• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 25 Наурыз, 2021

Махаббат Бигелдиев: Қайта жаңғырту ісінің жауапкершілігі зор

510 рет
көрсетілді

Бүгінде тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, киелі орындардың маңызын арттырудың рухани және экономикалық әлеуеті зор. Ұлы дала тарихындағы құндылықтардың халықаралық маңызға ие болуы еліміздегі туризмнің дамуына ықпал ететінін айғақтап отыр. Байтақ Отанымыздың қай өңірін алсақ та өзінің табиғи, тарихи өзгешелігімен құнды. Осы орайда еліміз өңірлеріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп отырған «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Махаббат Бигелдиевпен әңгімеміз тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани нысандарды жаңғырту, қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар туралы өрбіді.

– Махаббат Сәдуақасұлы, әңгіме­мізді өткен жылы мерейтойы аталып өткен ұлы тұлғалардың есімімен бас­тасақ. Өзіңіз басшылық етіп отыр­ған мекеме қызметкерлері Сирия же­рін­­де әл-Фарабидің кешені мен кесе­несін, Абай Құнанбайұлының Ташкент, Мәс­­кеу қалаларындағы ескерткішін жаңарту жұмыстарына қатысты. Со­­ны­­мен бірге Дамаскідегі Сұлтан Бей­­­барыс бабамыздың кесенесінде реставрациялық жұмыстар жүргізгені белгілі.

– «Қазқайтажаңарту» меке­месінің Қазақстан тарихымен байланысты ха­лықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар. Ха­лықаралық жо­балар қай кезде де тараптар үшін жаңа мүмкіндіктер, тиімді келісім­дерге жол ашатыны белгілі. Келіссөздер жүргізу, үкіметаралық жо­ба­ларға қатысу, нормативтік-құ­қық­тық актілерді дайындау, тиісті министр­ліктермен бірлесе жұмыс істеу маман­дар тәжірибесін шыңдай түсетіні анық. Дамаск сапары есімдерін әлемдік өрке­ниеттен бөле жарып қарауға болмайтын бабаларымыздың ұрпағы екендігімізді тағы да бір паш еткендей. Бұл екі мемлекет басшыларының келісімі аясында жүзеге асып отырған ауқымды жоба. Қа­зіргі кезде бұл жұмыстардың толық аяқ­талғаны белгілі. Ендігі кезекте екі ел арасындағы келісімшартқа сәйкес алдағы уақытта кешенді қаржыландыру мен басқару мәселесі анықталған соң жұмыстар жалғасын табатын болады. Халықаралық байланыстарымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Санкт-Петербор қала­сындағы Жамбыл Жабаевқа, Минск қаласында ІІ Дүниежүзілік соғыста қай­тыс болған жерлестеріміздің және Тәжікстан шекарасында «Қазбат» әскер­леріне арналған ескерткіштерді қою жұ­мыстары да «Қазқайтажаңарту» меке­месі мамандарының қатысуымен жүзеге асты. Осы орайда алдағы уақытта мамандары­мызды тарихымыз ортақ өзбек еліне тәжірибе алмасу мақсатында жіберуді жос­парлап отырмыз. Ұлы Жібек жолымен өткен үлкен сауда сүрлеуінде қалпына келтіретін ғажайып ескерткіштер көп. Сонымен бірге Әзербайжан елімен де байланыстарымызды нығайту жоспарлануда.

– Ескерткіштерді жаңғырту жұмыс­тарының барысына қатысты көп жағ­дай­да бел­гілі бір аймақ тұр­ғындары, са­ла мамандары на­разы­лық біл­діріп жата­ды. Осы орайда көне мұраның өз ке­зеңіне тән ерек­шеліктерін сақтау ба­ры­­сында мамандар қандай негіз­дерге сүйенеді?

– Ұшса құстың қанаты талатын ұлан­ғайыр қазақ даласында сан ғасырлық тарихымыз сайрап жатыр. Ескерткіштер белгілі бір халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы, яғни адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі дамуы жо­лындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас зат­тық-рухани үлгі-нұсқалары. Осынау тарихи ескерткіштерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз дегенге келетін болсақ, егемендік алған­нан бастап ел аума­ғындағы тарихи ес­керт­кіштерге арнайы көңіл бөлініп, бағдарламалар әзірлене бастады. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдар­ламасы аясында әлемнің ең белді архив­терінен төл тарихымызға қатыс­ты құжат­тары жүйелі түрде жиналып, зерт­телді. Осы құнды жәдігерлерді жинақтай келе, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Осылайша, қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Бүгінде «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны тарапынан жүзеге асатын жұмыстар Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен жүзеге асып келеді.

