Көктемгі құстар әніндей құйқылжыған көңіл құбылысын кейде түсіну қиын. Санаңда сапырылысқан сансыз ой сені бірде шыңға шығарып, бірде құзға құлатып сергелдеңге салатыны бар. Қазақтың алтын қазығындай астанада тұрып жатқанына жиырма жылдан асыпты. Қатарынан қалмай, елорда эпопеясын жазысуға өзіндік үлесін қосты. Ата-бабаларымыздың азаттық туралы асқақ арманын ақиқатқа айналдырған ару қаланың көркіне бүгінде көз сүрініп, көңіл сүйсінеді. Қасында қаумалап қаншама дос-жараны жүр. Бірақ бәрібір алыстағы ауылын аңсайды. Қимас қырдың астында қалған балалық бал дәуренін, аузын ашса көмекейі көрінетін аңқылдақ ағайын-туысты сағынады. Жастықтың жанартаулары атқылаған албырт шақтағы «асырасілтеушілік» атаулы енді еріксіз езу тартқызады. Ұршықша айналған ұшқыр уақыт алды-артына қарамай зымырайды. Аңыз-ертегілердегі алты айшылық жолды алты-ақ аттайтын арғымаққа мінсең де қуып жете алмайтыныңды сезіп амалың құриды.
Біздің кейіпкеріміз Ләззат Сүлеймен жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров «...кеудең асқар, аяғың көл, қоңың құм» деп сұлулығын суреттеген жер жаннаты – Жетісудың шұрайлы бір пұшпағы киелі Ақсу топырағында туып-өсті. Ауылының аты – Алтынарық. Сірә, бұл елді мекеннің іргесінен ірі болмаса да, ақпа-төкпе ақындарымыз әсірелеп айтатындай «суы күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын» өзендердің бірі өтетін болса керек. Жағасын жайлаған мал-жанның өзегіне өмір нәрін жүгіртсе су бағасы алтынмен пара-пар болмай қайтсін.
Жалпы, тегіне тартпас жан иесі кемде-кем. Ақылды бабаларымыз айтқандай «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Көргені жақсы көш бастар», «Тәрбие басы – тал бесік» және тағысын тағылар болып жалғасатын тағылым тәмсілдері таусылып бітпейді. Тек солардан тәлім ала біл.
Отбасылық өнеге тұрғысынан ол о бастан-ақ олжалы болды. Өзі мақтанып айтатынындай, мұны алақандарына салып аялап, бақандай бес кемпір бақты. Жайсаң мінезді жарықтықтардың әрқайсысы бір-бір академия екен-ау бүгінгі күннің биігінен бағамдап көрсе. Әсіресе, Ұмсынай әжесінің ермінезділігі есінде ерекше қалып қойыпты. Адуынды кейуанадан ауылдың үлкен-кішісі кәдімгідей именетін. Абысындарының айтуына қарағанда, жас күнінен-ақ намыстың найзасын үкілеп ұстаған көрінеді. Бірде әйел біткен есік алдындағы тал-теректің саясында әңгіме-дүкен құрып отырмай ма. Содан ауылдың бір тұсынан айқай-шу шығады. Сөйтсе, әлдебір тойдан кейін әбден желіккен жігіт-желең көкпар тартып жүріп қырдағы қиқуласқандары аздай, қызды-қыздымен ауыл ішіне кіріп кетіпті. Алтынарықтың ақжаулықтылары бұл қызықтан қалай құр қалсын, бәрі елең етеді, әрине. Оның үстіне осынау аламан-тасырдың ортасында бірінің күйеуі, бірінің бауыры, бірінің баласы жүрсе, қайдан қалыс қалады. Байқауларынша көрші ауылдың көкпаршылары бел алып барады. Ауылдас азаматтар ақ тер, қара тер болып қанша тырысқандарымен көз құрттарына айналған көк серке тақымдарында тұрақтар емес. Соны көріп «жыны» келген Ұмсынай өзінің екіқабат екенін ұмытып белдеудегі атқа міне сала салып-ұрып додаға кіріпті. Сонымен қойшы, тамам еркек таласа тартқан көкпарды көп ұзатпай ауылдағы абыройлы ақсақалдың ауласына сылқ еткізіп тастай салыпты.
