Қай өңірде болмасын артына із қалдырған азаматтар баршылық. Еліне еңбегімен еленген, ұлағатымен ұрпақтарының ыстық ықыласына бөленген мұндай азаматтардың өмірден өткенмен, көңілден кетпейтіні де сондықтан. Жақында Ақши ауылындағы М.Төлегенов атындағы орта мектепте бұрынғылардан гөрі өзгеше бір шара ұйымдастырылды.
Осы білім ұясында Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері Сейітқали Қожабековты еске алуға арналған география пәнінен 5-11 сынып оқушылары арасында мектепішілік олимпиада өткізілді. Оның өзгешелігі сол – бұл өңірде білім шуағын шашқан ұстаздың ұлағатын кейінгі ұрпақ жадында жаңғырту арқылы жастардың білім-ғылымға деген ынтасын арттыруға бағытталғаны. Олимпиаданың салтанатты ашылуында ұлағатты ұстаз туралы естеліктер айтылды, «Өнегелі жанның өмір жолы» деген шағын бейнебаян көрсетілді, «Ұстаз тағылымы» атты көрме ұйымдастырылды. Оқушылар бұл шаралардан Сейітқали Қожабековтың еңбек жолын №5 Сулықопа ауылдық кеңесінде хатшы болып бастағанын, Тымабұлақ орталау мектебінде оқытушы болғанын, бір ғана Қызыл партизан орталау мектебінде отыз жылдай ұстаздық еткенін, Ақтөбе педагогикалық училищесін, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе оқытушылар институтын тәмамдағанын және Ұлы Отан соғысының ардагері екенін білді.
Пәндік олимпиадаға 36 оқушы қатысты. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған он сегіз оқушы бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен және С.Қожабековтың қызы Дания Мектепбаева бастаған ұрпақтары дайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұрпақтары мектепке де сый-сияпат жасады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы.