Батыс Қазақстан облысында 14 наурыз – дәстүрлі көрісу күні кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстанның батыс өңірінде ежелден ерекше аталып өтетін көрісу мерекесі биыл да 14 наурызда санитария-эпидемиология талаптарын сақтай отырып аталып өтті. Бір қуанарлығы бұл мереке бұрын өңірлік деңгейде болса, жыл өткен сайын жалпыхалықтық сипат алып бара жатыр.
Көне күнтізбе бойынша хамал айы басталатын бұл күні Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен шарада өңір басшысы Ғали Есқалиев облыс тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Наурыз келісімен Ұлы даламыз көркейіп, жаңғырып, керемет кейіпке енеді. Халқымыз «күз жауынымен сәнді, қыс қарымен әрлі» деп бекер айтпаған. Қазақ ерте көктемде қар көп болса, келер жылда молшылық болады деп есептеген. Қысты артқа тастап, қаңқылдап қаздар келетін, жан біткен жаңғырып, жасанып жақсы бір күйге енетін көктемнің ғажап мерекесі – Көрісу мерекесі де келіп жетті. Бұл ежелден келе жатқан мереке. Халықтың ата кәсібі мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан, көптен бірін бірі көрмеген ағайын-туыс, бауырлар қыстан аман шығып, сағынысып бас қосатын үлкен маңызы бар мейрам. Сондықтан ата-бабамыздан қалған мерекені тойлау бізге бұйырған бақыт.
Қадірлі ел ағалары, ақ жаулықты апалар, сіздерді көктемнің тамаша мерекесі – Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің ақ баталарыңыздан, риясыз көңілдеріңізден біз рух пен күш-қуат аламыз. Әрине, өткен жылға өкпе жоқ дегенмен, өткен жыл елдегі індетке байланысты бәрімізге де оңай тиген жоқ. Дегенмен жаңа жылда әрқайсымыз бір-бірімізге қолдау-демеу көрсетіп, жанашыр боп жүрсек біз кез келген қиындықтарды еңсереміз», деді Ғали Есқалиев.
Сақтық шаралары барынша сақталып өткен театрдағы шарада ардагер көркемөнерпаздардан құралған «Ағалар әуені» тобы мен «Әже сәлемі» ансамблі, облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Назерке», «Салтанат» би ансамблдері өнер көрсетіп, дәстүрлі көрісу салтынан көрініс көрсетілді. Әжелер шашу шашып, жас келіндер сәлем салып, қонақтарға көже мен бауырсақ ұсынды. Үлкендер жағы жиналғандарға ақ батасын берді.
Бұл күні Батыс Қазақстан облысының әр ауданында, Орал қаласының әр жерінде түрлі шаралар болып жатты. Жастар мәдениет үйінің және мәдени-ағарту бірлестігінің өнерпаздары, қалалық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, облыстық ресурстық орталықтың мамандары Орал қаласындағы қоғамдық көліктерде ән шашу шашып, ізгі тілектерін жолдап, викториналық сұрақтар қойып, салт-дәстүр туралы мәліметтер берді. Сұрақтардың жауабын дәл тапқан жолаушылар түрлі сыйлыққа ие болды.
Бұл күні Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары қатарына енген Дәдем ата – Жұмағазы қазірет зияратында да ас беріліп, наурыз көже таратылды. Жеті жылдан бері өтіп келе жатқан дәстүрлі шара биыл карантин талаптарына сай ұйымдастырылды. Жиналғандар алдында филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, өлкетанушы, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин наурыз мерекесі мен көрісу айтының тарихы мен мән-маңызын әңгімелеп берді. Заңгер Абзал Құспан «Отбасы хрестоматиясы» айдарымен шығып жатқан жаңа кітаптарды таныстырса, Орал қалалық мәслихатының депутаты, белгілі өнерпаз Арман Биғалиев халықты мейраммен құттықтап, патриоттық әндерді шырқады.
Көрісу күніне орай Бөрлі және Сырым ауданында ұлттық ат спорты түрлерінен түрлі жарыстар өтті. Ал Орал қаласында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығыынң жазғы амфитеатрда өткен қайырымдылық шарасында жиналған қаржы ауыр дертке шалдыққан оралдық бүлдіршін Эмир Шахмаровтың отбасына берілді.
«Көрісу – жүректегі Нұрды бөлісу» деп ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда жазғандай, бұл күні ұйымдастырылған әрбір іс-шара ізгілікке толы болды.