– Қазіргі кезде «Қазқайта­жаңарту» ма­мандары Әзірет-Сұлтан музей-қоры­ғының мем­лекеттік қорғауға алын­ған аума­ғында кешенді жаңғырту жұ­мыс­­тарын жүргізіп жатқаны белгілі. Өңір­дегі жаңғырту жұ­мыс­тары сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Сау­ран қа­ла­шығына қатысты жұмыс­тар­­мен жалғасатындығы мәлім. Осы жұмыстарға тоқталып өт­сеңіз.

– Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітованың басшылығымен өткен ғы­лыми-әдістемелік кеңес отырысында Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы тарихи орындарды жаңарту, ортағасырлық Сауран қалашығын абаттандыру, сапар орталығын салу және туристер әлеуетін арттыру, Күлтөбе қалашығының цитадель бөлігін жасау, Отырар қалашығындағы қайта жаңғырту жұмыстары талқыланғаны белгілі. Бұл жұ­мыстардың барлығы біз­дің мекеме мамандарына үлкен жауап­кершілік жүктейді. Өткен жылдың өзінде республика аумағында мемлекеттік тізім­дегі 49 нысанға ғылыми реставрация жасалды. Оның ішінде «Алтын Орданың» 750 жылдығына орай Жошы және Алаша хандардың кесенелерінің реставрациялық және қорғау аймағын абаттандыру жұ­мыс­тарын атап өтеміз. Сонымен бірге біздің мамандар Түркістан қаласындағы мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи-мә­дени қорық музейінің құрамына кіретін 17 тарих және руханият ескерткіштерінде, Түркістан облысында Көне Отырар қала­шығындағы археологиялық және тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарымен қатар Абайдың 175 жыл­­дығына орай Ахмед Риза мешіт-медресесіне, Абайдың Жидебайдағы қыс­тауы­на, Ұлжан мен Зере аналарымыз­дың кесенесіне, М.Әуезовтің туып-өскен үйіне жаңарту жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Осы орайда Ұлы Жібек жолы бойындағы ескерткіштерді қалпына кел­тіру мәселесінде Оңтүстік Қазақ­­стан, Жетісу өлкесімен қатар еліміздің Атырау, Орал, Көк­шетау аймақтарындағы тарихи жерлерге де терең мән беру керектігі қаперімізде болуы керек. Осы сайын даладағы киелі ескерткіштердің шырақ­шысы ретінде тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін жөндеу, реставрациялау, консервациялау, регенерация мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер жинағын дайындау, жобалау және сметалық құ­жаттаманы жасау, елімізде және шетелдерде қазақ тарихына, өрке­ниетіне, мәдениетіне қатысты ескерт­кіштерді қалпына келтіру, мону­менталды ескерткіштерді орнатуға байланысты сан-салалы жұмыс­тардың барлығы осы меке­менің тарихымен тығыз байланысты.

– Құрылғанына қырық жылға жуықтап қалған кәсіп­орын мамандары осы жылдарда 400-ден астам ес­керт­кішті қайта жөндеуден өткізген екен. Мұн­дай ауқымды жобаларды за­манауи материалдық-техни­калық мүмкіндіктер мен білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүм­кін емес. Ал отандық реставрация саласындағы тәжірибенің азд­ығы тұрғысында айтылып жүр­ген мәселенің төркіні де осы жайт­тармен байланысты болса керек.

