• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Желтоқсан, 2013

«Азаматтық абыройым қымбат»

253 рет
көрсетілді

Жыл түйінделетін сәтке де жеттік. Не нәрсеге қолымыз жетті? «Әттеген-ай» дейтін тұсымыз қайсы? Осылайша, ой жіберсеңіз бір жылда атқарылған істің бәрі кино лентасындай болып көз алдыңыздан көлбеңдей береді. Дегенмен, солардың ішінде өңір үшін ең елеулісі ретінде бір мәселеге тоқталамыз. Биыл Қызылорда облысында күріштен рекордтық өнім жиналды. Тәуелсіздік алғаннан бері мұнша көлемде астық қамбаға құйылмапты. Бұл да Жаратқанның бергені, елдің, мемлекеттің жылдан жылға өсіп-өркендеп келе жатқанының белгісі. Осы ретте аймақта күріш шаруашылығымен дендеп айналысып келе жатқан бір компания бар. Ол – «Абзал және К» толық серіктестігі. Биылғы рекордтық көрсеткішке аталған серіктестіктің қосқан үлесі де аз емес. Сондықтан біз бүгін аталған компанияның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен сұхбаттасуды жөн санадық.

Жыл түйінделетін сәтке де жеттік. Не нәрсеге қолымыз жетті? «Әттеген-ай» дейтін тұсымыз қайсы? Осылайша, ой жіберсеңіз бір жылда атқарылған істің бәрі кино лентасындай болып көз алдыңыздан көлбеңдей береді. Дегенмен, солардың ішінде өңір үшін ең елеулісі ретінде бір мәселеге тоқталамыз. Биыл Қызылорда облысында күріштен рекордтық өнім жиналды. Тәуелсіздік алғаннан бері мұнша көлемде астық қамбаға құйылмапты. Бұл да Жаратқанның бергені, елдің, мемлекеттің жылдан жылға өсіп-өркендеп келе жатқанының белгісі. Осы ретте аймақта күріш шаруашылығымен дендеп айналысып келе жатқан бір компания бар. Ол – «Абзал және К» толық серіктестігі. Биылғы рекордтық көрсеткішке аталған серіктестіктің қосқан үлесі де аз емес. Сондықтан біз бүгін аталған компанияның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен сұхбаттасуды жөн санадық.

– Биыл өңірде рекордтық өнім жиналды. Осының жай-жап­сары туралы не айта аласыз?

– Биыл Қызылорда облысы үшін өте табысты жыл болды. Өздеріңізге белгілі, биыл гектарынан 48,9 центнерден өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Ал «бұл көрсеткіштің негізі неде жатыр?» дегенге келсек, онда алдымен басшылықтың дұрыс көзқарасының арқасында деуге болады. Жылдың басында аймаққа Қырымбек Елеуұлы әкім болып тағайындалды. Ол кісі облыстағы алғашқы жұмыс­тарының бірі ретінде әрбір саланы дамытуға арналған кластерлер құрудан бастады. Соның арқасында күріш шаруашылығын дамытуға арналған жоба өмірге келді. Осылайша, осы саладағы нақты проблемалар анықталып, оны жоюдың жолдары тез арада қарастырылды. Субсидияны көтеруде де үлкен қажырлылық танытты. Осы секілді жасалған нақты жұмыстар нәтижесіз болмады. Егін орағының соңында толайым табысқа жеттік. Екінші жағынан, қазіргі кезді Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстыра алмайсыз. Ол заман қиын еді. Техника жетіспейтін, тұқымдық аз болатын. Қаржы тіпті жоқ еді десек те болады. Міне, 22 жылда ел еңсесін тіктеді. Бүгінде күріш шаруашылығымен дендеп айналысатын адамға біршама жағдай жасалды. Тағы бір айта кетерлігі, күріш те бала сияқты. Мысалы, балаға үйде дұрыс тәлім-тәрбие беріп, жөнді тамақтандырып, мінез-құлқын қадағалап отырсаңыз, жақсы азамат ретінде қалыптасады. Сол сияқты күріштің де өзі «жейтін» тамақтары болады. Айталық, азот күрішке кәдімгідей күш береді. Фосфор болса, дәнді нығайтады. Адамның да мықты болуы үшін сүйегі қатаюы керек емес пе? Бұл да сондай. Ал кальций күріштің иммунитетін көтереді. Суды берудің де өзіндік тәсілі бар. Қысқасы, бұл да бір үлкен ғылым. Бала тәрбиесі секілді дегенім де сол. Мәселен, бір минералдық тыңайтқышты көп беріп, екіншісін тіпті бермей қойсаң, күріш өледі. Баланы да дұрыс тамақтандырмай, жөнді қарамай, бетімен жіберсеңіз не болады? Тағдыры қиындап кетеді ғой. Ал оны мәпелеп өсірсеңіз, онда үлкен азаматты өсіріп, қоғамға пайдалы адамды тәрбиелеп шығасыз. Міне, сондықтан күрішке де сондай көзқарас керек. Осы тұрғыдан келгенде, біздің диқандар да күріш өсірудің қыр-сырын әбден меңгерген. Биылғы рекордтық өнім соның бір дәлелі.

– Осы ретте сіздің компания да аталған көрсеткішке едәуір үлес қосты. Ал «Абзал және К» серіктестігінің бүгінгі техникалық-материалдық базасы қандай?

– Шамамыз жеткенше жыл сайын техникамызды жаңартып отыруға тырысып жатамыз. Соның өзінде жеткізбейді. Биыл біз «ҚазАгроҚаржы» арқылы 210 миллион теңгеге техника алдық. Дегенмен, өнімді шашпай-төкпей жинап алуда басты фактор техникаға келіп тірелмейді. Мысалы, Ресейдің Краснодар аймағы біз секілді күріш шаруашылығымен айналысады. Сол елде өндірілетін күріштің 85 пайызын Краснодар аймағы егеді. Сондағы бір диқан 10 күнде күрішті сеуіп шыққан. Сосын орақ кезінде 25 күннің ішінде жинап алған. Нәтижесінде гектарынан 97,7 центнерден өнім жинаған. Өйткені, оған аймақтың ауа райы болысып тұр. Ал бізде ондай жоқ. Мәселен, Краснодарда жазда күн 30 градусқа дейін ысиды. Қызылорда облысында 40 градустан жоғары болып тұрады. Бұл тұрғыда қай аймақтың жұмыс өнімділігі жақсы болады? Әрине, біздікі емес. Екіншіден, олардың топырағы өте құнарлы. Себебі, ол курорттық аймақ. Үшіншіден, олардың жері теп-тегіс. Инфрақұрылым жасалған. Бізде бір жер биік болса, екінші жағы төмен. Ал оған су бірдей бармайды. Сосын өнімділік мәселесіне келгенде, олардың бізден жоғары тұратыны анық. Осындай факторлар бар. Дегенмен, мұның барлығы уақыт өте келе реттелетін, жүйеге түсетін дүниелер. Біз әлі ол күнге де жетеміз. Сондықтан осы алған бағытымыздан айнымай жұмыс істей берсек, онда алда бізді әлі талай жетістіктер күтіп тұр.

– Қазақстанда өндірілген күріш пен Вьетнамнан әкелінген күріштің бағасы бірдей екен. Осы ретте «соншама шығынданып өзіміз күріш еккенше оны неге сол Вьетнамнан сатып алып отырмаймыз?» деген пікір бар. Сіз бұған не дейсіз?

