Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында тараптар Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) технологиялары бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресейдің ЖҚЗ жерсеріктері топтамаларын әзірлеу жөніндегі бірлескен жоспарлар, сондай-ақ жедел деректермен алмасу бойынша сервистерді біріктіру мүмкіндіктері қаралды.
Бұдан басқа, тараптар қазақстандық және ресейлік жерсеріктер өндірушілерінің өнеркәсіптік кооперациясы саласындағы әлеуетті ынтымақтастық, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы ғарыш аппараттарының құрастыру және сынау кешенін жүктеуді қамтамасыз ету шеңберіндегі мәселелерді талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша ғарыштық ынтымақтастық саласындағы мәселелерді одан әрі егжей-тегжейлі пысықтау туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.