
Италия чемпионатының ең кейінгі ойынында «Наполиден» жеңілген «Ювентустің» бұл жолы «Португе» әлі келмеді. Ал «Порту» төрт тең ойыннан кейін бірінші рет жеңіске жетіп отыр. Португалиядағы «Драгау» стадионында өткен матчта алаң иелері екі таймның алғашқы минутында жылдам гол соғып, маңызды жеңісіне қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 1-минутта Мехди Тареми, 46-минутта Мусса Марега мергендігімен көзге түсті. Қонақтардан 82-минутта Федерико Кьеза бір голмен жауап қатты.
Қатар өткен екінші матчта «Боруссия Д» қонақта «Севилья» клубынан 3:2 есебімен басым түсті. Дортмундтық командадан Эрлинг Холанд дубльдің авторы атанса, Махмуда Дауда командасының үшінші голын соқты. Испаниялықтардан Сусо мен Люк де Йонг өз аттарын таблоға жаздыртты.