Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазанда латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі Жарлығы шықты. Осы тапсырманы орындау аясында Ұлттық комиссияда әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды.
Премьер-Министр Асқар Мамин өткізген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа латын әліпбиі нұсқасын көріп қуанып қалдық. «Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр. Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, рухани тәуелсіздігіміздің бастауы – латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келе жатыр.
2019 жылғы 6 қыркүйектегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында біздің ұсынуымыз бойынша, екі диграф әріпті алып тастап, Ш-ны диакритикалық таңбамен беру, Ч әрпін мүлде алып тастау және қазақтың І әрпін қайтару туралы сұрауымыз орындалды. Ұсынғанымыздай, «і» әріптерін бұрын басындағы нүктесімен жазып келдік, сол күйі сақталуы үшін соңғы нұсқадан «і» мен «и» әріптері таңбаларының орнын ауыстыру керек болды. Сонда «і» әрпі бұрынғыдай төбесіндегі нүктелерімен, ал «й», «и» әріптері нүктесіз жазылатын болады. Дегенмен бір-екі түзетуді нақты айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, соңғы акутты нұсқада І әрпінің бас әрпі жоғалып кеткен – И әрпі екеуі де бір І таңбамен белгілеген. Қазір кез келген жерде латын әліпбиімен қазақша, кириллицамен орысша, екі нұсқа жазулы тұрады. Елдің бәрі оңайын таңдап, кириллица нұсқасын оқиды. Бұл қазақтілділердің де латын әліпбиін үйренуге кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде.
Осы мәселеге де бір шешім айтылуы тиістігін ұсынған едік. «Ал Ш әрпін SH деп диграфпен белгілегенше, Ш-ны Ś деп белгілеу керек еді. Ал CH деп белгіленген, қазақтың тіл дыбысына жат, орыс тілінен келген Ч әрпін мүлде мүлде алып тастау керек. Әрі мұндай екі таңбалы емес – бір-ақ таңба болар еді. Бұл 2 әріп мұнда 4 әріптің орнын алып отыр. Елбасы тапсырмасының өзі әріптерді ықшамдау емес пе еді? Диграфтан апострофқа өткен кездің өзінде-ақ бұл әріптер бір әріппен белгіленіп еді ғой. Тек үстіндегі апострофты акутқа ауыстыра салу кімге қиындық тудырды екен? Өйткені «Асхана», Асхат» сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой… Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең Ishaq деп жазса, оны мынау Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузымыз бармай отыр?.. Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін? Диграфтан ел болып айқайлап жүріп зорға құтылғанда, екі диграф әріп не үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақ. Сондықтан Ш әрпін SH деп белгілеген дұрыс емес, Ś деп белгілеу керек. «Ч» әрпі болмаса, күн көре алмайтындар болса да қазақтың тіл дыбысы заңдылығына бағынуымыз керек. Сондықтан алып тастау керек. «Чемпион» мен «чемоданды» қазақ баяғыдан шемпион мен шабадан деп айтып келе жатыр. Одан қирап қалған ешкімді көрген жоқпыз. Сонымен бірге V әрпімен белгіленген, орыс тілінен келген «В» дыбысы туралы да осылай айтуға болады. «Ч» мен «В» сияқты «легионер» дыбыстарсыз күн көретін уақыт жетті. Рухани жаңғыруға басты бағыт болған жаңа әліпбидің де негізгі мақсаты осы емес пе?!.» деп жазған болатынбыз. Әліпбидің жетілдірілген нұсқасында бұдан бұрынғы 32 әріптен біз айтқан «Ч» әрпін алып тастап, 31 әріп қалыпты.
Осы орайда кирилл құрсауынан шығып, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне өту – кезіндегі рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдағандай маңызды, рухани тәуелсіздіктің бастауы болатыны анық. Ұлттық рухани деколонизация латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталуда. Енді әрқайсымыз жаңа әліпбидің артықшылығын жалпы халыққа таныстыратын ақпараттық-насихаттық жұмысқа өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Қазыбек ИСА,
Парламент Мәжілісінің депутаты