• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2010

ИНТЕГРАЦИЯ – ӘЛЕМДІК ҚҰБЫЛЫС

680 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысында депутаттар төрт заңдық құжатты талқыға салды. Күн тәртібіне қойылған мәселелер саны аз көрінгенімен, сенаторлардың заң жобасын таныстырушыларға деген сұрақтары көп болды. Алдымен депутаттар назарына “Сәйкестігі міндетті бағалануға (расталуға) жататын өнімнің Кеден одағының кедендік аумағындағы айналысы туралы келісімді рати­фи­ка­циялау туралы” заң жобасы ұсы­ныл­ды. Оны жаңадан тағайын­дал­ған Индустрия және жаңа тех­но­логиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау таныстырды. Келісім өнімнің сәйкестігін міндетті баға­лау (растау) жөніндегі жұмыстар нәтижелерін, сынақ хаттамалары мен сәйкестік сертификаттарын өз­ара тануды көздейді. Яғни, сынақ зертханаларында расталған тауар­лар 3 ел тарапынан да танылып, Ке­ден одағы аумағында тауарлар­дың еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Талқылау барысында отандық тауар өндірушілер мүддесін қорғау, қазақстандық өнімдердің көбірек болуы, өнім қауіпсіздігі саласын­да­ғы талаптардың сақталмағаны үшін құқықтық жауапкершілік жайын­да­ғы депутаттардың сауалдарына заң жобасын әзірлеушілер жауап берді. Заң шығарушылардың пікірінше, қазіргі кезде халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Адамдар бірыңғай экономикалық кеңістіктің тиімділігі мен басымдықтары жайында ха­бар­дар болуы, ал кәсіпкерлер Кеден одағының жағдайлары мен салық салу жүйесі, кедендік ресімдеулер және тағы басқа да мәселелерді ай­қын білуі тиіс. “Мемлекет басшысы айтқандай, біз тек алға ілгерілейміз, Кеден одағы жасалуы керек, оған еш­қандай күмән жоқ”, – деді осы­ған байланысты Төраға. Ол сондай-ақ “Интеграция – әлемдік құбы­лыс, оның барысында тек жеңім­паз­дар немесе ұтылғандар болмай­ды, мұндай үдерістерде әрқашан мүдделер тепе-теңдігі іздестіріліп отырады”, – деді. Қ.Тоқаевтың сөзінен кейін депутаттар заң жобасын қабылдауды ұйғарды. “Жер қойнауы және жер қой­нау­ын пайдалану туралы” заң жо­ба­сы да қызу талқыға түсті. Заң жо­басын палата комитетінде қарау ба­ры­сында мұнай мен газ өндіру са­ла­сындағы заңнамаларды елеулі түр­де жетілдіруді көздейтін 60-қа жуық өзгерістер сарапқа салынған екен. 1995 жылғы “Мұнай туралы” және 1996 жылғы “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану ту­ра­лы” заңдарды біріктірген жаңа заң жобасы жер қойнауын пайда­ла­ну саласындағы қоғамдық қаты­нас­тарды құқықтық реттеуді көз­дейді. Сондай-ақ, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісім-шарт тек стратегиялық маңызды күрделі геологиялық кен орындарына қа­тыс­ты жасалуы мүмкін. Талқыдан өт­кен заңдық құжат бірқатар өзге­ріс­терімен Мәжіліске жіберілетін болды. Сол сияқты “Қазақстан Рес­пуб­ли­касының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне өрт қауіпсіздігі мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы” және “Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне трансферттік баға белгілеу және салық салу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жо­баларына өзгерістер мен түзе­ту­лер енгізіл­геннен кейін Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.