Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында «2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», деп жазған еді.
Тарихи тұлғалардың ұлылығын әр кезеңнің ұрпағы өз көзқарасымен танығанда ғана тұғыры бұрынғыдан да биіктеп, салмағы арта түседі екен. Жақында жарқын мысалын көрдік. Ән мен әдемілікті басына тәж етіп қондырып, үстінен қынама бел жарасымды камзолдары мен бүрмелі көйлектерін, басынан үлпілдеген үкілі тақияларын тастамай, ұлттық дәстүрді серік еткен Алаштың ай маңдайлы аруы Роза Бағланованың Аралға араша сұрап, бозторғай болып шырылдаған азаматтық үнін естіп, бүкіл қоғам «шын батыр екен» дестік. Өршіл рухтың шарболаттай беріктігін көріп сүйсіндік, атақты адамның өз атын кісілігімен көтеретіннің куәсі болдық.
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған әйгілі әнші, КСРО халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Бағланованың әлдебір жиынның биік мінбесінде тұрып Арал теңізінің қасіреті туралы өр рухпен айтқан өткір сөзі жазылған бейнетаспа соңғы бір жыл бойы әлеуметтік желінің бетінде кеңінен тарады. Бейнетаспаға зер салсақ, жиын өткен жер мыңдаған адамды сыйдырған съездер өтетін салтанатты сарайларға ұқсамайды, шағындау зал секілді, бірақ туған жеріндегі сұмдықты шырылдап айтып тұрған әншінің сөзін ұйып тыңдап отырған адамдардың маңыздылығына қарағанда, арнайы шақырылған ауқымды мәслихаттардың бірі. Өзіміз білетін белгілі қаламгерлер Мұхтар Шаханов, Рахманқұл Бердібаев, Сайын Мұратбеков және Социалистік Еңбек Ері Жәлел Қизатов отыр. Жайшылықта жұрт алдына ән салуға шыққанда жадырап, жайнап кететін Роза Тәжібайқызы салмақты мінезбен сөйлегенімен, мінбеге арнайы баяндама жазып әкеліп, әзірленіп шықпағаны байқалады. Алдында жайылған ақ қағазы жоқ, сонда да Аралына арнаған сөзін жүрегінен суырып алып, түйдек-түйдегімен сілтеп жатыр, сілтідей тынған залды семсер сөздің қуаты кескілеп тастағандай әлде барлығы әншіні алғаш көріп тұрғандай немесе оны жаңа қырынан танығандай, сондағы орыс-қазағы жым-жырт қалпы кірпік қақпастан көз алмай қадала қарап қалған.
Әншінің орыс тілінде сөйлеген сөзін дәлме-дәл келтірсек, мәтіні былайша өріледі: «Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады? (Қол шапалақтау). Басқа уақыт болса, біз мұны зиянкестік дейтін едік, ал егер ол зиянкестер КСРО академиктері, Социалистік Еңбек Ерлері, екі, үш мәрте лауреаттары болса, не дейміз? Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді» деген тұсына келгенде Роза Бағланованың сөзі мінбеде емес, Арал жерінен түсірілген бейнекөріністермен сүйемелденеді. Оның сөзі кадр сыртында қалып, кадрда жал-жал құмның ішіндегі жалғыз ауылдың жатаған үйлері мен аптап ыстықта ойнап жүрген балалар көрінеді. Бірер секунд қана пайда болған Аралдағы осы ауыл көрінісінен кейін қайтадан мінбеде тұрған әнші көрініп, сұқ саусағын көтеріп шамырқана сөйлеген қайсар қыздың жан шырылы былай жалғасады: «Мен ол жерлерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелердің көзі жоқ, таңдайсыз туылып жатыр, басында шашы жоқ, аяғы, қолы жоқ балалар туылып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?».
Бұл 1988 жыл. Жетпіс жыл мызғымаған Кеңес Одағының сірескен сүңгі мұзы мен тоңының ептеп жібіп келе жатқан жылымық шағы болса да, әлі толықтай ерімеген кезі. Жаннан безбей, жеңбек жоқ. Түгел дүниені уысында ұстап, темірдей тәртібімен тітіренткен Кеңес Одағының кезінде шартарапты шарлаған атақ-даңқы мен абырой-беделін жиып қойып, ұлтының басындағы ауыр ахуалды шымбайға бататындай шырқырап айтып жатыр апамыз. 1986-1990 жылдар аралығындағы КСРО-ның саяси және қоғамдық өміріндегі күрт өзгерістер алғашқы демократия нышанын тудырып, бұл қазақстандық режиссерлердің ашық сыни көзқарасының қалыптасуына әсерін тигізгеніне, міне, осы фильм дәлел. Арал мен Қазалының төл перзенті Роза Тәжібайқызының намыс ширықтырған мінезбен елінің басындағы қасіретті айтып сөйлеген екі минуттық сөзінде, сол кезеңнің өлшемімен қарағанда, асқан ерлік жатыр.
