Өткен ғасырдың басында қазақ даласында мемлекетшілдік ұраны оянды. Осы баянды істің басында қазақ зиялылары тұрды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін олар кейбір нормалық қағидаттардың толымсыздығына қарамай жеке мемлекет құрудың, автономиялы республика орнатудың қажеттігін түсінді. Осы жолда қандай қиындыққа тап болса да қажымай еңбек етті. Мұндай мүмкіндік ғасырда бір туатынын бағамдай алды. Сөйтіп, бұлар қазақ халқының аузын аққа жеткізіп, басына бұғауланған бодандық ноқтасын сыпырып тастау өздеріне берілген міндет деп ұғынды. Осы топтың басында Әлихан Бөкейхан тұрды һәм Әлекең бұл істі өзінің өмірлік мұраты деп білді.
Саяси көреген Әлихан Бөкейхан сол кездің өзінде-ақ «мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық» деген берік ұстанымда бола отырып, болашағынан үміті бар кез келген халық үшін негізгі құндылығы тәуелсіздік екенін жақсы білді. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев өз еңбегінде Бөкейхан бастаған алаш арыстарының мұраты туралы: «...олар қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Ең негізгісі, бұл жол қазақ еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол еді» деп жазса, зерттеуші-алаштанушы Тұрсын Жұртбай, «Ә.Бөкейхан бастаған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі ұсынған ұлттық идеяның ұстыны ретінде:
Таптық бөлінуді (бай, кедей, орташа) қолдамады;. Жерді сатуға қарсы болды; Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі деп білді; Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол алдымен қазақтың үстінен табылуын көкседі; Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын; Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын», – деген тұжырымдарды ұстанды дейді.
* * *
Жоғарыда айтылған саяси мұратты мақсат тұтып, азаттық жолында күш біріктірген ұлт зиялыларының ақылшысы да, бағыт сілтер бағдары да Әлихан Бөкейхан болды. Ол қаймана қазақты іргесі берік, түтіні түзу ұшатын ұлыс ету жолында аянбай тер төкті.
Патша тақтан құлап, дүние бүгілген бұлғақ жылдары қазақ халқының еңсе көтеріп кетеріне сенген Әлихан Бөкейхан: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұл күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкірлік!» деп толғанды. Бұл сөзді өз мұратының шамшырағы етті. Бірақ бұл арман арада 70 жыл өткеннен кейін орындалды. Шүкір!
Сол сияқты Әлихан Бөкейханның: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» дегенін көрегендік демей не дейміз.
Бөкейхан – саяси қайраткер ғана емес, ұлт руханиятының жоқшысы болған тұлға. Расын айтқанда, ұлы Абайды қазаққа алғаш таныстырған осы – Әлекең. Абайтанушы Төкен Ибрагимов өзінің естелігінде: «Абайдың шығармасын қолжазба күйінде өзімен бірге алып жүріп халыққа насихаттаған да – Ә.Бөкейханов. Мысалы, Павлодардан 100 шақырым жерде «Тұз қала» дейтін кент бар. Өткен ғасырдың басында осы жерде Әлиханды патша шенеуніктері тұтқындаған. Тұтқынға алынған адамды түрмеге жаппай тұрып, алып жүрген дүние-мүлкін тексеріп хаттама жасайтын тәртіп болған. Ол қазір де бар. Сондағы Әлиханды тұтқындау барысында толтырылған хаттамада: «Абайдың өлеңдер жинағы – 1, бағасы –100 теңге» деп жазыпты» десе, дәл осы оқиға жайлы Алаш ардагері (Ә.Бөкейхан) өзінің естелігінде: «1906 жылдың январь (қаңтар) айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Омарбек пен Кәкітай мені қашыртпақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. Тұз қалаға бір көш жетпей ұсталғанымды естіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамдарға жолықсам да қашпақ емеспін. Мен қашсам, іздеп отряд шығып қырдағы қазақты қор қылмай ма. Абақты да бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы емес пе» дейді. Қараңыз, «халқы үшін жан қию» деген осы емес пе?! «Түрмеден қашып, қырдағы момын жұртты қырғызғанша, қара басым садаға!» дейді қайран арыс.
Енді мынаны қараңыз, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1918 жылы жазылған «Таныстыру» атты поэмасында:
«Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын», дейді. Не деген керемет баға, не деген керемет теңеу.
Сол сияқты «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917. 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт ел «еңбегі сіңген ерін» күтіп алғанын суреттей келіп: «Ол ері – елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді» деп жазады. Осы сөздерден Әлиханның кім болғаны тайға таңба басқандай айтылып тұрған жоқ па?!
Алаш арыстарының бірі Қошке Кемеңгерұлы замандасы Әлихан жайлы: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Басқа жұрттардың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел» деп жазады. Расында, теңіз шайқалып, орман өртенген, аққа қара жағылған жылдары Әлихан бастаған қазақ қайраткерлері қыл мойындарына қылыш тіреліп тұрса да, қаймана қазағын тастап кетпеді. Бұдан артық мұрат болуы мүмкін бе?!
Әлихан бастаған Алаш арыстары аңсаған азаттықтың да міне биыл ордалы 30 жылдық тойын атап өткелі отырмыз. Бұл – біздің бүгінгі ұрпаққа бұйырған баға жетпес ұлы бақыт. Ендеше сол бақытымыз баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы жолында баршамыз қызмет ете берейік.