Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Жамбыл су» мекемесіне барды. Аталған мекеменің директоры Марат Смайыловтың есебін тыңдап, одан көптеген түйткілді мәселелер бойынша сауалдарға жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Мекемеге 649 шақырым су құбыры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 автокөлігі бар. Жылдық айналымы 1,8 миллиард теңге. Қазіргі кезде кәсіпорын Еуропалық Қайта құру және даму банкімен бірлесіп, облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда. Бірақ барлық монополистер сияқты, аталған су компаниясы да тарифтердің төмендігіне шағымданады. Компания өткен жылды 283,7 миллион теңге шығынмен қорытындылаған. Алдыңғы жылы да осындай жағдай орын алған. Коронавирус індетіне байланысты енгізілген төтенше жағдай және карантиндік шаралар да өз әсерін тигізген. Шығындарды өтеу мен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің алдындағы міндеттемелерді орындау үшін облыстық бюджеттен 223 миллион теңге бөлінсе, ағымдағы жылы тағы 209 миллион теңге түседі. Су құбырларының тозуы 71 пайыз, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрайды. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейтін болса, олардың орташа жалақы көрсеткіштері 121,4 мың теңге көлемінде. Алайда, Бердібек Сапарбаев аталған кәсіпорынның жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Тұтынушылардың су шығынын, кәсіпорынның өз қаржысын есепке алу және бақылау жұмыстары оң жолға қойылмаған. «Жамбыл су» үнемі бюджет қаржысына иек артпай, қосымша қаржыландыру көздерін іздестіру керектігі де сөз болды. Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасары Ұлан Жазылбекке жұмыс тобын құрып, екі апта ішінде Еуропалық Қайта құру және даму банкі қаражатының тиімді жұмсалуын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырды. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Сонымен қатар, жалпыүйлік және жеке есептеу құралдарын орнату жайы да сөз болды. Мұндай қондырғымен барлық үйлер мен пәтерлер түгелдей қамтылмаған. Соның салдарынан жыл сайынғы судың шығын мөлшері 24 миллион текше метрге дейін жетуде. Штат саны бойынша да сұрақтар туындады. Миллион халқы бар Шымкент қаласындағы осындай кәсіпорында 790 адам қызмет етеді екен. «Әкімшілік-басқарушылық аппаратта 50 шақты қызметкер жұмыс істейді. Ал, директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар, кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы үш мың теңгеге ғана өскен. Бұл ретте инфляция мен басқа да себептерді ескере отырып, жалақы жыл сайын кемінде 10 пайызға өсуі тиіс. Сіздер тарифтер төмен деп айтасыздар. Бірақ басқа кәсіпорындар да осындай жағдайда жұмыс істеуде, соған сәйкес қосымша резервтер іздеуге тырысады. Пандемия кезінде су мен басқа да коммуналдық қызметтердің қымбаттауы туралы мәселе туындауы мүмкін емес. Сонымен қатар, әр пәтерде есептегіш құралдары болуы тиіс бүгінгідей кезде 70 контроллер ұстау аса көп емес пе? Оларға жұмсалған қаржыны тиімді пайдалана отырып, басқа бағытта қолданған дұрыс шығар. Мәселен, сол жалпыүйлік және жеке су есептегіштерінің кеңінен орнатылуына бақылауды жүзеге асыру керек», деді әкім. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев апаттық жағдайлар жиі орын алатын қараусыз желілерді теңгерімге алуға көңіл бөлді. Иесі жоқ болғандықтан, олар бақылаусыз қалуда. Сонымен қатар, облыс әкімі кәсіпорындағы бақылау мен есеп жүргізу жұмыстарының әлсіздігін де атап өтті. Су құбырларын ауыстырудың орта мерзімді жоспарын жасауды, қараусыз су құбырларының иелерін анықтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда, тиісті басшыларға мәселені сот арқылы шешуді жүктеді.