– Бүгінде елімізде ескерт­кіштердің сақталуын қамта­ма­сыз ету мақсатында реставра­циялаудың тұтас жүйесі түзілген. 1978-1993 жылдар реставрация саласының шарықтау кезеңімен сәйкес келді десек, осы кезде еліміз облыстарында 22 реставрациялау шеберханасы ашылды. Кәсіпорын құрамына қуатты өндірістік базалар, құрылыс техникасы, жабдықтары мен тәжірибелі мамандары топтасты. Төрт жүзден астам ескерткіш қайта жөндеуден өтті. Ал қалпына кел­тіру жұмыстарын қаржыландыру күрт қысқарған жылдарда шеберханалар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді. Осы кезеңде тиісті министрліктің қарамағында бір ғана ұйым қалып, кейіннен бұл мекеме «Қазқайтажаңарту» РМК болып қайта құрылды. Қазіргі таңда меке­менің ғылыми-зерттеу және жобалау филиа­лы, яғни өңдірістік бас кеңсесі Ал­ма­ты қаласында болса, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Орал қалаларында төрт мамандандырылған қалпына кел­тіру облыстық филиалдары бар. Кәсіп­орын мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландыру есебінен жұмыс істейді. Ғылыми-зерттеу филиалының мамандары республика көлеміндегі ескерт­кіштердің жағдайына мониторинг жа­саған­нан кейін қортындысына сәй­кес ескерткіштерге алдын ала сметалық құ­жат дайындап, бюджетке алдағы 3 жылға тапсырыс беріп отырады. Қаражат бө­лін­­геннен кейін нысанның ғы­лыми-жобалық құжаттамасы дайындалады. Аталған мекеменің құрылыс-монтаж, жобалау жұ­мыстарын жасауға ІІ дәрежелі, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра нысандарын реставрациялау мен археологиялық жұмыстарын жүргізу лицензиясы бар. Бүгінде «Қазқайтажаңарту» мамандары ғылыми бағыттағы жұмыстарды да негізге алып келеді. Ескерткіш мұ­раларымыз жайында жинақтал­ған мол архив деректері осы кәсіпорынның қорында сақтаулы. Бұл ескерткіштерді жаңғырту бағытында нақты мәліметтер алуға кепіл болатын құнды құжаттар. Ал жаңарту жұмыстары басталған ке­зеңде өңірдегі филиалдардан 700-ге жуық маман іске жұмылдырылады. Олардың басым көпшілігі тәжірибелі реставратор-мамандар. Сонымен бірге ескерткіштерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, елі­міз­дегі бірден-бір «Қырым аралы» рес­таврациялық орталығының мамандары және де белгілі археологтер, тарихшылармен бір­лесіп жұмыс істейміз. Тіптен ескерткіштерді қалпына келтіру барысында тарихи тұлғалардың көзі тірі ұр­пақтарының айтқандарын да негізге алып отырамыз.

– Бүгінде республикалық маңызы бар ескерткіштердің саны қанша?

– Ел аумағы бойынша респуб­ликалық маңызы бар тарихи және мәдени ес­керткіштердің мем­лекеттік тізімінде 250 нысан бар. 2019 жылдан бері толық­тырулар мен өзгертулер енгізілген Қазақ­стан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қор­ғау және пайдалану туралы» заңы­ның аясында ескерткіштерді бірнеше түрге бөліп қарастыру көзделген. Оның ішінде, археология, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, ансамбльдер мен кешендер, киелі нысандар, мону­менттік өнер құрылыстары бар. Ол жыл сайын жаңартылып отырады әрі жаңа құн­ды жәдігерлер мен тарихи нысандар министр­ліктің арнайы құрған комиссиясы шешімімен осы тізімге енгізіледі.

– Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе кетсеңіз...

– Биыл кәсіпорын 40 нысанда ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бастауға дайын. Мұнымен қоса, жақын ара­да Мәде­ниет және спорт министр­лігінің тапсырысына сәйкес тағы да 2 нысанды жаңартуды жоспа­рымызға енгіздік. Оның қатарында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың музей үйі мен кесенесіне рес­таврация жүргізу. Мұнымен қоса, келер жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл болуына орай Алматы қаласындағы жазушының музей үйін жаңғырту жұмыс­тары пысықталуда. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпор­нының мамандары «Қазақ­станның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы» жобаларын іске асыру мақсатында ұлы тұлғаларымызды, белгілі қайраткерлерді, сонымен бірге елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру, ішкі туризмді дамы­ту, киелі нысандарға қол­жетім­ділікті қамтамасыз етуде инфрақұрылым және логисти­каны жетілдіру жұмыстарын жалғастыра беретін болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»