Алматы қалалық білім басқармасы оқушылардың аралас оқу форматына қашан ауысатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
Басқарма өкілдерінің айтуынша, әзірге бұл жайлы бұйрық шықпаған.
«Эпидемиялық ахуалдың жақсаруына байланысты Қазақстанда мектептерде аралас оқу форматы енгізіледі. Ал Алматы бойынша біз қалалық бас санитар дәрігердің ресми қаулысын күтіп отырмыз. Мектептер дайындалып жатыр. Жаңа қаулы шыққан жағдайда 1-5 сынып оқушылары аралас оқу форматына көшеді. Кезекші сыныпта оқып жатқан оқушылар өз сыныбына оралады», дейді Бостандық аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Қалжанов.
Сонымен қатар, ата-аналарға таңдау еркі берілген. Олар балаларын мектепке жіберуге де, жібермеуге де құқылы.
«Ата-аналар балаларды әлеуметтік қашықтықты сақтауға, жеке гигиена талаптарын сақтауға үйретуі тиіс», дейді Бақытбек Қалжанов.