Қандай да бір құрмет адамға алғашқы кезекте еңбегінің арқасында келетіні белгілі. Еңбегі мен отбасы, әулет бірлігіне ұйытқы болуда жан-тәнімен беріле қызмет еткен жанның жұлдызы қашанда жоғары болмақ. Оған құдай берген қабілет қосылса, еңбектің жанғаны сол емес пе? Отан отбасынан басталады десек, сол отбасының басында бүгіндері үлгілі отағасы болып отырған жанның бірі – Жанат Жаубасов.
Алматы облысы, Талғар ауданының кезінде “Горный Гигант” деген атпен Одаққа белгілі болған шаруашылығында еңбегімен құрметке бөленген азамат нарық заманының көшіне де ілесе білді. Ел-жұртқа белгілі кәсіпкер ретінде танылды. Сондықтан оны, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы деуге әбден болады. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген Жанат Бахриденұлы 1965-66 жылдары осы ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқи жүре, Серік Демесіновтің басшылығымен спорттың қазақ күресі түрінен сан мәрте сайыстарға түсіп, аудан намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болса, 1966 жылы облыс чемпионы атанып, қазақ күресінен спорт шебері атанды. Қазіргі таңда ол жастарды саламатты өмір салтына баулып жүр.
Әкесі Бахриден Жаубасұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғысқа Шет ауданынан өз еркімен аттанып, барлау ротасын басқарып, ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен және өзге де медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары Шет ауданында май зауытының директоры қызметін атқарған. Өзі балуан, әнші, сырнайшы, домбырашы болса, анасы Бихаят Ғалиахметқызы суырыпсалма ақын, әнші, сауатты, өнерлі адам болыпты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, ата-анасының өнері мен өнегесін көріп өскен Жанат жасынан зерек, бауырмал болып ержетеді. Әжесінің тәлім-тәрбиесін көрді. Әжесінің көріпкелдік қасиеті болды. Бүгінгі күнге дейін Ақсу-Аюлы ауылының тұрғындары, көз көрген қариялары әжейдің ерекше қасиеттерін айтып отырады.
Жанат Бахриденұлы өзінің өмір жолында қажырлы еңбегінің арқасында көптеген асулардан өтті. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университеттін үздік тәмамдап, еңбек жолын 1975 жылы Алматы облысының “Горный Гигант” ауылында қарапайым бағбандықтан бастап, бас агроном дәрежесіне дейін өсті. Осы уақыт ішінде аудандық, ауылдық кеңестерге бірнеше мәрте депутат болып сайланып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Алматы облысында 1975 жылы ең алғаш ұйымдастырылған ақындар айтысына қатысып, жеңімпаз атанды. Халқымызға белгілі Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, М.Мақатаев сынды ақындарымыздың көзін көріп, баталарын алды.
Еліміз тәуелсіздік алған соң, өз алдына “Жанат ауылы” атты жеке шаруа қожалығын ашып, оны жоғары дәрежелі танымал шаруашылық қатарына жеткізді. Онда тек қана дәнді дақылдарды өсірумен ғана шұғылданбай, мал өсірумен де айналысты. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттерімен тығыз байланыста болып, шаруа қожалығында студенттердің алдын-ала тәжірибе жұмыстарына араласуына мүмкіндік жасап келеді.
Шаруа қожалығы “Онжылдықтың үздік кәсіпкері” атты республикалық сайыста “Фермерлік еңбектің екпіндісі” атты номинация бойынша бірінші дәрежелі құрмет грамотасын жеңіп алғанын да айта кетсек дейміз. Сондай-ақ, шаруа қожалығы Алматы қаласындағы ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге, мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жанат Бахриденұлы ұзақ жылдық еңбегі үшін Талғар ауданының “Құрметті азаматы” атанды.
Жанат Бахриденұлы табиғатынан өнерпаз, жалпы әулеттерімен әдебиет пен өнерге жақын жандар. Әулетінде төрт ғалым бар, олар ғылымның әр саласында еңбек етеді. Бос уақытында домбыра шертіп, ән салып, өлең жазумен айналысатын Жанаттың бірнеше өлең жинақтары – “Ақтілек”, “Жүрек сыры”, “Көксегенім ауылым”, “Байлығым – халқым мен жер” деген тақырыпта Отанына, еліне, ата-анаға деген сүйіспеншілігі жинақталып, жарыққа шықты. Радио, телехабарларында әр түрлі тақырыпта – “Ізденіс түбі іскерлік”, “Жаңа ғасыр”, “Ерлік елдікке, ұрпаққа аманат” хабарларына қатысып, “Күлпаш” көркем фильмінде басты рөлді сомдап шықты.
Осындай азаматтар Отаным деп қарқындаса, құтты отаулар Отанымызды көркейте бермек. Ұлтымыздың ұлағатты ұлы бола білген Жанат Жаубасовтай азаматтардың жұлдызы жана түспек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.