• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Наурыз, 2021

Таңбасыз тауар – табыстың жауы

232 рет
көрсетілді

Осыдан екі апта бұрын елімізде 2 мыңға жуық арақ бөтелкесі цифрланып, тауар таңбасы жапсырылды. Алкоголь өнімдерін таңбалау биыл қыркүйекке дейін жалғасады. Үкімет одан бөлек аяқ киім, фармацевтикалық препарат, сүт өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарларын да таңбалауды жоспарлап отыр. Қысқасы, әр ауылдың шеткі бұрышында жайқалып тұрған және нарықтағы сол секілді мыңдаған құжатсыз «қара бизнеске» зауал келмек. Үкіметтің жаппай тауар таңбалайық дегендегі мақсаты да сол – салығы қазынаға түспей, пайдасы жықпыл-жырамен айнала қашқан ақшаны ретке келтіру, көлеңкелі сауда-саттықтың жолын кесу.

ЕАЭО интеграциялық про­цестері шеңберінде бірқатар бұйымдар мен өнімдерді мін­детті таңбалау басталғаны бел­гілі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, тауар таңбалау – тауар­лардың еркін және заңды айналымын қамтамасыз етіп, тең сауда мен адал бәсекеге жол ашады. Қазірдің өзінде тері бұйымдарын таңбалау салық заңнамасын бұзушыларды анықтауға көмектесіп, патент негізінде қызметті жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есе қысқарған. Жалпы, тауар таңбалау енгізілгелі отырған 6 саладағы көлеңкелі бизнестің қазіргі үлесі 63 пайызға жете­ді екен. Код атаулы түгел жап­сы­рылған соң заңды тауар ай­налымының көлемі 337 млрд теңгеге, ал бюджет кірістері 58 млрд теңгеге артуы мүмкін.

Тауар таңбалау бойынша бірыңғай оператор болып бекітілген «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, темекі өнімдерін таңбалау 2020 жылы 1 қазаннан басталып, 283 млн код шығарылған. Таңбаланбаған темекі өнімдерінің қалдықтарын 2021 жылғы 1 қазанға дейін өткізу көзделген. Қазір төрт тауар тобы бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырып жатыр: пилоттық мерзім біткен соң алкоголь өнімдерін міндетті таңбалау 2021 жылдың 1 сәуі­рінде, аяқ киім тауарларын таңбалау 2021 жылы 1 шіл­деде, дәрі-дәрмектер мен сүт өнімдерін таңбалау 2022 жылы 1 қаңтарда басталмақ. 

– Тауарларды таңбалау жүйесін енгізу мемлекет экономикасына да, бизнеске де, қоғамға да пайда әкеледі. Со­ның нәтижесінде көлеңкелі на­рық көлемі 2025 жылға дейін 50 пайызға төмендейді. Біз­дің есептеуіміз бойынша, 2025 жылға дейін бюджетке 58,4 млрд теңге сомасында қо­сымша түсімдер түседі, – деді Қ.Есекеев. Бастама табыс әкеліп қана қоймай, IT нарығы үшін экожүйе құру, қаптама өндірушілері үшін сервисті дамыту сияқты маңызды істердің кедергісіз бас­талуына әсер етпек.

IT дегеннен шығады, «Қазақтелеком» тауарға жап­сы­рылған Data Matrix коды арқылы тауар қозғалысын то­лық бақылап отыра алады. Өн­дірушіден тұтынушыға дейін­гі аралықта. Код жал­ған нұсқалардан жақсы қорғал­ған және темекінің әрбір партия­сының өндірушісі, олардың кө­терме саудагерлері мен сатушылары туралы ақпаратты қам­тиды және арнайы сканердің көмегімен тауарларға арналған әрбір келесі бағаны тіркей алады. Дәл осындай жүйе отандық нарықты контрафактілік және контрабандалық тауарлардан қорғамақ. Қазірдің өзінде тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде 17 мың­нан астам кәсіпорын тіркелген. Оларды да осынау жүйе аясында даярлықтан өткізеді.

Мәселен, ақпан айында киім және текстильді таңбалау бо­йынша қанатқақты жоба бас­талып, оған 15 компания қаты­сатын болды. Цифрлы экономиканы дамыту орталығы­ның бас директоры Бикеш Құр­манғалиеваның сөзінше, өндірушілер мен импорт­тау­шылар өнімдерді Data Matrix кодымен таңбалау бойынша арнайы құрылғылар алады. Әрбір тауар бірлігі туралы дерек ортақ ақпараттық жүйе­­ге енгізіледі. Криптоқорғау ар­қы­лы Data Matrix кодын қай­талап жасау мүмкін емес.

