• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Наурыз, 2021

Павлодарлықтар абаттандыру ережелерін бұзғандарға шағымданды

309 рет
көрсетілді

Павлодар тұрғындары қала көшелері мен қоғамдық орындардағы қар мен мұзға қатысты наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды  Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Наурыз көктем айы саналғанымен, Павлодар өңірі үшін суық, қарлы, боранды кезең болып табылады. Әсіресе боранды күндері аулаларды, жолдарды, аллеяларды қар басады. Сондықтан да Павлодар облысының полицейлері елді мекендердің тазалығы мен жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан абаттандыру ережелерін сақтауға ерекше көңіл бөледі.

– 2021 жылдың басынан бастап облыста абаттандыру ережелерін бұзудың 1130-дан астам дерегі анықталды. Барлық құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы(Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Оның айтуынша, аталған бапқа сәйкес осындай құқық бұзушылықтар ескерту жасауға немесе 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға әкеп соғады. Мәселен, осындай фактілер 8 наурызда анықталды. Сағат 11.00 шамасында ПБ кезекші бөліміне  Естай көшесіндегі үйдің жанында орналасқан минимаркетке кіру қар мен мұздың тазартылмауына байланысты мүмкін емес екенін, соның салдарынан арбамен жүре алмайтынын айтып қала тұрғыны хабарласты.

Аталған мекенжайға келген полицейлер дүкен директорына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Оған ескерту жасалды. Дүкеннің жанындағы қар мен мұз қысқа уақытта толығымен тазартылды. Дәл сол күні полицияға осыған ұқсас тағы бір қоңырау келіп түсті. Қала тұрғыны Торайғыров көшесіндегі дүкеннің жанындағы жолдың тайғақ екенін хабарлады.

– Онда жүру өте қауіпті, тайып кету және құлау қаупі бар. Дүкенге қарт адамдар мен балалар да кіреді, – деп шағымданды ер адам. Тәртіп сақшылары бұл факт бойынша да әкімшілік хаттама толтырып, дүкен иесіне ескерту жасады.

Бұдан басқа, полиция қызметкерлері ұйым иелерін, жеке кәсіпкерлерді саналы болуға, іргелес аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуге және қала тұрғындарының жауапкершілігі мен қауіпсіздігін есте сақтауға шақырады.