Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық өткелдерде көлік құралдары мен вагондар тұрып қалатын проблеманы реттеу ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Ван Шоувэньмен екіжақты келіссөздерінде басты тақырып болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қытай жағы 2020 жылдың қорытындысында ҚР мен ҚХР арасындағы темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 23% (21,6 млн.тонна) және транзиттік тасымал 22% (7,8 млн. тонна) өскенін хабарлады.
Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша контейнерлік тасымалдар 55% артты.
Алайда, бүгінгі таңда Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағындағы карантиндік шараларға байланысты ҚХР бағытында вагондар ұзақ уақыт тұрып қалуда. Бұдан басқа, 2020 жылғы 15 қарашадан бастап Қытай тарапынан азық-түлік жүктерін (бидай, зығыр тұқымы, майлы дақылдар тұқымы, күнбағыс тұқымы, соя тұқымы, арпа, шөп, бидай ұны, бидай кебегі, күнбағыс майы) қабылдау тоқтатылды.
Әлемдік пандемияға байланысты карантиндік шараларға байланысты қазіргі уақытта "Қалжат-Дулаты" және "Майқапшағай-Зимұнай" өткізу бекеттері жұмыс істемейді. "Нұр-Жолы - Қорғас", "Достық - Алашанькоу" және "Бақты - Покиту"өткізу бекеттері шектеулермен жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдай жүктерді автомобиль көлігімен екі жақты тасымалдауға кері әсерін тигізді.
Қытай жағына "Қалжат - Дулаты", "Майқапшағай - Зимұнай" өткізу бекеттерінің жұмысын қайта жаңғырту, сондай-ақ көлік құралдарын өткізудің қолданыстағы тетігін өзгерту арқылы "Нұр-Жолы - Қорғас" өткізу бекеттерінен автокөліктерді өткізу санын тәулігіне 200-ге дейін ұлғайту жөніндегі мәселені қарау ұсынылды.