• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Ақпан, 2021

Озық кәсіпорын – «Родина»

420 рет
көрсетілді

1961 жылдың 26 ақпанында Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің бұйрығымен Целиноград ауданының «Новый быт» және «Большевик» колхоздары­ның біріктірілуі нәтижесінде «Родина» кеңшары құрылды. Биыл Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович Сауэрдің бұл шаруашылықты басқарғанына тура 34 жыл толады. Кезінде осы шаруашылық тізгінін алғаш болып Н.Тимошенко ұстады, одан кейін А.Савенко директор болып тағайындалды. Біріншісі − 12 жыл, соңғысы оған 14 жыл жетекшілік еткен. Бірақ бұл кеңшар сол кездері жақсы көрсеткіштерімен көзге түсе алмады. Тіпті бара-бара шеттетілген ауру-сырқау малдардың ірі фермасына айналғанын да ел ұмыта қойған жоқ.

Ал «Родинаны» жасы 30-ға да жет­пеген Иван Сауэр қолына алған­да шаруашылықтың жұмысы дөң­геленіп сала берді. Іскер азамат артта қалған шаруашылықты алға оздырып, республика бо­йын­ша ең танымал әрі іргелі кәсіп­­орынға айналдырды. Оған Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев көп қолдау көрсеткенін әсте естен шығар­ма­ған абзал.

Сол уақыттан бері елорда маңа­йындағы осы бір ірі шаруа­шылықта үлкен оңтайлы өзгерістер болды. Мәселен, бұдан бірер жыл бұ­рын мұнда сыйымдылығы 20 мың тон­налық астық терминалы пайдалану­ға берілсе, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында желдің күшімен электр қуатын беретін 750 киловаттық генератор орнатылды.

Бас директордың орынбасары Андрей Веревкиннің айтуынша, жыл сайын елордаға жақын орналасқан өңірге Қазақстанның алыс-жақын аймақтарынан келетіндерді есептемегенде, көптеген шетелдік делегация осында ат басын бұрмай кетпейді екен.

«Родина» округінің орталығында орналасқан барлық тұрғын үй бір жылу қазандығымен жылытылады. Ауыз су, электр қуаты, әлеуметтік сала мекемелері тұрғындар үшін тиім­ді жұмыс істеуде. Көшелер, авто­көлік пен жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселіп, электр қуа­тын үнемдейтін заманауи шамдар орнатылған.

Сауэрдің әрбір ісінен адамгер­шілік пен бекзаттық қасиеттерді, нағыз патриотизмнің үлгісін анық сезінуге болады. Нарық заманының қиындығына қарамастан, мұнда жыл сайын жаңа ғимараттар салынып, әлеуметтік-мәдени нысандар күрделі жөндеуден өткізіледі.

2017 жылы Иван Адамович бас­тауыш сынып оқушылары үшін орта мектептің жанынан қосымша жаңа ғимарат тұрғызды. Сонымен қатар дәрігерлік амбулатория мен бала­бақша еурожөндеуден өтті.

Иван Сауэр агрофирма бас­шы­лы­ғының тізгінін ұстаған алғаш­қы күннен-ақ ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс жағдайын жақсартуды өзі­не ең басты міндет етіп алды. Содан бері ол адамдардың өмірін же­ңілдету үшін бірсыпыра ауқым­ды жұмыс атқарды. Күннен күн­ге жаңарып, қарқынды дамыған кәсіп­орынға жұмысқа тұрғысы келе­тіндер де көп.

– Кез келген басшы мықты кадр­ларсыз белгіленген межеге жете алмайды, – дейді Иван Адамович. − Басшының зерделігі мен біліктілігі – креативті ойлау қабілеті жоғары жас мамандарды таңдай білуін­де. Бұл тек бізге ғана емес, арты­на өнегелі із қалдырсам деген ауыл мен аудан басшыларына да қатысты. Осы өңірдегі барлық ауқымды өз­герістің түп-тамыры осындай те­рең мақсат-тілектерден бастау алған.

«Родина» − шын мәнінде қала­лық үлгідегі елді мекен. Олай дей­­тіні­міздің жөні бар. Мысалы, қай ауылда хайуанаттар бағы, еуро­үл­гідегі жабық хоккей корты, мәдени-демалыс саябағы, заманауи кітапхана бар? Мұндай көрне­кі орындар республикамыздың шал­ғай­дағы аудандарын айтпағанда, ірі қалалардың өзінде кездесуі екі­­та­лай. Ал «Родинада» мұның бәрі бар.

– Бізде 1987 жылы тұрғындардың саны 1206 адам, оның 412-сі – зейнеткер болса, биылғы жылы жас кадрлардың келуіне байланысты халық саны 1800-ге жуықтады, − дейді Иван Адамович. – Қазір бюджеттік саланы қоса алғанда, біздің округте 965 адам жұмыспен қамтылған.

Шын мәнінде, «Родина» агрофирмасында бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі 18 млн 300 мың теңгеге жеткен. Орташа жалақы 236 мың теңгені құрайды. Өткен жылы өндірістен түскен таза пайда 3 млрд 600 млн теңге болды.

«Родинаның» елорданың азық-түлік белдеуіне қосып жатқан үлесі де көп. «Күн сайын Нұр-Сұлтан қаласына 56 тоннаға жуық түрлі сүт өнімін жеткіземіз. Ет тапсыру көлемі де 900 тоннаға жетті. 2020 жылы өндірілген сүттің мөлшері 21 мың 678 тоннаны құрады», дейді И.Сауэр.

