• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2021

Автоматты жүйе суды үнемдейді

385 рет
көрсетілді

Алматылықтар үшін су тапшылығы 100 пайыз шешілді деп айтуға әлі ерте. Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінен келе­тін жерүсті сулары қаланы таза сумен қамтамасыз етуге жеткі­ліксіз. Әрине құбырлардың жалпы тозуы да әсер етеді. Бүгінде шамамен 110 шақырым сумен жабдықтау желілері жөн­деуді қажет етсе, алдыңғы жылдары оның тек 4 шақырымы жөнделді.

Алматылықтарға берілетін судың 30 пайызы − тау өзендері­нен, ал қалған 70 пайызы терең­дігі 150 метрден 500 метрге де­йін­гі ұңғымалардан алынады. Са­рап­шылардың сөзінен ұққа­нымыз, тау суы тұндырылып, на­трий гипохлоритімен, яғни қара­пайым тұзбен зарарсыздандырылады. Аттестаттаудан өткен өн­­­дірістік зертхана су сапасына тәу­лік бойы бақылау жүргізіп отырады. Бүгінде шамамен 110 ша­қырым сумен жабдықтау же­лі­лері жөндеуді қажет етсе, ал­дың­ғы жылдары оның тек 4 ша­қырымы жөнделді.

Алматы тұрғындары күніне орта есеппен 800 мың текше метр су тұтынады, ал мегаполиске 130 мың текше метр су жетпейді. Былтыр ал­матылықтардың суға деген қа­жеттілігі 272 млн текше метрді құрапты.

Шаһардағы «Цифрлы су ар­насы» жүйесі саладағы бірқа­тар қызмет көрсету жұмыс­та­рын едәуір жеңілдетіп отыр. «Ал­маты Су» мекемесі бірер жыл бұрын қала әкімдігінің қол­дауы­­мен «Сумен жабдықтау­дың жиынтық баланс жүйесі», «Сорғы стансаларының техно­логиялық процестерін автомат­тандыру және диспетчер­леу», «Су есептейтін жалпыүйлік ақыл­­ды аспаптарды орнату» се­кілді үш бірдей жобаны қол­данысқа енгізген. Нәтиже­сінде жоба су шығыны мен апатты жағдайлардың санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізгенін көрсеткен. Жоба авторлары бұл жұмыстар құбырлардың тозу деңгейін анықтауға да көмегін тигізгенін айтады. Нәтижесінде Алматыны ауыз сумен қамта­масыз ету мәселесі осы жоба шеңберінде жүргізілді.

Соңғы он жыл ішінде оңтүс­тік астананың аумағы екі есеге көбейді. Алматыда 60-жылдары салынып, тозығы әбден жеткен су құбырлары түгелдей жа­ңар­тылады. Шойын су құ­бы­­ры­ның орнына пластиктен жа­салғаны салынады. Мұндай құбырлардың ерекшелігі, шіріп кетпейді, ұзақ жылдарға жарамды болады.

«Жаңа Алматы» деп аталатын шағын аудандар жақында қалаға қосылғаны белгілі. Бұрын Алматы облысының Талғар ауданына қараған, 2015 жылы қалаға қосылған Көлсай шағын ауданы ұзақ жылдан бері ауыз су тап­шылығын көріп келген болатын. Қазір Алматы қаласының билігі мұнда жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын сумен жаб­дықтау және су бұрудың ин­женер­лік желілерін орнатып жатыр.

Соңғы жылдары қалалық бюджет есебінен 400 шақырымға жуық су құбыры салынды. «Қал­қаман», «Достық», «Алты Алаш» секілді шағын аудандарда суық су мәсе­лелері толығымен шешіліп келеді. Бұдан бөлек «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында 9 шағын ауданға ауыз су тартылуы керек. Биыл соның 5-еуін, атап айтқанда, «Құрамыс», «Қар­ғалы», «Жайлау», «Таужолы», «Тас­­тыбұлақ» сияқты шағын аудандарды сапалы сумен қамтуды жыл соңына дейін аяқтау жоспар­ланған.

Биыл «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Құрылысшы» сияқты біршама шағын аудан тұрғындары да сапалы суық суға қол жеткізбек. Медеу, Жетісу, Түрксіб ауданда­рында да инженерлік желілер жүргізілуде.

Сумен қамтамасыз ету проб­лемасы − Наурызбай ауданындағы ең өт­кір мәселелердің бірі. Бұл ту­ралы тұрғындар қала әкімі­мен өткен кездесулерде жиі айтып жүр. Аудандағы орталық­тан­дырылған сумен жабдықтау үлесі тек 30 пайызды құрайды. Қалғаны жеке құдықтар және Қарғалы мен Ақсай өзендерінен келетін ашық су көздері. Ал оның са­пасы күмән туғызады. Алай­да Наурызбай тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақ­са­тында «Қарғалы» су қабыл­дағышы мен сүзгі стансасы салынып жатыр. Биыл стансаны төрт шағын ауданмен байланыстыратын магистральдық желілердің құрылысы басталмақ.

Наурызбайдағы «Таужолы» ша­ғын ауданында негізінен жер үйлер орналасқан. Жеке сек­тор­­дың барлығы саяжай санаты­на жатады. Соңғы 20-30 жыл ішін­де Қарасай ауданында көп­те­ген құрылыс жүрді. Бірақ жер учас­­келері шағын болғандықтан, құ­быр­лары да жіңішке және оның 80 пайызы тозған. Сондықтан да ауыз сумен жабдықтау көлемі жеткіліксіз.

– Мұндай мәселе «Тау­ жо­лын­да» да бар. Ескі су қабыл­дағыштан келетін құбыр Нау­рыз­бай ауданын ғана емес, Қа­ра­сай ауданының бір бөлігін, Қыр­ғауылды, Жаңатұрмыс ауыл­дарын да сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан тұрғындар су тапшылығын тартып келді» деп түсіндірді Наурызбай аудандық әкімдігінің өкілі Өркен Қодаров.

Мамандар тіршілік нәрін үнем­деу, келешекте су тап­шылығын тартпас үшін оны өнді­руден бас­тап, халыққа таратуға дейінгі ке­зеңдерді автоматты жүйе­ге ауыс­тыру керегін алға тартады. Қала әкім­дігі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілгеннен кейін осы жүйеге толық көшетінін білдірді.

 

АЛМАТЫ