• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Ақпан, 2021

Жақсылық жасасаң, ауылыңа жаса

871 рет
көрсетілді

Қайырымдылық – асыл қасиет. Қысылғанға демеу, жығылғанға медеу болып, жан-жағына шапағат шуағын шашып жүретін жандар аз емес. Олар өздерінің бұл ісін азаматтық борышына балайды. Әсіресе, ел басына қатер төніп, пандемия ушығып тұрған сын сағатта барымен бөлісіп, ауыр жүкті жеңілдеткен атымтай жандар тұтас қоғамға үлгі бола білді.

Халқымыздың қайсар ұлы Жақсы­лық Үшкемпіров «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып тұрған сәтте: «Елімізде көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Ең болмаса қазақтың бес мың жігіті сол ауылын көркейтсе, одан асқан қандай бақыт керек?» деп еді. Бұл сөз талай азаматқа рух бергені рас. «Әуелі өзіңнің үйіңе жақ, онан соң ауылыңа жақ, онан соң отан-аймағыңа, онан соң халқыңа жақ» дейтін қастерлі қазақ сөзінің астарында үлкен ой жатыр.

Бүгінгі әңгімемізге өзек болып отыр­ған белгілі қоғам қайраткері, руханият жанашыры Құсман Шалабаевты исі қазақ таниды. Қайырымдылық қанат қаққан қай тұста да абзал азаматтың есімі ерек аталатынын жиі байқаймыз. Көп балалы отбасында дүниеге келіп, бейнетпен белдесе жүріп ержеткен ол адал еңбектің шарығында қайралды. Ел экономикасының еңсе тіктеуіне атсалысып, өзінің жеке кәсібін өрге сүйреді, қаншама азаматты тұрақты жұмыспен қамтыды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында «Туған жер» бағдар­ла­масына айрықша тоқтала келіп, кіндік қаны тамған жеріне көмек көрсетіп жүрген кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерін қоғам болып қолдау қажеттігін айтқан болатын.

Өнер мен білімді, спорт пен руханиятты қолдауға қомақты үлес қосып жүрген азаматтың еліне, туған жеріне жасаған қамқорлығын тізбелей беруге болады. Тәжтажал қаһарына мінген қиын кезеңде демі тарылып, дертпен арпалысып жатқан жерлестеріне тыныс алу аппаратын жеткізіп, талай жанның көкірегіндегі үміт сәулесін қайта жақты. Туған жері Мақаншыдағы №2 медициналық аурухананың ем­деу-сауықтыру бөліміне заманауи­ құралдар алып берді. Оның ішінде массаж-кереует, аяқ буындарына арналған, толық адамдарға арналған және тренажер-велосипед бар. Мақаншыға кіреберістегі Қабан­бай қақпасын орнатып, дәл сол жерде, Жайтөбе бауырында батыр баба кесенесінің құрылысын жүр­гізді. Осындағы «Түз қырандары» спорт мектебінің құрылысына, Үржар ауда­­ны­­ның бірнеше имамының қажылық сапарға баруына демеушілік жасады.

Таулардың басы биік болғанымен, табаны жерде тұратынын ұмытпайтын ақеділ азамат қоғамдық және мем­лекеттік қызмет мінберіне шық­қанда да елмен бірге болды. Табаны күректей он бес жыл Алматы қалалық мәслихат депутаты бола жүріп, руханияттың өр­кен жаюына, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға хал-қадерінше үлес қосты. Қазақ күресін әлемдік дәрежеге көтеруге атсалысып, тұңғыш рет қала әкімінің жүлдесі үшін ха­лықаралық дода ұйымдастырды. Ал­малы ауданында бой көтерген ме­шіттің құрылысына, термешілердің республикалық байқауына, Алматы қалалық жас ақындар айтысына, тұрақты түрде өтетін «Тәуелсіздіктің тал бесігі – Алматым» атты жас талапкер ақындар айтысына да демеушілік етті. Сол сияқты, мектеп оқушылары арасында бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылған «Балғын дәурен – бал дәурен. Әнші болу арманым» атты және «Сөз өнері» байқаулары Құсман Шалабаевтың бастамасымен өтіп келеді. Қаншама буынның сүйікті киносына айналған «Тақиялы періште» фильмінің жалғасы ретінде «Тайлақтың тақиясы» кинокартинасын түсіріп, аталған өнер туындысын халықаралық Канн фестиваліне алып баруға мұрын­дық болды. Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінде қызмет ете жүріп, қаланың әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан ол Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, зейнеткерлерге, көмекке зәру жандарға қолұшын созып, жәрдемін көрсетіп келеді. «Қайырымдылық жасау – қа­шан­нан қанымызға сіңген қасиет, оның бодауы тек бір Алладан», деген кейіп­керіміз жақсылық жасаған сайын тіршілігің де түзеле беретінін айтады.

– Туған жер  – әр адамның түп­ қа­­зы­ғы, айбары мен айбыны. Ел­басы­мыз өзі ұсынған «Туған жер» бағдарламасында «қазақпын» деп соққан жүректердің дүрсілін дөп басты. Туған жердің тарихи ескерткіштері мен нысандарын қалпына келтіру жұмыстары зерделі ұрпақтың атқарар ісі болуы тиіс. Мұны жастарымыздың бойына сіңіруіміз қажет. Қазіргі күні туған жеріне шынайы жанашырлық танытып жүрген талай азамат елдің ризашылығына бөленіп жүр. Айталық, белгілі меценат, кәсіпкер Бауыржан Оспанов сияқты азаматтар атамекені мен жалпы ұлттық мүдде жолында көптеген еңбек сіңірді. Осындай елім деген жігіттер баршылық. Елбасының бағдарламада ұсынғанындай, мен де туған жеріме шама-шарқымша қолұшын беруден бас тартқан емеспін. Ауылымызға спорт алаңын салуға бастама көтеріп, мектептің жөндеу жұмыстары мен әлеуметтік салада біраз шаруалар жасалды. Туған мекенге жылына бір-екі рет ат басын бұрмасақ, көңіліміз көншімейді. Жақсылық жасасаң, ауылыңа жаса, одан артылып жатса тұтас халқыңа жаса. Жүрегіміздің түкпірінде сол аяулы мекенге деген саршатамыз сағыныш жатады. Туған жерді түлету – әр адамның перзенттік борышы деп есептеймін, – дейді Құсман Шалабаев.

Індет іргемізден еніп, өміріміз бен­ тү­сінігіміз басқа арнаға бұрылған тұс­та «Жақыныңа жанашыр бол!» деген сөзді жиі айтатын болдық. Осынау қиын кезең бізге тіршілікті арайға бө­лей­тін ұлы күш – жақсылық жасау, мейірім таныту, барыңмен бөлісу дейтін қасиет­терден құралатынын дәлелдеп берді. Құс­ман ағамыз тілге тиек еткендей, туған жерінің есімін тұмар еткен әр­бір перзент күшімен де, ісімен де хал­қына пайдасын тигізуді көздесе, қара басы­ның қамын емес, қарашаның бағын ойлайтын үлкен жүректі азаматтар көбейе берсе  көшіміз көркейе бермек.

 

АЛМАТЫ