Қалай болғанда да, танктің үстінде тұрып ән салған ерлігін бейбіт күні тағы да қайталап, елі мен жерінің қасіретіне араша тұра алар азаматтық даусын барша халқына естірткен ержүрек қасиеті қоғам үшін үлкен жаңалық болып қабылданды. Тіпті әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «бұдан кейін елім үшін сөйттім, жерім үшін бүйттім дегендер, үндемей-ақ қойса да болғандай екен» деп жазған екен.
Әрине тәуелсіздіктің елең-алаң уақытында Семей полигоны, Арал, Балқаш мәселелері демократиялық дүмпу туғызып, ұлттық қасірет ретінде ұран салып қоғам бетіне шықты. Ғасырға жуық уақыт жиналып қалған қазақтың қайғысы жарыса жарияланып жатқан кезде жанашырлықпен айтылған да, жалпылама төгілген де сөз көп еді, бірақ әншінің мына айтқаны бәрінен де асқақ естілгенін мойындау керек. Бұл не жиын, кімдер, қайда ұйымдастырған, қандай мақсатта өткізілген? Қатысып отырған адамдар кімдер? Бұл қоғамға қалай жарияланды?
Роза Бағланованың қарашаңырақ, қара орманын күзетіп отырған баласы Тәжен мен келіні Маралға хабарластық. Енесінің іздеушісі, жоқтаушысына айналған Марал келіннің айтуынша, бейнетаспаны қоғамға Айдар Жоранов атты азамат жариялаған. Телефонын алып, дереу Айдармен хабарластық. Айдар жас болса да, Р.Бағланованың өмірін, өнерін, шығармашылығын 2011 жылдан бастап мұқият зерделеп келе жатқан жас зерттеуші. «Бейнетаспа Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар, дыбыс жазбалары архивінің құпия құжаттар қорынан алынған. Мен ол жерде әнші өмірінің кезең-кезеңін қуалай отырып, үш ай отырып жұмыс істедім. Үшінші ай дегенде «Реквием по Аралу» деген осы бейнетаспаға тап болдым. Өкінішке қарай, алғаш бұл бейнені Мәскеуден алып келгенде қысқаша аннотациясы жазылған үзіндісі ғана тапсырылған. Бейнетаспаны көшіріп алып, өзімнің YouTube арнама салдым. Интернет арнада жарияланған күннен бастап, Роза апамыздың екінші өмірі басталды деп нық сеніммен айта аламын. Себебі мыңдаған адам қарап, жүздеген пікір жазылып, жастар Бағланованың өміріне қызығушылық танытып, сауалдарын жолдап, тағы да ақпараттар, деректер жариялауымды сұрады», дейді Айдар Жоранов.
А.Жоранов ұсынған №4484 архив аннотациясына көз салсақ, Арал тағдырына арналған бұл бейнетаспа үзіндісін түсірген режиссер де, сценарий авторы да С.Махмутов, редакторы В.Рерих деп көрсетілген екен. Тоқтаңыз! Жадымыз жаңылмаса, Арал мен Семейдің мәселесі күйіп тұрған кезеңде, яғни тәуелсіздіктің ақ таңы атар тұстағы өлара шақта экологиялық апаттардан демігіп тұрған қазақ даласының қасіретін жырлаған бірнеше фильм жарыққа шыққан еді ғой, бұл сол фильмдердің біріндегі кадр болмасын? Іздестіре келе, долбарымыз дәл шықты, бұл белгілі кинорежиссер С.Махмутовтың «Арал туралы реквием» атты деректі фильмі екен. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, түнделетіп Сағатбек ағаның телефонын іздестіріп, кеш те болса үйіне қоңыраулаттық. «Иә, – деді ардагер режиссер жайбарақат үнмен, – бұл менің фильмімнен алынған кадр. Сол жылдары Мұхтар Шахановтың ұйытқы болуымен Арал – Балқаш мәселелері жөніндегі халықаралық комитет құрылып, жұмысын бастаған кез. Социалистік Еңбек Ері, «Новый мир» журналының бас редакторы Сергей Залыгин жер бетінен жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесін көтеріп, «Арал-88» деген ғылыми экспедиция ұйымдастырған еді. «Советтік Қазақстан» киножурналына жай ғана сюжет түсіру үшін осы ұйымның мүшелеріне ілесіп, мен де Аралға баратын болдым. Аралға барған соң адам айтса сенгісіз күрделі мәселелермен бетпе-бет келдік. Сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясы Кинохроника бөлімінің бастығы Анар Қашағановаға телефон соғып, тақырыптық жоспарға бекітіп, кино түсіруге рұқсат беруін сұрадым. «Өзің дұрыс дүние туады деп есептесең, жақсы, түсіргеніңе қарсы емеспін» деді бастығым бірден келісіп. Идея да, сценарий де аяқастынан туды, мәтін фильмді түсіріп жүрген кезде жазылып жатты. Себебі экспедиция «қасіретті көзімен көрсін» деп сонау Жапониядан бері