–  Біз бұл мәселені зерттедік. Вьетнамда күрішті үш рет орып алады екен. Қыс болмайды ғой. Былайша қарағанның өзінде, күріш 120 күнде піседі. Ал оны үшке көбейтіп жіберсеңіз 360 күн болады. Сосын бір гектарға бір адам қарайды. Өйткені, онда жұмыс күші арзан және жеткілікті. Ал біз оны көтере алмаймыз. Біз 4400 гектар жерге 360 адамды бекітіп отырмыз. Құдайға шүкір, соның өзінде өнімділігіміз кеміп жатқан жоқ. Дегенмен, бір гектарға бір адам қараған жерден өнім көп шыға ма, әлде отыз гектарға бір адам бекітілген егістіктен бе? Айырмасын мен айтпасам да біліп отырсыз. Содан Вьетнамнан күріш жеткізу мәселесін сұрадық. Олар Шымкентке дейін жеткізіп бере алатындарын айтты. Ал ол күріш Вьетнамнан шығып бүкіл Қытайды басып өтіп, Шымкентке жетеді екен. Сонда о жақтан келетін күріштің килосын 120-125 теңгеге шығатын көрінеді. Біздің бағамыз да осы шамалас. Осылай салыстырғанда, көп адамның жаңағы сіз айтқан пікірде болатыны анық. Бірақ мұның сыртында басқа мәселе бар екендігін ұмытпауымыз керек. 80-жылдардың соңына қарай тоқырау келгенін білесіз. Дүкендердің сөрелерінде түк қалмады. Қалтаңда ақшаң болғанмен, ештеңе сатып ала алмайтын жағдай қалыптасты. Сонда Кеңес өкіметінің басшылығына Австралиядан ұсыныс түседі. «1 миллион қойды су тегін күйінде алып кетіңдер» деген. Бірақ КСРО басшылығы оған келіспейді. Неге? Өйткені, 1 миллион қойды әкелемін дегенше, оның жолына кететін ақша қойдың құнынан асып кетеді. Сол секілді, бүгін де Вьетнам бізге күріштің килосын 70-80 теңгеден алыңдар деуі мүмкін. Десек те келер жылы бағасын 100 теңгеге көтермейді дей алмайсыз. Ал одан арғы жылы 200 теңге қылмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті, өзімізге жетпей жатыр деп сатпай қойса қайтесіз? Сондықтан бұлай ойлаудың өзі қате дер едік. Мемлекет болғасын біз халықты өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Бұдан бөлек, күріш егуді тоқтатсақ, онда бірден жердің соры шығып кетеді. Екіншіден, күріштің сыртында талай адам бау-бақша егумен айналысып, күн көріп жатыр. Оларға да қиын тиеді. Үшіншіден, күріш шаруашылығымен айналысып жатқан көптеген адамға жаңа жұмыс орындарын ашуға тура келеді.

– Сіз өзіңізді мықты менеджер, ұйымдастырушы ретінде дәлелдеген адамсыз. Оны облыс қана емес, республика жұртшылығы біледі. Осы қасиеттеріңізді ескеріп, мемлекеттік қызметке шақырса, барасыз ба?

– Менің негізгі мамандығым құрылысшы ғой. Дегенмен, күріш шаруашылығымен айналысқаныма жиырма жылдан асты. Осы саланың ұңғыл-шұңғылын, кедір-бұдырын, бәрін білемін деп ойлаймын. Оның үстіне осы кәсіп арқылы Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдарына көмек көрсетіп, қалалық типтегі елді мекенге айналдырамыз деп әрекет етіп жатырмыз. Мәселеге осылай қарағанда, мен кәсіпкерлік саласында жүріп елге көп пайда келтіретін сияқтымын. Ал мемлекеттік қызметке де еп керек. Осы жасқа келгенде мемлекеттік қызметтің иіріміне түсу де аса оңай шаруалардың қатарынан емес секілді. Өзіме артылған жүк пен жауапкершілікті өз дәрежесінде атқара алмай қалып, абыройсыз атанғым келмейді. Өйткені, маған бәрінен бұрын азаматтық абыройым қымбат.

Әңгімелескен

 Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.

 

Соңғы жаңалықтар