• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2013

Өңірдің әлеуетін ашу жоспары бекіді

274 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары бекітілді.

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары бекітілді.

Премьер-Министр минерал­дық-шикізат ресурстарына бай аймақ үшін бұл құжаттың маңызды екенін атап өтті. «Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша жасалған бұл кешенді жоспар экономиканы әртараптандыруға ғана емес, сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптерді, алдымен «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарын нақты жаңғыртуға бағытталған», деді Серік Ахметов.

«Кешенді жоспарда қосымша минералдық шикізаттарды іздеп-барлауға байланысты мәселелер басты назарға алынғанын айтқан Серік Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп, аймақтың кен-барлау базасын кеңейту бойынша жұмыс­тарды күшейтуді тапсырды.

Үкімет басшысы Жезқазған аймағын дамытудың зор қарқыны бизнесті, моноқалаларды, жұмыс­пен қамтуды дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырумен тікелей байланысты екендігіне де тоқталды. «Осы бағдарламалар арқылы шағын қалалардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету қажет», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, қазіргі кезде төселіп жат­қан «Жезқазған–Бейнеу», «Жез­қазған–Арқалық» жолдары бойындағы салынып отырған инфрақұрылымдар өңірдің екінші тынысы ашылуына, өз әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік береді. «Мемлекет басшысының осы жөніндегі тапсырмасы бұлжытпай орындалуы тиіс», деді Үкімет басшысы.

Кешенді жоспарға енгізілген өзгерістер туралы жиында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев баяндады. Министрдің айтуынша, осы шаралардың нәтижесінде 2020 жылға қарай өңірде салық түсімі көлемі қосымша 323 млрд. теңгені құрайды, өнеркәсіп өнімі көлемі 32 пайызға артады, шағын және орта бизнес есебінен өндіріс көлемі қосымша 9 пайызға ұлғаяды. Ал «Қазақмыстың» осындағы кәсіпорнының 22 мың жұмыскерінің орташа жалақысы 14 пайызға өседі деп күтілуде. Кешенді жоспар өңірдегі барлық мәселелерді шеше отырып, Жезқазған аймағының елімізде өнеркәсіп өнімдерін өндірудегі бұрынғы алдыңғы қатардағы орнын сақтап қалуды көздейді.

Отырыста, сондай-ақ, Қараған­ды облысының әкімі Б.Әбдішев, «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Э.Огай сөйледі. Баяндамашылар кешенді жоспарды өңірдің дамуы, оның өндірістік әлеуетін нығайту, облыстың одан әрі әлеуметтік-экономикалық өсуі үшін аса маңызды деп бағалады.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар