Нұр-Сұлтан қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен Instagram парақшасында ел астанасында жаңа амфитеатр ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Биыл қала тұрғындарының өтініші бойынша Президенттік саябақта жаңа амфитеатр пайда болады. Амфитеатр би қойылымдарын, спектакльдерді, концерттерді және ашық аспан астында түрлі қалалық іс-шараларды өткізуге арналған алаң болады», - деп жазды орталық басшысы.
Ол өз сөзінде каскадты қадамдар жүйесін қолданыстағы рельефке біріктіруді және ағын тікелей сахнаға өтетін шатыр құрылымымен жабу жоспарланып отырғанын мәлім етті.
«Сахна алаңы көше билерін өткізуге арналатын болады. Бізде би студияларымен және Чирлидинг федерациясымен келісім бар, олар би үйірмелері мен жарыстарға арналған алаңды пайдалана алады. Бұл жоба тұрғындарымыздың сезімін, ішкі толғанысын білдіре алатын, сол сияқты өзара әлеуметтік қарым-қатынасын нығайта алатын орынға айналады деп сенеміз», - дейді Елнар Базыкен.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл елордада жұрт қызығарлық жаңа орындар ашылатынын мәлім еткен болатын. Қала әкімі биыл бас шаһарда тағы бір жағажай ашылатынын, сол сияқты Оқушылар сарайының жанында тағы бір скейт-саябақ қоныс тебетінін, ал Триатлон паркте спорт павильоны ашылатынын айта келе, былтыр жұртшылық көңілінен шыққан жаңа қоғамдық кеңістіктер биыл да пайда болатынын атап өтті. Сонымен қатар қаланы абаттандыру биыл да жалғасатынын жеткізді.
Алтай Көлгінов өз сөзінде «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қаланы бірлесіп дамыту және жайлы ету үшін BIRGE (BIRGE) сайты іске қосылғанын, ол жерде елордалықтар түрлі бағыттар бойынша ұсыныстары мен көзқарастарын білдіре алатынын атап өткен.