Тіршілік иірімдері адам баласын сан арнаға салады. Өмірден көргенің мен түйгенің жолыңда кездескен ғибратты ғұмыр иелерінің өлмес өнегесімен өлшеніп, өмірің сонымен арайлана түсетіндей. Тағдыр менің маңдайыма ел басқару ісіне ерте араласып, халықпен үндесе еңбек етуді жазыпты. 1976-1983 жылдар аралығында Алматы облысы Жамбыл ауданында аупарткомның бірінші хатшысы болып қызмет атқардым. Сол тұста көңіліме өшпестей із қалдырған бір ғаламат кездесу күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Бұл қазақтың маңдайына біткен батыр ұлы Бауыржан Момышұлымен болған жүздесу еді.
Тәмам елдің көңіліне тұман орнатқан қатыгез соғыс салған айғыздар әлі де ұмытыла қоймаған жылдар болатын. Бір күні облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінен алда келе жатқан Мәскеу түбіндегі алапат шайқастың қырық жылдығын атап өтуге әзірлік жұмыстарын жүргізу жөнінде нұсқау келді. Аталған қаулы негізінде көзі тірі майдангерлермен кездесулер өткізу, дәріс ұйымдастыру, соғыс тақырыбын арқау еткен кинотуындыларды көрсету сынды іс-шараларды қолға алуымыз керек болды. Мұның бәрі де кейінгі жастарға рухани тәрбие беру, отаншылдыққа баулу мақсатында қолға алынуы тиіс шаралар еді. Осы орайда мен ауданның барлық партия ұйымдарының хатшыларын, мектеп директорларын, мекеме басшыларын жинап, осы мәселеге байланысты жиналыс өткіздім.
Осы жиналыстан соң араға көп уақыт салмай ауданымыздағы іргелі шаруашылықтың бірі Қастек қой совхозының партком хатшысы Әскербек Абаев маған келіп, қан майданда ерен ерлік көрсеткен қайсар батырымыз Бауыржан Момышұлымен кездесу ұйымдастыратыны туралы хабар берді. Ол кезде Баукеңнің есімі дүркіреп тұрған кез еді. Партком хатшысы Бауыржандай көрнекті тұлғаның тоқсанға тарта көзі тірі майдангері бар Қастекке келуі кейінгі жастар үшін ғибраты мол тарихи оқиға болатынын, кездесу жайында батырмен алдын ала уағдаласып қойғанын алға тартты. Оның сөзінше, мінезі жай отындай қайсар тұлғаны жұртшылықпен жүздесуге көндіру де оңайға соқпаған, араға майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовты салып, ақеділ ағайынның ықыласын жеткізгеннен кейін ғана батырдың көңілі жіпсіп, тілегін хош көріпті. Мұның өзі – бір мақалаға жүк боларлық өз алдына бөлек әңгіме.
Бастапқыда ауданымызға Бауыржан Момышұлы келетінін айтқанда не дерімді білмей абдырап қалдым. Өйткені бұл кездесудің жөні де, жосығы да, жауапкершілігі мен салмағы да ауыр еді. Баукеңнің көңілін таба аламыз ба, кездесу қалай өтер екен деген сауал иектеп келіп иіріміне тартты. Мен Әскербекке дайындықты жоғары деңгейде жүргізу қажеттігін, бұл оқиғаның маңыздылығын айтып пысықтаған болдым. Партком хатшысы да әзірлік қызу жүріп жатқанын, бұл шараға Мәдениет үйінің қызметкерлері, ауылға жақын маңдағы әскери бөлімшенің сарбаздары да жұмылдырылатынын, тұтас ауыл-ел осынау маңызды күнді ынта-ықыласпен күтіп жүргенін жеткізді. Мен болсам тағы да тапсырманы нығыздай түсіп: «Полктің командиріне айтыңыз, мәдениет үйінің қасындағы әскери ескерткіштің жанына солдаттарын тұрғызып, өзі әскери тәртіппен рапорт берсін. Қалай рапорт береді, оны өзі біледі. Мықтап айтыңыз, ол кісінің мінезі қатал. Солдаттардың алдында ұятқа қалып, сөгіс алып жүрмесін. Солдаттарын жақсылап киіндірсін», деп сөзімді жалғадым...
1981 жылдың 3 желтоқсаны. Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов, Баукеңнің жұбайы Жәмила апай қатарлы құрметті қонақтардың табаны қастерлі Қастек топырағына тиді. Кездесуге жиналғандардың санында есеп жоқ. Әскери ескерткіштің қасында сайдың тасындай сарбаздар тізіліп тұр, олардың командирі полковник Сиджак қарсы алдында қасқайып тұрған Баукеңе әскери тәртіпке сай: «Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының келу құрметіне құрметті қарауыл сапта тұр» деп баяндады. Баукең де әскерилерге ілтипат танытып, назары алаңқайда сап түзеп тұрған майдандастарына түсті. Сөз басында айтып өткеніміздей, ол уақытта соғыс даласынан аман оралған тоқсанға тарта қастектік ардагер арамызда болатын. Олардың арасынан суырылып шыққан майдангер Ермек Далабаев: «Құрметті қолбасшы Бауыржан Момышұлы! Сіздердің біздің зауытқа келген қадамдарыңыз құтты болсын! Қатардағы соғыс ардагері старшина Ермек Далабаев», деп рапорт берді. Рапорттан соң Баукең көпшілікке алғысын білдірді де, Әзіл аға екеуі мәдениет үйіне қарай бет алды. Залға халық лық толып, біраз адам кездесуді тікесінен тік тұрып тамашалады. Құрметті қонақтарымызды төрдегі орнына жайғастырғаннан кейін кездесуді жүргізген партком хатшысы қос майдангер жазушы туралы аз-кем айта келіп, алғашқы сөз кезегін Бауыржан Момышұлына ұсынды.
