Онлайн-режимде, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен, волонтерлік кеңестің IV отырысы өтті. Іс-шараны ресейлік тарап ұйымдастырды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, РФ еріктілер орталықтары қауымдастығы кеңесі төрағасының орынбасары Иван Радько, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, БҰҰ Қазақстандағы еріктілер бағдарламасының үйлестірушісі Никита Шабаев, Росмолодежа халықаралық қызметінің, РФ волонтерлердің ұтқырлығы орталығының, "Ұлы Дала Елі" ҚБ, "Ұлттық волонтерлік желі" ЗТБ басшылары және Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік және жастар ұйымдарының басқа да өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде бірлескен жобаларды іске асыру, ынтымақтастық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және V отырыстың міндеттерін айқындау мәселелері талқыланды.
М.Қожахмет Қазақстанның отандық волонтерлікті дамытудағы жетістіктері туралы айтып, қатысушылардың назарын алдағы мақсаттарға, атап айтқанда, БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында айтылған волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы Қазақстан Президентінің бастамасын ілгерілетуге аударды. Сонымен қатар, М.Қожахмет ресейлік әріптестерін Қазақстанның идеясын халықаралық аренада табысты ілгерілету үшін қолдау көрсетуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, волонтерлік кеңес 2019 жылы Қостанай қаласында өткен Қазақстан мен Ресей жастары көшбасшыларының форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен алғаш рет құрылған болатын.
Кеңестің мақсаты – ақпараттық, әдістемелік және сараптамалық даму тәжірибесін кеңейтуге бағытталған жастар және волонтерлер қозғалысын дамыту саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру.