Қайғылы оқиға Қарағандының 21-інші шағынауданында, бесінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерде болды. Сыйымдылығы 27 литр болатын газ баллоны жарылған. Оқиға салдарынан ауруханаға өте ауыр халде ер адам жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz
«16 наурызда сағат 00:45-те Қарағандының 21-шағынауданында 5-қабаттағы бір бөлмелі пәтерде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, 5 шаршы метр аумақта үй заттары мен жиһаздары жанып кетті. Өрт орнынан 1994 жылы туған ер адам ауруханаға жеткізілді. Өрт 1 сағат 19 минутта сөндірілді. ТЖД күшімен баспалдақ маршы бойынша бір адам құтқарылып, 25 адам (оның ішінде алты бала) эвакуацияланды. Оқиға орнына ТЖД-нің 40 қызметкері мен 11 техникасы жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, оттың шығу себебі – 27 литрлік газ баллонының редукторынан газ-ауа қоспасының ағып кетуі. Қарағанды облысының ТЖД еске салады: 2 қабаттан артық қабатты көппәтерлі үйлерде газ баллондарын пайдалануға тыйым салынады. Тек жарамды газ жабдықтарын пайдалану қажет», деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД-дан.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы ер адамның жағдайы туралы хабарлады.
«16 наурызда 1994 жылы туған науқас Пришахтинскіден жедел жәрдем бригадасымен Мақажанов клиникасының қабылдау бөлмесіне шамамен 1 сағат 30 минутта жеткізілді. Науқас өте ауыр жағдайда, аяқ-қол, бет, мойын, арқаның 45% ІІІ B дәрежелі күйік жарақатымен, күйік шогы күйінде жеткізілді. Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда», деп нақтылады ведомстводан.
Жарылыс салдарынан тұрғын үйде электр энергиясы ақаулары пайда болды. Алайда, «Қарағанды Жарық» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір электр қуаты тек жарылыс болған кіреберісте ғана жоқ. Октябрь ауданының әкімдігі пәтер мен кіреберісті тазалау жұмыстарын ұйымдастырды.
«Тұрғындар арасында басқа зардап шеккендер жоқ және олардың барлығы өз пәтерлерінде. Үйде жылыту және су беру қалыпқа келтірілді. Электр энергиясына келетін болсақ, ол тек өрт болған кіреберісте ғана жоқ, жақын арада «Қарағанды Жарық« ЖШС мамандары мәселені шешетін болады. Жергілікті әкімдіктің күшімен пәтерді болған жағдайдан тазарту жұмыстары ұйымдастырылды», деп түсіндірді ведомствода.
Еске сала кетейік, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Рүстембеков көшесі, 29, жеке тұрғын үйде түскі 13:30 кезінде 27 литрлік газ баллоны жарылды. 144 шаршы метр жер өртке оранып, 4 адам қайтыс болған еді.