Пандемия жағдайында бизнес субъектілерінің жұмысын оңтайлы ұйымдастыруға арналған, халықтың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік беретін Ashyq мобильді қосымшасын әзірлеуге бюджет қаржысы жұмсалған жоқ. Демек, ел аузында жүрген алып-қашпа әңгімелерге құлақ түрудің де қажеті шамалы.
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық шешімдер департаментінің директоры Бекболат Молдабековтің айтуынша, Ashyq мобильді қосымшасын әзірлеуге бизнестің өзі бастамашылық жасаған. Сондықтан оған мемлекет қазынасынан ешқандай қаржы бөлінген жоқ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов та мобильді қосымшаны дайындауға бюджет қаражаты жұмсалмағанын жеткізді.
– Мемлекет қаржысы жұмсалды деген дақпырт әңгімені доғару керек. Жалпы, цифрландыру бағытындағы өнімдер қымбатқа түспейді. Ashyq – отандық өндірушілердің әзірлемесі. Қазақстандық компания «ИнфоҚазақстан» электронды платформасы мен Ashyq мобильді қосымшасын әзірлеп шықты. Бастаманы жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ, – деді Нариман Әбілшайықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осы күні ел ішінде Ashyq қосымшасы ел тұрғындарының еркін жүріп-тұруын шектей ме?» деген сауалға жауап іздеушілер көп. Бұл сауалға Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Цифрландыру басқармасының басшысы Саян Әбдішев жауап берді.
– Ashyq мобильді жүйесі адамдардың қозғалысын шектемейді. Тек карантин жағдайында бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне жүйе ерікті түрде жүзеге асырылады. Яғни мемлекет тарапынан ешкім міндеттелмейді. Бүгінде бизнес үшін ақпараттық технологиялардың көмегімен карантин және шектеу шаралары жағдайында жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл жүйенің мақсаты – қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және келушілерді коронавирус инфекциясынан қорғау, – деді С.Әбдішев.
Оның айтуынша, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, ел тұрғындары «науқас» және «олармен байланыста болғандар» деп бөлінеді. Мәселен, Ashyq жобасы бойынша әрбір адамға мәртебе беріледі. Кез келген нысанға кірген кезде QR-кодты сканерлеу керек. Сол кезде келушінің мобильді қосымшасында индикатор көрінеді. Қызыл түс – келушінің науқас екенін, сары түс – науқас адаммен байланыста болғанын, ал жасыл түс байланыста болғандар базасында тіркелмегенін білдіреді. Көк түс ПТР зерттеуінен өтпегенін көрсетеді.
Нұр-Сұлтан қалалық тұрақты даму орталығының ІТ-сәулетшісі, цифрландыру саласының маманы Виталий Пустовойтенконың айтуынша, QR-кодтар «ИнфоҚазақстан» электронды платформасындағы субъектілерге беріледі. QR-код әрбір кіріп-шыққан сайын ұсынылады. Өйткені бізде аумағы үлкен, бірнеше есігі бар бизнес субъектілері бар. Соған орай жүйеде екі QR-код басып шығарылады. Біреуі – кіруге, ал екіншісі – шығуға арналған.
– Ashyq мобильді қосымшасының рейтингісінің төмен екені рас. Бірақ бұл теріс пікірлердің арнайы тапсырыспен дайындалғанын байқап қалдық. Қосымша туралы жария еткен кезде адамдардың шатасуына немесе дұрыс түсінбеуіне байланысты чиптеу мен түске бөлуге қатысты мәселе туындады. Негізінде екпеге қарсы шығып жүрген адамдар тобы қосымшаны бағалауда тым төмен балл қойып, қосымшаны бұғаттап тастауды көздеген секілді. Сонымен қатар шетелдік трафикті де назарымыз шалды. Сондықтан оған шектеу қойдық. Яғни шетелдік пайдаланушылар қосымшаны жүктеп алуға мүмкіндігі жоқ және теріс баға қоя алмайды. Қосымша ешқандай мәлімет жинамайды. Мұны тікелей баптауына өтіп тексеруге де болады. Ashyq қосымшасындағы деректер жүйеде әр 20 минут сайын жаңартылады, яғни тексеру жүргізіледі. Ақпарат бірыңғай дерекқорға зертханалардан олардың регламентіне сәйкес түседі, – деді Виталий Пустовойтенко.
Нариман Әбілшайықовтың баяндауынша, әлі күнге дейін 15 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын жандандырмаған. Жекелеген өңірлерде шектеулер бар. Оны жергілікті бас санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Кәсіпкерлерде залдарды толтыруға байланысты қызметті шектеу, жұмыс режімі, қозғалысты шектеу және дезинфекциялық тоннель және тағы да басқа жаңа санитарлық талаптар бойынша сұрақтар туындайды.
– Ashyq қанатқақты жобасы адамның бойында аурудың қандай да бір белгілері, қоғамдық бизнес ортаға баруға қарсы көрсетілімдері бар-жоғын анықтайды. Қанатқақты жоба Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қаңтар айынан бастап іске қосылды. Қазір облыс әкімдігінің бастамасымен Қарағанды қаласында жүзеге асырылуда. Жалпы, жобаға Қазақстан бойынша 130-дан астам субъект қатысады. Аталған платформада 20 мыңға жуық тіркеу жүргізілді. Өткен аптада бас санитарлық дәрігер белгілі бір субъектілердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беретін жаңа қаулыға қол қойды. Бұл жоба Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде оң нәтижелер берді. Бүгінде ірі әуе тасымалдаушылар да TravelPass сияқты платформаны әзірледі. Онда да QR-код жүйесі қолданылады. Меніңше, қазіргі кезде бұл ең оңтайлы және қолайлы жол», – деді Нариман Әбілшайықов.
2021 жылғы 22 қаңтардан бастап Ashyq қосымшасы Infokazakhstan.kz платформасымен біріктірілді. Ол арқылы қатысуға өтінім беруге және QR-код алуға болады. Еске сала кетейік, Infokazakhstan.kz платформасы пандемия жағдайында 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің жұмысын жандандыруға жол ашты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ashyq қосымшасында ешқандай мәлімет жиналмайды. Келушінің жеке сәйкестендіру нөмірі мен тегі Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінде тіркеледі. Сервердегі мәліметтер Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде тұр. Денсаулық сақтау министрлігі қосымшаға келушілердің кіруін өзінің ақпараттық жүйелері арқылы көре алады. Ал мекеме қызметкерлері келуші көрсеткен мәртебені ғана көреді. Мекемеге ұялы телефонсыз келген адам жеке мәліметтерін тексеруге келісім береді. Содан кейін мекеме қызметкерлері оның мәліметтерін жүйеге енгізіп, коронавируспен ауырғанын немесе ауырғандармен байланыста болған-болмағанын тексереді.