Тарих ғылымы басқа гуманитарлық ғылымдармен салыстырғанда, мемлекет тарапынан әділетті қолдауға аса мұқтаж. Мұның себебі өткен ғасырда оның шын мәнінде «сарай ғылымына» айналып, тоталитарлық жүйенің біржақты саясатын бұқара арасында насихаттаушы қуатты идеологиялық құралға айналуында жатыр. Шүкіршілік, еліміз тәуелсіздік алған соң тарихымыз да саяси еркіндікке, рухани дербестікке қол жеткізді. Енді тарихшылар ақиқатқа негізделген тәуелсіз ойларын өз зерттеулерінде қаймықпай, жалтақтамай жаза алатын жаңа заман мүмкіндігіне ие болды.
Тәуелсіздік бұрын қоғам назарынан барынша жасырын, әдейі де қасақана, қағаберіс ұсталған жаңа тарихи тақырыптарды зерттеуге жол ашты. Осындай маңызды мәселенің бірі – Қазақстандағы ашаршылық тарихы еді. Мемлекеттік органдар арасында мұны ең алдымен түсінген Қазақстан өкіметі болды. Парламент 1992 жылы-ақ бұл мәселеге баса мән беріп, арнайы мемлекеттік комиссия ұйымдастырып, оның алғашқы тұжырымдарын халыққа ұсынған болатын. Онда негізінен ашаршылықтың себептерін, сипатын және ауыр салдарларын анықтауға байланысты өзіндік, жаңа қадамдар жасалды. Сонымен қатар осы алғашқы Парламент комиссиясы бұл мәселе әлі де тиянақты түрде жан-жақты зерттелуі тиіс екендігін ескертті. Алайда тарихымызда зерттелмеген басқа да ақтаңдақтардың көп болуына байланысты бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы көңіл бөліп, еңбектерінде бірнеше рет атап көрсеткеніне қарамастан, тарих ғылымында осы тақырыптағы жүйелі зерттеулер өз деңгейінде бола қоймады. Мұның ғалымдардың дайындығына қатысты субъективті себептері де бар еді. Ғылыми орта тәуелсіздікпен келген тосын үдерістерге жедел бейімделе алмай, жекелеген ғалымдар ғана осы бағыттағы өздерінің ғылыми ізденістерін қоғам назарына ұсына алды.
Енді, міне, осыны байқаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам назарын тарихымыздағы аса қасіретті мәселеге қайта аударып отыр. Мұндайда мемлекеттік басқарушы және заң шығарушы органдар арасында Сенат депутаттарының белсенділік танытып, ғалымдармен бірге жақында ғана астанада «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастыруы, яғни маңызды мәселеге тағы да арнайы қозғау салуы қуантады. Осы қажетті іс-шараны кіріспе сөзімен ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық апатын «адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті» ретінде сипаттай келе, оны тарихымызды «саясиландырмай, ең алдымен оған ғылыми тұрғыдан» қарауды ұсынды. Өте орынды айтылған пікір қоғамда түсіністікпен қабылдануы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені кезінде тарихшылар саяси көзқарастар жетегінде кеткен, тарихтың ақиқатын анықтауға саясат кедергі келтірген, сондықтан да тіптен ащы шындық туралы ғалымдар ауыз ашпаған немесе тарихи зерттеулерде көпе-көрінеу бұрмаланған кезеңді де бастан өткіздік емес пе?
Оның үстіне ашаршылық тәрізді, негізінен алғанда, қазақтың дәстүрлі қоғамын күшпен қиратудан туындаған аса ауыр және қасіретті мәселені қозғағанда оның бәрінен бұрын бұрынғы тоталитарлық жүйенің әлеуметтік-шаруашылық оспадар қате және солақай реформаларының салдары екендігін ұмытуға тиіс емеспіз. Мұндай мәселелерді саясиландыру немесе идеологияландыру ақиқатқа апарар жолды қиындата түседі. Осы қырғындағы негізгі құрбандық қарапайым, саясаттан алыс қазақ халқының қалың бұқарасы болуы да бұл мәселені саясиландыруға әуестенбеуге шақыратындай. Тарихымыздағы осы ауыр мәселе тарих ғылымында шынайы қорытынды жасауға мұқтаж екендігін мойындауымыз тиіс.
Рас, тәуелсіздік тұсында ашаршылықты зерттеуде біраз жұмыс жасалды. Тіптен бұл бағыттағы шетелдік зерттеушілердің зерттеулеріне де көңіл бөліне бастады. Ғалымдарымыз кезінде америкалық Роберт Конквесттің еңбектерінен ғана хабардар болып келген болса, тәуелсіздік тұсында осы мәселеге қатысты Роберт Киндлердің, Стивен Уиткрофтың, Роберт Дэвистің, Николо Пианчеллоның, Сара Камеронның және басқалардың еңбектерімен, көзқарастарымен танысуға да мүмкіндік алды. Алайда қазақ болмысын жақсы біле бермейтін мұндай ғалымдардың көзқарастары оларға сын көзбен қарауды да қажет ететінін айта кеткеніміз жөн. Олардың арасында қазақ тілінде сөйлей алатыны – жалғыз Сара Камерон. Дегенмен шетелдіктерден де үйренетін нәрсе баршылық. Олар әдетте осы мәселені саясиландырудан қашқақтайды және қазақ ашаршылығын басқа аймақтардағы (Украинадағы, Еділ бойындағы, Солтүстік Кавказдағы) осындай қасіреттермен салыстыра кең ауқымда қарастыруға бейім. Мұның өзі қазақ даласында орын алған зұлматқа сырт көзбен қарап, мәселенің субъективті және объективті себептерін айқындай түсуге мүмкіндік береді.
Қалай десек те, ашаршылық тақырыбын қарастырғанда, Сенат Төрағасының атап көрсеткеніндей, бәрінен бұрын «ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек. Себебі халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады. Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек».
Қорыта айтқанда, Президентіміздің осы мәселеге қатысты арнайы пікір білдіріп, өткір тақырыпты жаңаша зерттеуге шақыруы, оны Сенат депутаттарының нақты іс-әрекетпен қолдауы бізді, зерттеушілерді жаңа ізденістерге ұмтылдырып, әсіресе тарихшылар арасында қайшылықты да ауыртпалыққа толы тарихымызды анықтай түсуге деген құлшыныс туғызары сөзсіз.
Талас ОМАРБЕКОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі