Сұлулыққа мұнша құштар болармысың, дүние! Орыс қызының теңіз жанары тағы да алдымыздан шықты. Көңілге іңкәр бейнесі күлімсіреп қарап тұр. Маған, сізге, оған... бәрімізге бірдей көзқараста. Оның келбетіне ұзақ үңілген сайын қымсынамыз. Құдды, өзіне сонша сүйсінгенімізге өкпелейтіндей.
Бізді мұндай ойға жетелеген Суретшілер одағының мүшесі Виктор Кельдің «Татьяна» атты картинасы. Автор күллі славян халқының сұлулығын бір адамның бойына сыйдырғандай. Қараған жан қайран қалары анық. Сіз де айналып өте алмайсыз. Себебі «Татьянаның» нәзік жымиысы жүрек толқытып, кеудеңе әлдебір күйдің ырғағын әкеледі. Көктем шығар дейміз ішімізден...
Қылқалам шебері Тула облысында дүниеге келген. Алайда оның отбасы көп ұзамай Целиноградқа көшіп кетеді. 1969-1973 жылдары Смоленск педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде оқу бітірген соң, өзінің туған қаласына қайта оралады. Туламен суретшінің бар ғұмыры біте қайнасып жатыр.
Виктор Кель әртүрлі сипатты суретші. Ол майлы бояу, акрил, акварель, пастель, темпер сынды түрлі материалдарды пайдалана отырып, кескіндемемен және тасқа сурет салумен айналысады. Бүгінде кескіндеменің түрлі жанрларын дамытуда. Пейзаж бен портрет оның ең сүйікті жанрлары саналады. Біз ұсынып отырған картина – солардың бірі.
Өнердегі ең ұлы тақырып – әйел бейнесі. Әрбір қылқалам иесі өз дәуірінің сұлулық идеалын салады. Оның осы бір туындысы өзіне көптеген суретшінің назарын аудартты. Неге десеңіз, автор кейіпкері ретінде целиноградтық суретші Татьяна Хохлованың бейнесін алған. Картинаның бар құпиясы сонда жатқандай.
Портретте келбеті айқын, жұмсақ жүзді, жымиысы сүйкімді, иығына түскен шаштары сарғылт, көздері мейірім нұрын шашқан ару бейнеленген. Ол өзі таратып тұрған қуаныш пен махаббатқа қосылуға шақырып тұрғандай. Қыз ойдағы пейзаж фонына салынған. Найзағай алдындағы бұлт болмаса картинада күн көрінбейді. Алайда қыздың бойынан төгілген жарық сәулелері айналаға шашырап тұр. Виктор Кель бас мөлшеріне бояуды жалпақ жағу арқылы әйелдің жүзіне жарық береді. Бұл нұрлы жарық бет келбетінің әсемдігі мен мойнының ұзын әрі әдемі екендігін әйгілейді.
Картина бір қарағанда қарапайым-ақ, алайда терең үңілсеңіз шынайы һәм табиғи сұлулықты көруге болады. Суретші нағыз эмоцияны, сезімді жеткізе алған. Оған қарап тұрып, Татьянаға жауап ретінде өзіңізде жымиғыңыз келеді.