Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде дәл осы атаумен аталған көрме ашылды. Көрнекті дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Иван Иванович Лиді еске алуға арналған іс-шара адам жанының арашасына айналған абзал жанның ғибратты ғұмырынан сыр шертеді.
Денесін дерт дендеген талайлардың арман отын қайта маздатқан кәсіби шебердің өмір өткелдеріне тоқталғанда, ойымызға ең алдымен бүкіл жан дүниесімен дәрігер еді деген сөз оралады. Өзінің дәрігерлік қызметінде И.И.Ли 7 мыңға жуық хирургиялық, урологиялық және онкологиялық профильдегі операция жасаған. Олардың қатарында құрсақ қуысы органдарына жасалған және урологиялық пластикалық күрделі операцияларды атауға болады. Дәрігердің өз саласы бойынша 2 патенті, бірнеше ғылыми еңбегі бар. Майталман маман бүкіл адамзат басына келген COVID-19 тәжтажалымен күресте алдыңғы шепте жүрді, алайда өзі де оның құрығынан құтыла алмады. 60 жасқа қараған шығында өмірден өткен оның жүріп өткен дара жолы халық жадында мәңгі қалды.
Өмір белестеріне көз жіберсек, ол өз ісінің нағыз шеберіне айналу үшін қызметтік жолдың барлық сатысынан өткенін көреміз. Иван Иванович 1960 жылы 26 ақпанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1977 жылы орта мектепті Алтын медальмен аяқтағаннан кейін Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. 1985 жылы Қарағанды қаласындағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында хирургия бойынша интернатураны, 1991 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының урология кафедрасында ординатураны бітірген. И.И.Ли жаңа үлгідегі медициналық әдістер және құрылғылармен жабдықталған емдеу-диагностикалық орталығының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Ол 2003 жылы уролог-дәрігер, 2010 жылы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы-дәрігер ретінде жоғары біліктілік категориясын алды. Екі мәрте Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды.
Талантты хирургтың денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі еленіп «Парасат», «Құрмет», «Гиппократ», «Н.И. Пирогов» ордендері, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «AVICENNA» мерекелік Алтын жұлдыз, «Алтын дәрігер» белгісімен, халықаралық «United Europe» сыйлығымен, сонымен қатар «Ұлттық медициналық ассоциациясына 25 жыл», «Астанаға – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл», «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» медальдарымен марапатталған.
Көрмеге И.И.Лидің мектеп қабырғасындағы кезі, сондай-ақ еңбек жолына байланысты 100-ден аса жеке заттары, атап айтқанда марапаттары, фотосуреттері мен кітаптары, оған тарту етілген түрлі кәдесыйлар қойылған. Көрме 2021 жылдың 26 наурызына дейін жалғасады.
АЛМАТЫ