• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Наурыз, 2021

СІМ 33 мың қазақстандықтың елге оралуына қолұшын тигізді

238 рет
көрсетілді

Осыдан бір жыл бұрын коронавирус инфекциясы таралған алғашқы күндері-ақ Сыртқы істер министрлігі шетелдегі азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін түрлі бағыттарда еңбек етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Министрліктің баспасөз қызметі пандемия кезеңінде атқарылған жұмысты баяндады.

Атап айтқанда, Қазақстан азаматтарына консультативтік көмек көрсету үшін сыртқы саяси ведомство жанынан жедел штаб құрылды, ол тәулік бойы электрондық поштаға және жедел желі телефондарына келіп түсетін сауалдарды қарастырды.

Штабтағы жедел желінің үш нөмірі де – 72-00-46, 72-00-47, 72-05-49 және covid19@mfa.kz. электронды поштасы әлі жұмыс істеп тұр.

«ҚР СІМ орталық аппараты мен шет елдердегі мекемелер қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы арқылы 2020 жылғы 2 ақпаннан бастап қазіргі күнге дейін әлемнің 72 елінен 33 мыңнан астам ҚР азаматын елге қайтаруға жәрдем көрсетілген. Осы мақсатта 424 чартерлік, арнайы және тұрақты авиациялық, автобус және паром рейстері пайдаланылды. Денсаулық сақтау министрлігімен және Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ауыр сырқаттанған қазақстандықтарды санитарлық және әскери-көлік авиациясымен жеткізуге көмек көрсетілді», делінген министрлік хабарламасында.

СІМ көршілес мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан арқылы транзиттік дәлізге (теміржол және автобус көлігімен) рұқсат беруді тұрақты түрде ұйымдастырды. Шет мемлекеттерге олардың азаматтары үшін репатриациялық әуе рейстерін жүргізуге және Қазақстан аумағынан гуманитарлық жүкті тасымалдауға көмек көрсетілді.

Мысалы, ҚР СІМ көмегімен еліміздің аумағы арқылы 40 мыңнан астам Өзбекстан азаматы, 13 мыңнан астам Қырғызстан азаматы және 3 мыңнан астам Тәжікстан азаматы тасымалданған.

«СІМ қызметіндегі бөлек блок ретінде – шетелдік әріптестеріміздің гуманитарлық көмектерін жеткізу, тәжірибе алмасу үшін денсаулық сақтау саласындағы шетелдің жетекші мамандарымен бейнеконференция жасау мәселелері тұрды. Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомствоның қызметкерлері отандық медицина қажеттіліктері үшін белгілі бір дәрі-дәрмек пен арнайы жабдықтарды жеткізу бойынша шетелдік серіктестермен келіссөздер процесіне тікелей қатысты. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ТЖ режимі кезеңінде ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібінің жобасын әзірледі. Елдегі төтенше жағдай режимі аяқталған соң «2020 жылғы 11 мамырдан бастап карантин шаралары кезеңіндегі ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі» пысықталып, қабылданды», дейді министрлік.