Қала іргесіндегі саяжайдан үй жалдап, сонда төрт баламызды тәрбиелеп өсіріп отырған тату-тәтті отбасы едік. Жол апаты жұлынымызды үзгендей болды, шаңырақтың тірегін жұлып түсті... Осынау қиын кезде жан-жағымнан қаумалап, қолдау көрсеткен халқым, қайырымды жандар болмаса, еңсемді көтеріп, ел қатарына қосылу қиын болар еді.
Бәрін басынан бастайын. 2014 жылдан бері Орал қаласында тұрдық. Күйеуім Айбек еш жұмыстан тартынбайтын еңбекқор еді. Көбіне құрылыс жұмысымен айналысып, отбасын тарықтырған жоқ. Соңғы кезде Орал қаласының іргесінде саяжай үйін айына 15 мың теңгеге жалдап тұрдық. Суды даладан тасып, от жағып отырсақ та оған ренжімедік. Кіші қызымыз Айлина дүниеге келген соң «көп балалы отбасы» атанып, мемлекеттік жәрдемақы ала бастадық. Отбасының кірісі көбейіп, болашақтан үмітіміз көп еді. Әттең...
Қаңтардың 11-і естен кетер ме? Жаңақаланың Қызылоба ауылынан Оралға таксимен шыққанбыз. Жол апатының қалай болғанын да білмеймін. Балалармен көліктің артқы жағында отыр едім. Қарсы келе жатқан жүк көлігінің соңынан шыға келген атыраулық такси біз мінген көлікке тура соғылыпты. Біздің жүргізушінің аяғы сынды, жанында отырған жолаушы әйел сол жерде тіл тартпай кетті. Менің күйеуім Айбекті Жедел жәрдем Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізгенімен, екі күн ес-түссіз жатып, қайтыс болды. Біздің көліктегі жолаушылардың бәрі зардап шекті. Үлкен ұлым Әділбек пен екі жасар Алмирамның иығы сынған, Ақеркемнің сол аяғы сынды. Екі айлық Айлинам екеумізді періште қаққан шығар, сәбиім мойнын ауыртып алғанымен аман қалды. Қиын күндер өтті ғой, шырылдап балаларымның жанында, ауруханада жүрдім...
30 жастан аса бере 4 баламен жесір қалу оңай ма? Үйсіз-күйсіз жетім қалған балаларымның болашақ тағдырын ойлап, қайғыдан қан жұтқаным рас. Дегенмен, халқымыздың «Қайғыны бөліссе, азаяды» дегені рас екен. Біздің жағдайымызды естіп, әлеуметтік желіде ел-жұртқа жария салған Айболат Бөкенов деген азамат болды. Бұрын танымайтын, білмейтін блогер жігіт біздің отбасының басына түскен қайғыны өзінікіндей қабылдап, бірнеше жазба жариялапты. Ел ағаларын, қайырымды жандарды ұйымдастырыпты.
Бізге ең алдымен көмектескендер – Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашықова. Депутатымыз бізге уақытша паналау үшін жайлы пәтер жалдап берді. Дәрі-дәрмекпен, қаржылай көмектескендер көп болды. Ең үлкен қажеттілігіміз – баспана еді. Осы кезде ортаға «Харекет» қайырымдылық қоры араласып, қаржы жинауға кірісті. Қордың республикалық басшысы Гүлмира Мұқанқызы, жергілікті филиал төрағасы Демежан бауырымыз бір ай ішінде тиісті қаржыны жинап, Орал қаласының іргесінен – Теректі ауданы Подстепной ауылынан 2 бөлмелі жайлы пәтердің кілтін қолымызға ұстатты. 3 жыл бұрын құрылып, талай жанның алғысын алып жүрген «Харекет» қорының ұйымдастыруымен баспаналы болған 410-шы отбасы біз екенбіз. Бұл қандай қуаныш десеңізші?!
Жаңа баспанамыз өте жайлы, жылы, балабақша тиіп тұр екен. Мектеп те алыс емес. Әзірге ұлым Әділбектің сабағы қашықтан жүріп жатыр ғой. Қалған қыздарым үйде.
«Теңіз тамшыдан құралады» демекші, барша жәрдемдескен адамдарға мың сан рахмет айтамын. Ең бастысы, біздің басымызға түскен қайғыны жұртқа жариялап, қолдаушы болып, басы-қасында жүрген Айболат Бөкеновке алғысым шексіз. Біз сияқты қиын жағдайда қалып, көмекке мұқтаж болған жандарды қуантып жүрген «Харекет» қорына мың алғыс, Алладан қайтсын!
Адам баласы басына қиын күн туғанда қаумалаған халқының қадірін анық біледі екен. Күтпеген жерден келген кесапат бізге соны ұқтырып кетті.
Әдемі ӘБІШЕВА,
көп балалы ана
Батыс Қазақстан облысы