• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 18 Наурыз, 2021

Театрмен қайта қауышты

375 рет
көрсетілді

І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры ұзақ үзілістен кейін қайта шымылдығын түрді. Карантиннің құрсауы жібіп, мәдени нысандар ұзын арқан, кең тұсау тіршілікке көшкелі тынымсыз дайындыққа кіріскен театр ұжымы наурыздың басында көрермендеріне «Өтелмеген парыз», «Сыған серенадасы», «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» атты үш бірдей жаңа қойылымды ұсынып отыр.

Қазақ театры 4-5 наурыз күн­дері қауіпті індетке қарсы алдың­ғы шепте күрескен дәрігер­лер мен полиция қыз­меткерлерін, волонтерлерді театрға ша­қы­рып тегін спектакль көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер жалпыұлттық марафонын» ұсынған болатын. Біз осы жоба аясында екі күн бойы «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын қайырымдылық спектаклі ретінде тегін қойып, пандемияға қарсы күрескен қаһармандарға деген өз сый-құрметімізді білдірдік, – деді театр басшысы Әлімхан Мырзахан.

6 наурыз күні театрда Тө­лен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесінің желісімен қойылған «Өтелмеген парыз» драмасының тұсауы кесілді.

– Жазушының бұл повесі өткен ғасыр­дың 60-шы жылдары жазылған.

Соған қарамастан, күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған шы­ғарма. Қазақ пайымында қыздың абыройы – елдің абыройы. Ал бүгінгі қоғамда көптеген қаракөзіміздің ар-абыройы табан астында тапталып қалып жататыны жасырын емес. Осы мәселе көптен бері жанымды жегідей жеп маза бермей жүрген. Бүлінген тағдырдың обалын ар­қалаған Болат­жанның мезгілсіз өлі­мі, жалғыз ұлы­нан айырылып аңырап қалған Қо­жа­бек қария­ның трагедиясын ашып көр­сететін Төлен Әбдіктің пове­сін оқыған соң, бұл драманы қоя алмай тұра алмадым, – деді театр­дың көркемдік жетекшісі Батырбек Мырзахан.

Ең бастысы, қойылым көрер­мен көңі­лінен шықты. Расымен де, сахнада өтіп жат­қан өмір көріністері шынайы әрі әсерлі. Ең артқы қатарда отыр­ған соң бай­қап отырдық, ақ жау­лықты ана­лардың көбі әлсін-әлсін көз жасын сүрте берді. Әртістердің бейне сомдау шеберлігі де ерекше. Оқиғалар желісі де соншалықты жинақы, үйлесімді. Қойылым аяқталған соң көпшілік әртіс­терді сахнадан жібермей ұзақ қол шапа­лақ­тап тұрып алды.  

Премьераға келген көрер­мен­дер­дің қатарында облыс­тық мәдениет басқар­масы­ның бас­шысы Ерлан Қалмақов та отырды.

– Біріншіден, біздің жерле­сіміз, қазіргі қазақ әдебиетінің төрінде отырған абызы Төлен Әб­дік сынды қаламгердің осы бір шығармасы Қостанай театрын­да сахналануының өзі – біз үшін үлкен мәртебе. Әртістердің үл­кен жұмыс атқар­ғанын өзде­ріңіз көріп отырсыздар. Бұл қойы­лымның толық нұсқасы ал­дағы уақытта облыстық телеарна эфирінен көрсетіледі, – деді басқарма басшысы.

Қостанай қазақ театры жуыр­­да сон­дай-ақ Исраил Сапар­бай­дың «Сыған сере­надасы» музы­калық драмасын көрер­мен­деріне тарту етті.

 

Қостанай облысы