Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан ересектер арасында республикалық ашық онлайн және 1-10 сынып оқушылары арасында Алматы қалалық офлайн турнирі өтті.
Аталған турнир қатерлі індетке байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өзінің қызметтік міндетін лайықты орындап, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қаза тапқан полиция қызметкері, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Дастан Маратжанұлы Абдықановтың ерлігін жас ұрпаққа насихаттау және еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Батыр есімін ұлықтаған ашық біріншілік playok.com платформасында шымылдығын түрген болатын. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 247 спортшы қатысты. Жарыстың сайттағы нәтижесіне сәйкес 1 мен 5-орын алған спортшылар демеушілер тағайындаған қаржылай сыйақымен марапатталды.
Зияткерлердің шеберлігін шыңдаған бәсекеде қызылордалық Дамир Ахметов 1-орынды жеңіп алса, ақтөбелік Медет Хусаинов 2-орынға ие болды. Ал жүлделі 3-орынға павлодарлық Бауыржан Абылайханов табан тіреді. Тағы бір қызылордалық Біржан Елеусінов 4-орыннан көрінсе, үздік бестікті ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова түйіндеді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері бір ғана Алматының өзінде 70-тен астам полиция қызметкері жұмыс бабында қаза тауыпты. Олардың ерен ерлігі мен антына адалдығы ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ауыр желдің өтінде жүріп арманынан алыстап қалған Дастан Абдықановтың да есімі ел есінде.
АЛМАТЫ