Наурыздың алғашқы күні кешкісін Алматы әуежайына 4 тонна импорт қызғалдақ, раушан және гүл шоғын жасайтын басқа да гүл түрі жеткізілген. Мереке күндері сатылатын гүлдердің 70 пайызы Алматы қаласы арқылы өзге өңірлерге тарайды екен.
Халықаралық әйелдер күнінде гүл бағасы бірнеше есе қымбаттап кететіні үйреншікті жайт. Кәсіпкерлердің айтуынша, осы бизнеспен айналысатын компаниялар гүлдің бағасына әдетте 30-40% үстеме қосып сатса, мереке күндері оның құны 200-300%-ға шарықтап кетеді. Нарықтың осы сегментіндегі ойыншылар айналымдағы қаржы жыл сайын 100 млн доллар аралығында өзгеріп отыратынын айтады.
Ішкі нарықта Павлодар, Алматы және Ақмола облыстарының кәсіпкерлері өсіретін гүлдер бар. Олардың басым көпшілігі ерте көктемде қалаларды абаттандыруға жұмсалады екен. Басқаша айтқанда, отандық гүл индустриясының өкілдері шахмат тақтасында тек пешкінің рөлін атқарса, «басты ұтысты» ЕО елдері мен Қытайдың ойыншылары иеленіп кетіп жатыр.
Қазақстандық гүл өсірушілердің шетелдік әріптестеріне қарағанда бәсекелестік тұрғысынан бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, отандық гүлдер табиғи хош иісті, әрі сергек. Ал оңтүстікамерикалықтар мен голландиялықтар гүлді алдын ала өсіргеннен кейін ондай гүлдер иісін ерте жоғалтады. Екіншіден, отандық өнім шамамен 40-50%-ға арзан. Мысалы, 51 және 101 раушаннан тұратын «миллионер» гүл шоғын елімізде кез келген уақытта 50-60 мың теңгеге дейін сатып алуға болады. Эквадор гүлдерінің жалғыз артықшылығы − оның сыртқы түрінде, ұзын сабағы мен бүршігі сырттай ерекше көзді тартады. Бірақ мұндай жартылай жасанды гүлдер сатып алғаннан кейін көп ұзамай солып қалатын көрінеді.
101rose.kz және tolko.kz интернет-дүкендерінің иесі Тимур Базарбаев өткен жылдан бері Атырау және Шымкент тұрғындары гүл сатып алудан белсенділік танытып, онлайн режімінде тапсырыс беруге маманданып келе жатқанын айтады. Т.Базарбаевтың айтуынша, онлайн тапсырыстың шығыны аз. Себебі тапсырыс берілген гүлдердің бәрі сатылып, басы артық шығынға жол берілмейді.
Былтырдан бері елімізде десте гүлдерге гауһар тасты жүзік салып, сыйлау сәнге айналды. Мұндай гүлдердің бағасы жүзікті қоса есептегенде 1,5 млн теңгені құрайды. Осылайша, өткен жылдан бастап гүл бизнесі индустриясы мен алтын сататын дүкендер өзара ынтымақтаса жұмыс істей бастаған.
«Бізге сырттан келетін гүлдердің көбі Эквадордан (60%) келеді. Одан кейінгі орында Нидерланд (30%), Колумбия (10%) тұр. Тауарлардың бір бөлігі Қытай мен Өзбекстаннан да тасымалданады. Соңғы екі елдің үлесі шамамен 2-5% айналасында. Шетелдік өнімдер негізінен голландиялық аукциондардан сатып алынады. «Гүл салондары импорттық гүлдері орта есеппен екі-үш күнде бір рет, ал жергілікті өнімді күнделікті сатып алады. Тапсырыс көлемі айына 10 мыңға жуық гүлді құрайды, ал импортталған және жергілікті гүлдердің үлесі − 65% және 35%», дейді Т.Базарбаев.
Сарапшылар гүл дүкендері мен интернет дүкендердегі баға базарларға қарағанда 500-800 теңгеге арзан екенін айтады. 2019 жылы ішкі нарықта сатылған гүлдердің 80 пайызына интернет дүкендер арқылы тапсырыс берілгені осыған дәлел болса керек. Бірақ гүл нарығындағы үлесіміз көңіл көншітпейді. Осы бизнес саласында тәуекел ететін мәселе көп. Көп нәрсе тасымалдау мен сатып алушылардың әлеуетіне байланысты. Әсіресе, уақтылы өтпей қалған гүлдер кәсіпкерді көп сарсаңға салады. Өйткені гүл тез солады, оны ұзақ мерзімге сақтауға келмейді. Сондықтан мереке күндері 2-3 мың теңгеден сатылған гүл мерекеден кейін 500 теңгеге түсіп қалуы әбден мүмкін. Демек, алғашқы екі күнде пайдаға кенелген кәсіпкер үшінші күні шығынын жаба алса, соған да риза болады.
Сарапшылар Үкіметтен қолдау болмаса, алдағы уақытта да импорттан келген гүлдердің үлесі арта беретінін айтады. «Мұхиттың арғы жағынан жеткенше хош исінен айырылып қалатын гүлдерге мойын созғанша, неге жылыжай салып, гүл өсіріп, пайда таппаймыз?» деген мәселе талай мәрте көтерілген. Бірақ отандық инвесторлар тарапынан саланы дамытуға, аяғынан тұрғызуға деген ықылас кемшін. Себебі елімізде гүл өсірушілерге берілетін мемлекеттік жеңілдік жоқ, жұмыс барысында бағыт-бағдар беретін заңнамалық құжат та жасалмаған. Мамандар саланың дамуын ескексіз қайықта жүзіп бара жатқан жолаушының тағдырына теңейтіні соған байланысты.
Гүлдер сапасының халықаралық стандарттарға сәйкестігіне байланысты рейтинг беріледі және оның негізінде баға қалыптасады. Бұл жерде бір-біріне ұқсайтын гүл сұрыптарының бағасын басшылыққа алады екен. Егер бір раушанның бағасы орта есеппен 300-400 теңге болса, онда басқа ойыншылар да сол бағамен сауда жасайды. Бірақ сарапшылар айтқандай, нарықта күшті ойыншылар пайда болған сайын бөлшек саудамен айналысатын ұсақ ойыншылардың жағдайы қиындай түседі екен. Florist.kz интернет-дүкенінің иесі Денис Хон бізге берген сұхбатында гүл бизнесінің табиғаты үстемдікке немесе монополияға бейім екенін айтты. Оларда гүлді сақтаудан бастап, IT-мен интеграциялаудың барлық мүмкіндігі бар. Офлайн дүкендердегі гүлдердің қымбаттауы 70-тен 200%-ға дейін, ал интернет-дүкендерде шамамен 30-40% құрайды. Орташа алғанда, бір салонның жылдық кірісі 10 мыңнан 40 мың долларға дейін өзгереді екен.
Қазір гүл нарығының онлайн сегментінде тұтынушылардың талғамы үшін аламан бәйге жүріп жатыр. Әзірге Алматы мен Нұр-Сұлтанның гүл нарығындағы басымдық интернет салондарда болып тұр. Нарықта орын бар кезде жұмысын сол бағытқа бейімделгендер ұтылмайды.
АЛМАТЫ