Теріскейдің керімсал ауасын құшырлана жұтып, тәтті қиялға берілетін кішкентай қыз бала күнінен-ақ өзінің болашақ мамандығын таңдап қойған. Жүрек түкпіріндегі тілегі журналист болу арманымен ұштасатын. Сондықтан болса керек, айналасына үлкен махаббатпен көз тігіп, тіршіліктің әр бөлшегінен өмір үнін, тірлік тынысын түйсінуге тырысатын. Оны жазудың құпияға толы қызық әлемі қол бұлғап шақыра берген. Алайда өзін келешекте журналистиканың жұлдызы есебінде көре білсе де, әйгілі халықаралық Канн фестивалінің жеңімпазы ретінде елестету Қызылжардың қаршадай қызының әсте үш ұйықтаса да түсіне енбеген ғажайып еді...
Мектеп бітірген соң арман деген арғымақ жетелеп отырып журналистика факультетінің есігін ашқызды да. Алайда шекті межеге бір-екі баллдың жетпей қалуы себепті бағытын кездейсоқ өнер саласына бұрады. Сөйтіп журналистикаға емес, Петропавл қаласындағы өнер колледжіне оқуға түседі.
– Менде актриса болу туралы ой мүлдем болған жоқ. Ес білгелі журналист болуды армандадым. Әжем кезінде әнді өте жақсы айтқан екен. Әкем де домбыраның құлағында ойнайды. Бірақ ол кісінің кәсіби білімі болмай, домбыраны өз бетімен үйренген. Өзі оқи алмаған соң әкемнің арманы болған шығар, балаларының өнер саласына баруына қарсы болмады. Керісінше үнемі қолдап, қолпаштап отырды. Мәселен, туған әпкем сырнайшы. Ал мен журналист боламын дегенімде, үйде ешкім қарсылық білдірген жоқ. Бірақ әкем өнер колледжінде актер мамандығы бойынша оқытатын курс ашылғалы жатқанын айтып, сонда бағымды сынап көруімді ұсынды. Мен әу баста, шынымды айтайын, өзімді актриса ретінде тіпті де көре алған жоқпын. Актрисалардың бойы ұзын, тал бойында бір міні болмайтындай көрінетін. Әйтсе де, журналистикаға оқуға түсе алмаған соң, әкемнің тілегін жерге тастағым келмей, актер мамандығына оқуға құжат тапсырдым. Сонда жүріп кастингке қатысып, режиссер Сергей Дворцевойдың «Қызғалдақ» («Тюльпан») фильміне түсуге шақыру алдым. Бұл – менің кино әлеміндегі дебютім болды. Сергеймен де алғашқы таныстығым осы фильмнен басталды, – дейді Самал Еслямова.
Иә, «Қызғалдақ» фильмінен басталған шығармашылық тандем режиссер мен актрисаны және бір жаңа картинаның түсірілім алаңында қайта қауыштырды. Ол – қазақтың қарлығаштай қарагөз қызын әйгілі Канн кинофестивалінің төріне алып шығып, атағын жер жүзіне жайып, бір-ақ сәтте жұлдыз атандырған «Айка» фильмі болатын. Қос фильмде де тұрмысқа шықпаған бойжеткенді Ана рөліне бекіткен режиссердің Самалға деген сенімін нығайтқан күш тіпті де актрисаның өмірбаяны емес, өнер иесінің бойындағы өзгелерде көп кездесе бермейтін бірегей қасиеттері екен.