қарайғы шетелдік, күллі кеңестік республикалардың ірі ақындарын Аралға алып барған еді. Осы аралықта Мәскеуде «Дни Арала» деген он күндік өтетін болып, тартылған теңіздің жайымен танысқан қонақтардың бәрі енді Одақтың астанасына қарай жол тарттық. Мәскеудегі «Фадеев атындағы Әдебиетшілер үйінде» шетелдік ақындар мен журналистердің қатысуымен халықаралық жиын өтті. Залыгин бастаған экспедиция жұмысының қорытындысы осы жиында жарияланатын болды. Тоталитарлық жүйенің толық күйреп бітпеген кезі ғой, мәскеуліктер «Арал-88»-дің зерттеу нәтижесін жариялатпау үшін жанын салды. Бірақ шетелдік беделді тұлғалардың тегеуріні қойсын ба, сол жерде Аралдың басындағы ауыр ахуал бүге-шігесіне дейін талқыланды. Біз Қазақстаннан бір топ делегация барған едік, делегацияның арасынан Роза Бағлановаға сөз берілетін болып шешілді. Алайда апамызға да біресе сөз берілетін болып, біресе рұқсат етпей, ақыры қайсар мінезіне салмаса, қағаберісте қалатынын білген Бағланова тізгіндеуге тырысқандарды тыңдамай, сөзді тартып алғандай, мінбеге жұлқынып тұрып шықты. Сөйтті де, кеңестің ең жоғарғы құзырлы орындары атынан қатысып отырған шенділердің көзіне шұқығандай, қазақтың кешіп отырған халін, қарт Аралдың қайғысын ақтарып айта бастады. Жиын айтыс-тартыспен қызу өтті. Осы жиыннан кейін біраз адамның басына таяқ тиді, Еңбек Ері болса да, Залыгиннің беделіне нұқсан келді. Ал Роза Бағланованың ашынып айтқан ақиқат сөзін қатысушылар ықыласпен қолдап, оған өз ұлтының нағыз батырындай құрмет танытты. Осының бәрін түсіріп тұрған мен болашақ туындымның соңғы нүктесін қоюға әншінің осы сөзі жеткілікті болатынын түсініп тұрдым».
1980 жылдардың соңында Қазақстанның «Мемлекеттік кино» (Госкино) деп аталатын мекемесінің төрағасы С.Махмутовтың Арал – Алматы – Мәскеу арасында табанынан тозып жүріп түсірген «Арал туралы реквиемін» қабылдамай тастайды. Арал туралы шындықтың бәрін көзімен көріп, бір дәуірде гүлденген өлкенің мыңдаған халқының босып, босап қалған иесіз жері үшін жаны ауырған режиссер меселінің қайтқанына қарамастан, фильмін құшақтаған күйі Мәскеудегі Орталық телекомитеттің өзіне барады. Жолы оңғарылып, ондағылар «Қазақстан қабылдамаса, біз қабылдаймыз!» деп фильмге жолдама береді. Үлкен өнер құрбандықсыз болмайды, Мәскеуден білім алған, өз ортасында мойындалған, кино саласында қырық жылдық тәжірибесі бар С.Махмутов осыдан кейін бір жыл бойы тапсырыс ала алмай, жұмыссыз қалады. Өйткені «Арал туралы реквием» – ұсақ ұлттардың тағдырын жалмаған қандықол алып империяның бетіне түкірген фильм болатын.
Бізге беймәлім болып келген бір бейнетаспа төңірегіндегі шындық бұлбұл үнді Бағланованың ел еркесі ғана емес, азаматтық ұстанымы бар қайраткер екенін қоғам алдында тағы бір дәлелдеді. «Халық қаһарманы» атағы намысты қыздың ажарын аша түскеніне көптің көзі жетті. Қолына жарамды киім түссе, жалаңаштың иығына жауып жылытқан жомарт қасиетіне батырлық мінезінің жарасым тапқанын әйгілі Желтоқсан оқиғасы да бір түйіндеп кеткен. Желтоқсанның аязында «жастар алаңға жиналып жатыр» дегенді естіп, талай белгілі тұлғалар бұғып қалғанда, «кеше фашистен де қорыққан жоқпын, таяқталып жатқан балалардан жаным артық емес» деп асыққаннан аяғына етігін қоңылтаяқ кие салып, алаңға келіп «Тараңдар!» деп тоқтау салуы да көкөрім жастар арандап, ажал құшпасын деген жанашырлығынан туғаны анық. Аумалы-төкпелі кезеңдердің ызғарына арқасын беріп, құрыш қайсарлығымен қарсы тұрған Бағланованың батырлық істері тарихтың белестерінен әлі талай көрінетіні хақ.
P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ендігі жерде қазақтың қаһарман қызын мəңгі есте қалдырудың нақты қадамы ретінде өзі өмір сүрген Алматы қаласындағы Республика сарайы, Нұр-Сұлтан шаһарындағы «Қазақстан» Орталық концерт залы, «Астана» концерт залы секілді ірі мəдени мекеме, өнер орталықтарының біріне Роза Бағланованың есімі берілсе, халқының зор құрметі ғана емес, тарихи əділеттілік пен ерлікке жасалған тағзымы да болар еді.
АЛМАТЫ