• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Наурыз, 2021

Көктемдей көркем бір жан бар

1176 рет
көрсетілді

Шуақты көктем, шұғылалы мезет, шабытты шақ... Сұлулық пен ізгілік, махаббат пен мейірім, нәзіктік пен тазалық, жаңару мен жаңғыру маусымы ашық деп жарияланады! Көктем келді! Ерке көктем есі-дертімізді алып, барлық игілік пен жақсылық атаулыдан енші ұсынып тұр. Ел көңілі серпілген. Емен-жарқын. Мырза көктем, мерейлі көктем, мәрт көктем. Қадірлі көктем, қастерлі уақыт.

Тәуелсіздігіміздің отызыншы көктемі. Әр көктем сайын жанымыз жақсылыққа байиды. Әрбір көркем көктем сайын көңіліміз марқаяды. Біз ұлы мұраттарға ұмтыламыз. Әр көктем сайын жас үміттер бүр жарады. Көктем сұлудай елітеді, анаңдай аялайды, балаңдай алақайлайды.

О, құдірет, біз көктем жайлы айта бастасақ, көз алдымызға қыз бейнелі дүние мөлдіреп келіп тұра қалатыны несі екен? Көктем жайлы бір әңгіме басталса, оның сұлулар, әйел жайына, әйел-ана жайына ауыса беретіні неден екен? Көктемнің алғашқы құстары – қарлығаш пен нәурізек келсе, жауқазын мен бәйшешек гүл ашса, жомарт күн жердің бетін шапағатына бөлесе, соның бәрін де табиғат әйел үшін жасап жатқандай әсер қалдыратыны қалай екен?

Көктем шеруі басталып кетті!

Қырдың астына құлдыраңдап жүгірген балақан гүл теріп жүр, тағы бірі ақ қағазға гүлдің суретін салып отыр, оны алуан түске әлемештеп бояйды, гүл сататын дүңгіршектердің алды босар емес, соның бәрі: балақай да, жас жігіт те, жасамыс та анаға, аруға, асыл жарға сыйлық іздеп жүр. Өзі де гүлден жарал­ғандай жаратылыс иесіне гүл сыйламаққа ұмтылады. Жарық дүниенің сәулесін сыйлаған жанға жанын да ұсынуға әзір.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Осы күнде, осы мерекеде бір хикмет бары анық-ау. 8 – шексіздік белгісі. Сондықтан да болар, осы күн шексіз ризалықтың, шексіз құрмет пен тағзымның, махаббат пен мейірімнің, әсемдік пен әдеміліктің белгісіндей. Ол ару жүректің, ана жүрегінің символы секілді.

Ел тарихының есте жоқ ескі кезең­дері­нен бастап, кешегі аласапыран, алмағайып уақыттарда, хандық дәуірде, кеңестік кезеңде, тәуелсіздік заманында да азаматпен алдыңғы шепте қатар тұрған, байрақ ұстасқан, баған көтеріскен, иық ті­рескен, тізе қосқан, барыңды түгендесіп, жоғыңды іздескен, халық хақысына қатар қызмет етіскен – арулар, аналар, ардақтылар, асылдар, аяулылармен бірге – әр күн мереке! Әр азаматтың жүрегінің төрінде көктемдей көркем бір жан бар!