– Актерге туа бітті таланттан бөлек, мінез де қажет. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Самал жарқ-жұрқты басты планға шығарған иллюстратор емес, шын мәніндегі сезімнің актрисасы. Осы тұрғыдан келгенде біз жақсы түсіністік. Фильмнің түсірілім жұмысы ұзақ әрі қиын жолдан өтті. Табиғаттың әр құбылысына сай эпизодтарымыздың көркемдігі мен шынайы шығуына мән бере отырып, жұмыс істедік. Әрине бұл жерде ең көп салмақ басты рөлдегі актриса Самалға түсті. Қар аралас жаңбырда, боранда түсірілім жасадық. Тоңу, аяқтан су өту секілді қиындықтарға төзу ғана емес, актерлік ойынды да өз деңгейінде алып шығу керек болды. Оның үстіне фильмнің жанры да ауыр. Осы қиындықтардың барлығын еңсеру жолында Самал аянбай тер төкті. Тіпті қырғыз тілін, өмір сүру салты мен жалпы ұлттың менталитетін зерттеу мақсатында бірнеше ай Қырғызстанға барып өмір сүріп көрді. Мұның барлығы үлкен еңбек, – дейді фильмге актер таңдау процесінен сыр шерткен режиссер Сергей Дворцевой.
Иә, Францияның әйгілі Канн кинофестивалі сараптау алқасының назарын бірден өзіне бұрғызған сиқыр – басты рөлдегі актрисаның экраннан жарқ еткен отты жанары еді. Фильм атауымен аттас кейіпкердің қиын да қайшылықты тағдырын кемеліне келтіре кейіптеп, жаһан назарын жаулаған қазақ қызы Самал Еслямованың өнердегі бағын ашқан бұл фильмді көрермені де зор ықыласпен қабылдады. Өйткені фильмде өнермен егіз өрілген нағыз өмір бар еді.
– «Айка» фильмінің түсіріліміне кіріскеннен-ақ барлығымыз туындының сапасына жұмыс істедік. Өйткені режиссер үшін де, мен үшін де, басқа әріптестерім үшін де туындының көркемдік сапасы басты орында тұрды. Сондықтан болса керек, фильм жұмысы бірнеше жылға созылып, алты қыс қатарынан үздіксіз түсірілді. Көңіл күйді, ішкі қасіретті көрсетуде барынша шынайылыққа ұмтылуға тырыстық. Режиссер фильмнің әр деталін жіті ойластырды. Ұйқы, күлкіні ұмыттық. Жеті жылға жуық жанымыз да, ойымыз да осы фильмде болды. Сондықтан болса керек, додаға түскеннен-ақ мен фильмнің үздіктер қатарынан көрінетініне сендім. Бірақ оның ішінде өзім дараланып шығамын деген ой болған емес. Өйткені Канн фестивалінде фильмдер тек бір аталым бойынша ғана марапатталады. Сахнадан мені фестивальдің үздік актрисасы деп хабарлағанда жылап жібердім. Ол ең әуелі қуаныштың көз жасы болса да, екіншіден, «жүлдені жалғыз мен емес, тұтас фильм алу керек еді ғой» деген ішкі өкініштің де көз жасы болатын. Бірақ сарапшылар солай шешкен екен. Қалай десек те мен режиссерге осындай кесек те күрделі бейнені кино саласындағы тәжірибемнің аздығына қарамай сеніп тапсырғаны үшін шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл – ұжымдық жеңіс, – дейді Самал толқынысты да тарихи сәтті көз алдынан өткізіп.
Ол рас, өнердің мүмкіндігі шексіз ғой. Кейде көркемдігімен, енді бірде шынайылығымен баурайды. Ал «Айкада» кино тілінің осы екі тәсілі қатар сөйлейді. Режиссер мен актрисаның тереңнен ұғысқан тандемі бірден менмұндалайды. Кино сценарийі де басты рөлдегі актрисаның бар талантын ашуға бағытталып жазылғандай. Самал кейіпкеріне, кейіпкер Самалға айналып кеткен. Арасын бөліп, шекарасын анықтау мүмкін емес. Ұлы Абайша айтсақ, айналасы теп-тегіс жұмыр келіпті. Сырттай зерделесең де, әңгімеге тарта кетсең де қазақы биязылығынан бір танбайтын нәзік бойжеткен ішкі психологиялық текетіресте адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Бұл, әсіресе кино актрисасы үшін таптырмас қасиет. Самалдың фильмдегі ізденісі – осының дәлелі. Экраннан жарқ еткен тазалық пен мұң қатар қонған отты жанар Көк пен Жердің бір-біріне қабыспас кеңістігін біртұтас әлемге айналдырып жібергендей. Өнер деген осы болса керек.