Сапалы азық-түлік шығаруды қолға алған агрофирма республи­ка­лық байқауда «Алтын сапа» белгі­сіне, «Қараөткел» алтын медаліне екі мәрте ие болған. Сондай-ақ кәсіпорын «Сүт өнімдері» номинациясы бойынша «Халық маркасы», облыстық «Қазақстанның озық тауары» байқауында бірнеше рет жеңімпаз атанды. 2015 жылы «Сала жеңімпазы», 2016 жылы халық­аралық сертификатпен мара­патталған.

Қыс − ауыл тұрғындары үшін өте жауапты кезең. Сондықтан «Ро­дина» агрофирмасының ұжымы нәрлі азық қорын − 80 мың, пішен әзірлеуді 5 мың тоннаға жеткізді. Оған қоса, мұнда жүгері, түрлі микро, макро қоспалардың қоры да қомақты.

Агрофирманың егін шаруашы­лығындағы табыстары да толағай. Егістік алқабы 50 мың гектардан асады. Былтыр диқандар оның әр­бір гектарынан 17,3 центнерден өнім алды.

Аталған агрофирма сауын сиыр­ басын 6 мыңға көбейтіп, оған қоса бордақылауға әрі етті бағыттағы ірі қара малды өсіру үшін 220 бас қа­зақтың ақ бас сиырын сатып алған.

Жоғары сапалы азық-түлік та­уар­лары жергілікті жерде өн­діріле­тін болғандықтан, тұрғындар бұрын­ғыдай мал өсіруге, оның ішін­де ірі қара ұстауға аса ынталы емес. Себебі арзан тамақ өнімдері дүкен сөрелерінде толып тұр. Екінші­ден, жоғары сапалы ет пен сүт, тіпті жеміс-жидектер де өздерінде өндірілгендіктен, мұн­да округ тұрғындарына едәуір жеңілдіктер де қарастырылған. Әр­­бір ересек тұрғынға заманауи дис­контты карта берілген. Осы кар­тамен олар тауарларды ар­зан­датылған бағамен сатып алады. Жаңадан салынған «Шаруашылық маркеті» дүкенінің өткен жылғы таза пайдасы 734 млн теңгеден асып түсті.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы «Родина» округінде айрықша дамыған. Тауарлы сүт фермасы, кітапхана мен мәдени ошақтарда, тіпті көшелерде оның айқын үл­гісі алдымен көзге түседі. Мұнда ұр­лық-қарлық деген атымен жоқ. Еш­кім көшеге қоқыс тас­­та­­май­­­­ды. Себебі бар­лық жер­­­­де бей­не­­­ба­қы­лау ка­­­ме­­ра­лары ор­­на­тыл­ған.

Спорт­тық олим­пиа­­­далар мен спар­та­­­­киа­­­­далар­ды өткізу – ро­ди­­на­­­­­­лықтар үшін дәс­­түр­лі іс. Жыл са­йын аг­рофирма қоры­­­нан адам­­­дарды, әсіресе жастарды осын­дай ілкімді істерге тар­ту үшін қомақты қаржы бө­лінеді. Биылғы қысқы сайыс Тә­уелсіздігіміздің 30 жыл­ды­ғына арналды.

Бизнестің әлеу­меттік жа­уап­кер­шілігі тұрғысындағы істер мұнда жақсы жолға қойылған. Айталық, «Жол картасы-2020» бағдар­ламасы аясында жастар мен жаңадан келген маман­дарға 20 коттедж бен 8 пәтерлік алты қос қабатты үй­лер са­лын­ған. Со­ның нәти­же­сінде 68 адам жаңа қо­нысқа көшті.

Округтің жас тұр­­­­ғындарды әлеу­­мет­тік жағынан қам­тамасыз ету­ге байланысты арнайы бөліп отырған қаражаты да көлемді. Осы мақсатқа жылына 100 млн тең­ге ақша бөлінеді. Мысалы, жаңа үйленгендерге, нәрестелі болған­дарға 150 мың тең­геден сыйақы бе­рілсе, екінші балаға тағы да 200 мың теңге қосым­ша төлемақы қарасты­рылған.

«Ақмола облысының ең озық округі» атанған «Родина» жыл өткен сайын жаңарып, заманауи шағын шаһарға айналып келеді.

И.Сауэр әңгіме барысында Ақ­­мола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаевқа ризашылығын білдіре кетті. Ол облыстан алшақта жатқан елді мекендерге арнайы барып, кө­шені жарықтандыруға, асфальт жол төсеуге, ауыз су мәсе­лесін ше­шуге, мәдени-спорттық кешендер мен ауруханалар құры­лысын са­луға қолұшын беріп жүр­ген кө­рінеді. Облыс әкімінің шапа­ғатын ро­диналықтар да көрді.

Бүгінде Иван Адамовичтің бас­­та­масымен «Родинада» елге пай­дасы мол көптеген игілікті іс қол­ға алынған. Өңірде жыл сайын жа­сыл желекке бөленген 2-3 сая­бақ пайда болады. Көктем сайын ауыл тұрғындары ағаш көшеттерін отырғызуды дәстүрге айналдыр­­ған. Тек былтырдың өзінде 25 мың түп ағаш отыр­ғызылған.

Биылғы жазда Иван Адамович жаңа ме­шіт пен спорт­тық кешен құрылы­сын салуды қол­ға алмақшы. Сәті түссе, оның да ашылу сал­тана­тының куәгері болармыз.

Іскер азамат қа­рым-қабілетінің ар­­қасында небір күр­делі мә­се­­лелерді байыппен әрі сәтімен шешіп келеді. Бұ­ған «Родина» елді мекенінде жасалып жатқан іргелі жобалар куә.

26 ақ­пан күні «Родина» кә­сіпорнына 60 жыл толады. Бұл өндіріс ошағының атқарып отырған істері – өзгелерге өнеге. Кәсіпорын басшысы Иван Сауэр мен оның ұжымына біз алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз.

 

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі