Өткен жылы ауыл шаруашылығының импорттық өнімдерін алмастыру жоспары бойынша Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылды және 1800 гектар жерге қарқынды алма бақтары отырғызылды.
«Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан, Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндет аясында біз ішкі нарықта импортты қысқарту қажет позицияларды айқындадық. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық өнімдері», деді ведомство өкілі.
Аталған өнімдердің өндірісін ұлғайту үшін Министрлік азық-түлік қауіпсіздігі саясатына сәйкес келетін инвестициялық жобаларды қолдауға баса назар аударады. Басымдыққа ие өнім өндірісін дамытуға тілек білдірушілер жеңілдетілген несиемен және субсидиямен, сондай-ақ басқа да тиімді қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі.
«Өткен жылы ауыл шаруашылығының импорттық өнімдерін алмастыру жоспары бойынша Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылды және 1800 гектар жерге қарқынды алма бақтары отырғызылды.
2024 жылға дейін Жамбыл облысында 19 ет өндіретін құс фабрикасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын, 8 тауарлы балық өсіру жобасын, сондай-ақ жаңа қант зауытын іске қосу жоспарлануда. Бұлардан бөлек, жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы іске қосылып, 2 мың қарқынды бақ салынады», деді С.Молдабаева.
Оның айтуынша, министрлік жүргізіп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.