– Жалпы, менің кино саласындағы өмірбаяным аса бай емес. Қоржынымда санаулы ғана фильм бар. Бірақ оған өкінбеймін. Өйткені мен үшін қай кезде де сан емес, сапа бірінші орында тұрады. Мағынасыз көп фильмге түскенше, өзімді ел есінде қалатын жалғыз туындымен танытқым келді. Шүкір, «Айка» маған сол мүмкіндікті берді. «Айка» жарыққа шығып, үздік атанғаннан кейін отандық режиссерлер тарапынан көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Оларға сценарийді оқып, саралап алғаннан кейін, таңдап-талғап түскім келеді. Мен үшін мезеттік атақ маңызды емес. Ал қаржылық жағынан келсек, әрине ақша бәрімізге де керек қой. Бірақ мен өнерге ақша үшін келген жоқпын. Менің мақсатым басқа – экран мен сахнада өлмес өнер тудыру, сол арқылы өзімді дәлелдеу, – деп алдағы жоспарларымен бөліскен Самал әрі қарай сөзін жалғады: – Қарап отырсам, Канн фестивалінде жүлдегер атанған екі жылдан бергі кезеңде бар уақытымды негізінен журналистерге сұхбат беруге арнаппын. Енді осыған сәл үзіліс жасасам деймін. Тілдескісі келген көп журналистің ұсынысынан бас тартып та жүрмін. Ол тіпті де менсінбеушілік емес, дұрыс түсінсеңіздер екен. Мен дәл қазіргі сәтте уақытымның барлығын шығармашылыққа арнап, көрермендерім сүйсіне тамашалайтын өнер тудырғым келеді. Сол үшін де жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан ашылған Музыкалық жас көрермендер театрына актриса болып қызметке орналастым. Экран ғана емес, енді өзімді сахнада да сынап көргім келеді. Жаңалығым болса, міндетті түрде өздеріңізбен қуана бөлісетін боламын. Әзірге менде аздаған шығармашылық үзіліс болсын деп шештім, –дейді актриса соңғы уақытта сұхбат алаңынан көрінбей кетуінің де себебін түсіндіріп.
Иә, өнерге жан-тәнімен берілген талантты жан бүгінде театр сахнасын бағындыруға бел шеше кіріскен. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында былтыр астананың Музыкалық жас көрермендер театрында тұсауы кесілген М.Әуезовтің «Абай – Тоғжан» драмасында Ұлжан бейнесінде көрініп, көрерменін қуантты. Алдағы уақытта өнер жанкүйерлерін және бірнеше рөлімен қауыштырмаққа қызу дайындалып жүр. Театрмен қатар киноның да қайнап жатқан қызу тіршілігі актрисаны бір сәтке босатқан емес.
– Менің арманым – туған еліме қызмет ету. Бойымдағы бар өнерімді сарқып беріп, шығармашылық мүмкіндігімді көрермендеріме дәлелдеу. Бұған дейін Мәскеудің киногерлерді тәрбиелейтін әйгілі ГИТИС-індегі оқуым дедім, одан кейін «Айка» фильмінің түсірілімі деп он жылдан аса Ресейді тұрақ еттім. Енді, міне, түбегейлі елге оралып, Музыкалық жас көрермендер театрындағы қызметіме құлшына кірістім. Ендігі мақсат – Отаныма адал қызмет ету, – дейді актриса.
Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының аядай ғана Аралағаш ауылында туып-өсіп, арманының жолында алысқа қол созған актрисаның өнердегі жеңісінің басты сыры да – талантымен егіз өрілген осы еңбекқорлығында, өнерге деген шексіз адалдығында жатса керек. Қызылжардан қанат қағып есімі қияндағы Каннға жеткен, өрелі өнерімен әлемді мойындатқан талантты жан бүгінде теріскейдің Самалы ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналды. Ендеше, самғай бер, Самал!