Өскемен қаласының «Арман» балабақшасының тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«3 наурызда Өскемен қаласының «Арман» балабақшасының тәрбиеленушілерінің бірінің ата-анасы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасына «Арман» балабақшасының қызметкерлерінің, атап айтқанда «Еркетай» тобының тәрбиешісі тарапынан кәмелетке толмаған балаға қатал қарауы және тәрбиелеу жөніндегі өзіне жүктелген міндеттерін тиісті дәрежеде орындамауы туралы арызбен жүгінді. ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жүргізілуде. Сараптама тағайындалды», делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда балабақша директоры мен тәрбиешісі ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы аясында қызметтерінен босатылған. Бүгін ШҚО білім басқармасының басшылығы балабақшаның ата-аналарымен кездесу өткізеді. Сондай-ақ, қаланың үздік психологтары балалармен жұмыс істеуге тартылады. Мәселе облыс басшылығының бақылауында.