• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Ақпан, 2021

Алматы әкімі тоғыз қабатты жатақхананың құрылысын тоқтатты

432 рет
көрсетілді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындардың шағымынан кейін тоғыз қабатты жатақхананың құрылысын тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы қаласының Әуезов ауданындағы «Алтын бесік» ықшамауданының тұрғындары 17 ақпанда өткен әкімнің есептік кездесуінде жатақхана салу жоспарын қайта қарау туралы өтініш айтып, құрылыс алаңына шақырған болатын.

«Аталған жерге барып, Алматы технологиялық университетінің студенттеріне арналған жатақхана ғимаратына жер телімін беру туралы қаулының күшін жою туралы шешім қабылдадым. Жуырда студенттік үй үшін басқа қолайлы жер қарастырамыз», деп жазды Instagram-дағы парақшасында Б.Сағынтаев.

Қала әкімі енді бұл жерге 120 орындық балабақша, спорт және воркаут алаңдары салынатынын жеткізді.

«Ата-аналар балаларға арналған қосымша оқыту мен дамыту орталықтарын құру қажеттігін айтты. Бұл ретте «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубтарының тәжірибесі негізінде тегін үйірмелер мен спорт секцияларын ашамыз», деп атап өтті Алматы әкімі.

Әуезов ауданына жұмыс сапары барысында қала әкімі ықшамауданның құрылыс салуға тыйым салынған аймақтарда орналасқан бос жерлерін де қарап шықты. Мұнда жайлы жасыл қоғамдық орындарды құру жоспарланып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Н.Назарбаев даңғылында тұратын тұрғындардың өтініштері бойынша Б.Сағынтаевтың шешімімен тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылған еді.