– Кейіннен өнімдер сауда нүктелеріне жеткізіледі, со­дан кейін олар 2D сканер немесе Naqty Sauda мобильді қосым­шасы арқылы айналым­нан шығарылады. Әрбір пилот­тық қатысушы үшін таңбалау про­цестерін жүзеге асырудың жеке жол картасы жасалады. Қанат­қақты жобаға қатысу – таңбалау ерекшеліктерін меңгеріп алу үшін тамаша мүмкіндік. Алдын ала білу арқылы компаниялар өндіріс жұмыстарын өзгертеді, кәсіпорынды жаңашылдыққа бейімдейді. Біз диалогқа әзірміз. Сондықтан әлі тізімге енбеген нарық операторларын жобаға шақырамыз, – деді орталық бас­шысы.

Эксперттердің бағалауынша, дәл қазір отандық киім нары­ғының 58 пайызы көлеңкелі биз­нестен құралған. Нарықтың құны шамамен 977,5 млн теңге шамасында. Егер таңбалау рәсімі сәтті өткерілсе, 2025 жылға таман бұл нарықтың құны 33-82 млрд теңге аралығына дейін өспек.

Мақаланың басында айтқан қарапайым дүкендер мұндай ірі талаптарды орындауға тым қау­қарсыз. Олар заңды айна­лым­ға қосылу үшін ресми түр­де тіркеліп, темекі өнімдері үшін 2D-сканерлер орнатуы тиіс. Ал олар мұны қиын, түсі­ніксіз және қымбат дейді. Жо­баны ұсынушылар былай тәп­сірлейді: ақшаңыз жетпесе сканер алып та қажет емес. Әуелі ismet.kz сайтының «тауар­ларды таңбалау» жүйесіне тір­келіңіз. Сосын NaqtySauda.Kassa мобильді қосымшасын жүктеңіз. Яғни тауарды сол мобильді қосымша арқылы-ақ сканерлеп сата бересіз.

– Кәсіпкерлер сканер бағасы 50 мың теңге деп қымбатсынып жатыр. Бұл жалған ақпарат. Ондай құрылғыларды 25 мың­ға да алуға болады. Алмай­тын­дар үшін мобильді қосымша шы­ғарып қойдық. Сол жүйемен тауарды анықтап, есептен шы­ғаруға болады, – деген еді мем­лекеттік кірістер депар­таменті әкім­шілендіру басқар­ма­сының бас сарапшысы Нұр­дәулет Орын­­тай.

Әлдебір заң, әлдебір тәр­тіп енгізілер сәтте мемлекет пен бизнес, мемлекет пен қоғам ара­­сындағы осындай түсініс­пеушілік туындауы біз үшін таңсық емес. Әрі мұндай дау-дамай сәтінде қоғам мен бизнес өкілдерінің уәжі орынды, сөзі салмақты шығып жататыны да бар. Бұл жолы да солай. Кәсіп­керлердің айтқанынан түйгеніміз – жүктеп ал да істей бер деген мобильді қосымша тым ұзақ ойланады, ал бұл сау­даны баяулатады, клиентті қашырады... 2D сканер алдым деген күннің өзінде оны негізгі кассамен, терминалмен жалғау, параметрлерін реттеу керек. Оның бәрін үйлестіріп бергенге маман аз ақы сұрамайды. Элек­тронды жүйе кірпік қақпай жұмыс істеу үшін жарық ұдайы жанып, интернет жылдамдығы жүйткіп тұруы тиіс. Ал бізде интернеттің қаншалықты жайбасар екенін көшедегі кез келген азамат айтып бере алады. Қысқасы, бастама тәуір, тек соны іліп әкетуге тиіс факторлар солқылдап тұр. Оның тұғырын бекітіп беруге мемлекет қаншалықты ықыласты? Ертең осыншама қиындығы бар шаруадан айналып өту үшін кәсіпкер мен атқарушы билік тағы «келісімге» барып жүр­мей ме? Сауал көп. Көлең­келі бизнестің алдын аламыз деп басталған жоба басқа бір көлеңкелі бизнеске жол ашып беріп жүрмесе игі.