Бұл кісінің кейін, жасы ұлғайған шағында ауылдарының іргесіне шатырларын тігіп тастап, маңайдағы малды ұрлап, іле-шала іздеп барған иелерін таяққа жығып тасыр мінез танытқан сыған таборы баронының басын жара жаздап, жаппай көшіріп жібергенін жерлестері әлі күнге дейін аңыз қылады.
Нағашы жұрты да Қапалдың оқыған-тоқығаны мол, көзі ашық, көкірегі ояу әулетінен-тұғын. Алтын, Дариға апалары ерке жиеннің төбесінен құс ұшырмай әспеттейтін. Тау қойнауындағы табиғаты тамылжыған Қоңыр ауылындағы сол туыстарының қолында тұрып оқығаны да ойына жиі оралады.
Өзінің әке-шешесі де өнегелі жандар еді. Қатарларынан қара үзіп, адами асыл қасиеттерімен айналасындағылардың құрметіне бөлене білді. Қан майданнан қайтпаған майдангердің марғасқа ұлы Жаңылыс Сүлейменов «Қаракемер» кеңшарында ғана емес, бүкіл Ақсу ауданында жақсы аты шыққан жампоз болды. Еккен қызылшасы еселей өнім беріп, еңбегі жанды. Омырауына орден, медаль қадалып, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты. Шаруашылықтың үлкен бөлімшесін басқарып, қарауындағы халықты игі істерге жұмылдырды. Адалдықтың адал жібін аттамай, айнымас абырой жинады.
– Отының алды, суының тұнығындай тұлабойы тұңғышы болғандықтан ба, мені жанынан тастамайтын. Кейде кеңсесіне барам. Төрде төбе бидей болып жиналыс өткізіп отырған әкемді көргенде көңілім көкке өрлеп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейтін. Жиналғандар тырп етпей, тапсырмасын тыңдайды. Сондай сәттерде маған одан ақылды адам жоқтай көрінетін. Егер менің бойымда елге ұнамды қандай да бір қасиеттер қылаң берсе осы отбасылық үлгінің әсерімен қалыптасқан шығар. Шешем Тұратай да көргенді жердің қызы еді. Жатқан жерлері жарық болсын, – деп еске алады Ләззат Жаңылысқызы әңгімесін әріден бастап.
Қаршадайынан белсенді қарекетшілдігімен танылған Ләззат мектеп табалдырығын аттағаннан алғырлығымен ерекшеленді. Сабақты үздік оқыды, қоғамдық жұмыстарға да аянбай атсалысты. Озат оқушы орта жолда қалсын ба, кәмелеттік аттестат қолға тиісімен арман қуып Алматыға аттанды. Бағы жанып, балы жетіп Абай атындағы Қазақ педагогика институтының матфагына түсті. Көп кешікпей көзге түсіп, факультеттің комсоргы атанды. Ұлт аспаптар оркестрін құрып, жоғары оқу орындары арасындағы студенттік фестивальдерде өнерлері өрге жүзді.
Мұғалімдік диплом алып, туған жерге ту тікті. Аудан орталығы Жансүгіров кентіндегі Чапаев атындағы орта мектепке орналасты. Жеткіншектерге жетекшілік етудегі жетістіктерімен жоғары жақтағылардың назарына ілікті. Ұзын саны 250 баланы еңбек және тынығу лагеріне бастап барып, ұйымдастырушылық қабілетімен басшылық қызметке бейімділігін байқатты.
Жариялылық пен демократия жалауы желбіреген қайта құру тұста жалынды жас Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол уақыттың үрдісімен комсомол-жастар бригадаларын құруға, қоғамды құрсаулаған тоталитарлық тоңын жібітуге, кейінгі толқын санасын сарыжұрт қылған социализм сарқыншақтарынан арылтуға көп күш жұмсады. Жетісу өлкесінің өнегелі өрендері сапында ВЛКМ-нің ХХ съезіне делегат ретінде қатысып қайтты.
