Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың қатысуымен Мемлекет басшысы бекіткен Мемлекеттік басқару тұжырымдамасына арналған баспасөз-конференциясы өтті.
Жиында «Тұжырымдама азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақсартуға, мемлекеттік жоспарлаудың тиімділігін, мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтер көрсетудің белсенді форматына көшуге, реттеушілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерін трансформациялауға бағытталған», деді Анар Жайылғанова.
Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі «халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына негізделетін болады. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде таланттарды іздестіру және оларды республикалық деңгейде мемлекеттік қызметке тарту жөніндегі тетіктер жетілдірілетінін атап өтті. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту және мемлекеттік аппараттың әлеуетін арттыру үшін Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуді одан әрі жүйелеу бойынша жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, осы жылы Президенттік резервке екінші іріктеу өтеді.
Мемлекеттік қызмет проблемаларының бірі мемлекеттік органдарда бейінді және бірегей мамандардың жетіспеушілігі болып қалуда, қажетті құзыреттері бар осындай адамдарды тарту үшін, меритократия қағидаттарын сақтай отырып, «позициялық» модельдің элементтері кеңейтілетін болады. Іріктеу рәсімдерін одан әрі жетілдіру кезінде кандидаттардың, оның ішінде жұртшылық пен сарапшыларды тарта отырып, кәсіби және жеке құзыреттерін бағалауға баса назар аударылады.
Іріктеудің барлық кезеңдері автоматтандырылады, бұл іріктеу процестерінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ кандидаттарды проактивті түрде іздеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тағы бір жаңашылдық – келісімшарттық мемлекеттік қызметшілер институтын енгізу. Бұл мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезеңінде арнайы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Аталған міндеттер персоналды басқару қызметтерінің өкілеттіктері мен мәртебесін қайта қарауды және олардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруды талап етеді. «Кадрлық стратегия» және «кадрлық жоспарлау» сияқты ұғымдар енгізілетін болады. «Кадрлық жұмыстан адами ресурстарды басқаруға көшу персоналды басқару қызметтерін күнделікті жұмыстан босатуды және олардың қызметін цифрландыруды талап етеді. Осы мақсатта біз операциялық кадрлық процестерді оңтайландыруға және автоматтандыруға мүмкіндік беретін iQyzmet ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді А.Жайылғанова.
Брифинг барысында орталық пен өңірлер арасында білікті мамандарды бөлудегі теңгерімсіздік (қабілетті кадрлар орталықта жұмыс істеуге тырысады) және министрліктердің мемлекеттік қызметшілерінің жергілікті жерлердегі жағдайды білуінің жеткіліксіздігі байқалатыны айтылды. Ведомство басшысының айтуынша, орталықта жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі өңірлерде ұқсас көрсеткіштен 4,6 есе жоғары (орталықта – 16,6%, өңірлерде – 3,6%); «Болашақ» бағдарламасын бітірушілер – 29 есе (орталықта – 4,5%, өңірлерде – 0,2%); Мемлекеттік басқару академиясының түлектері – 14 есе жоғары (орталықта – 5,3%, өңірлерде – 0,4 %). Осыған байланысты, Агенттік орталық пен өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайларын теңдестіру бойынша бірқатар іс-шара әзірлеуде. Бұл, мысалы, орталық пен аймақтар арасындағы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі иерархия арасындағы жалақыдағы сәйкессіздіктерді азайтатын ФБШ (факторлы балдық шәкіл) жүйесі.
Мемлекеттік аппараттағы жұмыстың тартымдылығы әлеуметтік пакетті қайта қарау есебінен де артатын болады.
«Сонымен бірге, «жаңа формация басшысы» бағдарламасын іске асыру арқылы трансформациялық көшбасшылар институты дамитын болады», деді агенттік төрағасы.