Кеңес өкіметінің керегесі сөгіле бастаған 91-нші жылы Мәскеуге КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне жіберілді. Оқу бастала бергенде Одақтың шаңырағы ортасына түсіп, компартия тарады. Ресей жағы бұрынғы одақтас республикалардың өкілдерін оқытқысы келмейтіндей сыңай танытты. Бұған келіспеген шетжерлік тыңдаушылар наразылық білдіріп көшеге шықты. Сол «бүлікшіл» топтың арасынан Ләззат та табылды. Тіпті «көтеріліс» басшыларының бірі есебінде Мәскеу мэрінің бірінші орынбасары Юрий Лужковтың қабылдауында болғанын қайтерсің. Ақыры аталмыш партия мектебі Ресей мемлекеттік әлеуметтік институтына айналып, аяқ астынан шетелдіктер қатарына қосылған кешегі отандастар оқуларын осында жалғастыратын болып шешілді.
Мәскеуде бірге оқыған құрбыларының әңгімесінен ұққанымыз, супербелсенді Сүлейменова мұнда да жолынан жығылып, жорғасынан жаңылмапты. Оқуда озаттығы өз алдына, баяғыда РСДРП-ның ІІІ съезінде күн көсем Ленин сөз сөйлеген аудиторияда өткен студенттердің концертінде айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Оқиға былайша өрбіген екен. Әрбір республиканың өнершіл өрендері кезегімен сахнаға көтеріліп, ұлттық әндерін салып, билерін билеп, мәре-сәре болып жатады. Бірақ қазақтар қозғала қоймапты. Осы олқылықтың орнын толтырмақ ниетпен Ләззат ортаға қалай шыққанын білмей қалады. Алдымен, «Гауһартасты» аңыратып, артынан орыстың халық әні «Пряханы» әуелетіп, көрерменнің көзайымына айналады. Бұл Ләззаттың институттағы танымалдылығын арттырып, оқуды ойдағыдай аяқтауына септігін тигізген сияқты.
Оқудан оралған соң, Л.Сүлеймен Талдықорған облыстық жастар комитетіне жетекшілік жасады. Сөйтіп Тәуелсіз Қазақстанның ерікті ұлдары мен көрікті қыздарын тәрбиелеуге, тәуелсіздік идеясын қалыптастыруға, ұйқыдағы ұлттық сананы оятуға, егемендіктің елең-алаңындағы кейбір кертартпалықтарымен күресуге бар білімі мен жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін жұмсады. Ел еңсесін тіктеу жолында тер төкті. Оның қайраткерлік жолының қалыптасуына Ж.Нұрмұхаметов, Б.Сақауова, Г.Тәңірбергенова, В.Осипов, Б.Қорғанбаев, К.Түменбаева, Қ.Жазылбекова, Н.Қылышбаев, З.Молдабаева және басқа Жетісудың жақсы жайсаңдары игі әсерін тигізді.
Еңбек жолын азаттығымыздың айғағындай Астанада жалғастырған Ләззат Жаңылысқызы біраз уақыт Тіл комитетінде жұмыс істеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ат салысты. Оны елордадағы ана тіліміздің ахуалына байланысты «Астана ақшамы» газетінде жарияланған сұхбаты көзі қарақты көпшілік тарапынан едәуір резонанс тудырғаны есімізде. Сондағы атап көрсетілген көптеген кемшіліктерге қатысты қала әкімдігі тиісті шешім қабылдағанын да ұмыта қойғанымыз жоқ.
Қазақтілді кадрларға қажеттілік тууына орай ол 1998 жылы Орталық сайлау комиссиясына қызметке қабылданды. Сайлауалды науқан қызған шақтарда мәселенің мәнісін түсіндіру үшін оның теледидарға жиі шығуына тура келетін. Біліктілікті талап ететін бұл сындардан мүдірмей өткені болар, Ләззат Сүлеймен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. Саясаткер бүгінде елдігімізді нығайтуға бағытталған байыпты заңдардың қабылдауына мән беруде. Мәселен, ол осы жуырда ғана заң саласының мамандарын даярлауға байланысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, кемшіліктерді түзеуге орай ой-пікірлерін ұсынды.
Біз білетін Ләззат Жаңылысқызы қандай қызметте жүрсе де қарапайымдылық қағидаттарынан айныған емес. Адалдықтың ақ жолынан аттағанын көргеніміз жоқ. Өмірден ертерек өтіп кеткен жан-жары Жеңіс Сахметов екеуінің қос перзенті Жаннұр мен Жандосын да абыройлы азамат етіп өсіреріне сеніміміз нық.