Жұрт назары ел аузында ерлігі аңыздай айтылып жүрген құрметті қонаққа бұрылып, залда сілтідей тыныштық орнады. Баукең қайратты даусымен: «Мен қос тілде сөйлеп, қос тілде жаза беретін жазушымын. Бұл соғыс – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ең бір қасіретті майдан. Қаншама жанның тағдырын шайқаған ауыр нәубетті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адам шығыны көп болды. Біз бүкіл Еуропаға айбар көрсеткен, «жеңілуді білмейміз» деген ұранды алға ұстаған неміс әскерін сабасына түсірдік. Сексенге қараған жасым бар (Баукең ол кезде 72 жаста болатын). Соғыста бірнеше рет жараландым. Сіздердің алдарыңызда оның бәрін тізбектеп айтып жатудың қажеті қанша, менің кітабым шықты, мен туралы кітаптар жарық көрді, бұл материалдармен сіздер сол арқылы таныссыздар деп ойлаймын», деп қысқа қайырды. Баукең айтқан сөздің бәрі есімізде болмаса да, осы мағынада өрбіді. Жұрт қошемет танытып, батырға ризашылығын жаудырып жатты.
Аталған кездесуде келесі сөз кезегі Қастек совхозында тұратын Қарабек есімді сұрапыл соғысқа бір қолын берген майдангерге берілді. Ол кісі де майдан салған зобалаңның қасіреті туралы өз ойын ортаға салды. Келесі кезекте сөз тізгінін алған Ермек Далабаев қайраттана үн қатып: «Біз соғысқа барғанда Бауыржан Момышұлының атағы дүркіреп тұр екен. Бұл бізге қайрат берді» деген рухты сөздерімен тынши бастаған зал ішін бір дүрілдетіп тастады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Әзілхан Нұршайықовпен бір сапта болып, 1942 жылы майдан даласына аттанған Ермек Далабаевтың соғыс туралы естеліктері де жетіп артылады.
Бауыржан Момышұлының жазушылық қыры, шығармаларындағы ерекшелік туралы мектеп-интернат директоры, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Жәдрин Жұмабай өз пайымын айтып, көрерменге әдебиет әлеміндегі Баукең туралы ой тастады. Сөйлеушілер тізімін түйіндеген полковник Сиджак: «Батыр Бауыржан салған даңқты жол болашаққа керуен тартып жалғаса береді, сіздің әскери әдіс-тәсілдеріңізді жауынгерлерге үлгі ете бермекпіз» деген сарында ой толғамын білдірді.
Жиналыс аяқталған соң қазақы қалпымызға салып, дәм татыңыздар деген ниетпен батырларымызды көлікке отырғызып, партком хатшысы Әскербектің үйіне алып келдік. Әрі қарай келісті әңгіме кең дастарқан басында жалғасын тапты.
Қазақтың әдеті бойынша дастарқанға қойдың басы келді. Ырым бойынша бас табаққа бата берілді. Асықпай отырып ет жеп, шай ішіп, әртүрлі әңгіме айтылды. Бір кезде Бауке аға маған қарап: «Сен қай туғансың, өзің ата-бабаңды білесің бе?» дегені. «Бауке аға, жас кезімде Ақшал атты атам болған. Сол кісіден біраз шежіре үйрендім. Арғы жағын айтпағанда, Шапыраштының ішінде Болай деген атаданбыз. Әкем Тұрысжанды 1938 жылы халық жауы деп атып жіберді. Ол әкем 1917 жылдан атылғанға дейін Кеңес өкіметіне аянбай қызмет етіпті. Қатардағы (1917 жылы) комсомолдан кейін үш ауданда кеңес атқару комитетінің төрағасы болған екен. Анам – Дашан Сұраужанқызы Ақшалова. Осы ауданда «Октябрь» атты колхоз болатын. Өмір бақи дербес демалысқа шыққанға дейін темекі плантациясында күндіз-түні жұмыс істеп, стахановшылар қатарында болып, 1946 жылы Сталиннің суреті бар медальмен марапатталды. Марқұм анам қарындасым екеумізге «тірі жүрсем, оқытып, жоғары білімді маман болуларың үшін аянбаймын» деуші еді. Осы сіздердің жандарыңызда сөйлесіп отырғаным – сол анамның арқасы, жаны жаннатта болғыр», деп бір күрсіндім. Баукең: «Болды, болды. Мен сені батыр деп отырсам, өзің жасық неме екенсің ғой. Тәубеңе кел, батыл бол», деп жігер сыйлағандай болды.
Сөз орайы келгенде Бауке ағадан: «Бауке, өзіңізге көптен көкейде жүрген бір сұрақты қойсам деп едім. Осы жұрттың біразы сізді Сталиннің қабылдауында болған дейді, енді біреулер болған жоқ дегенді айтады. Осының түйінін өз аузыңыздан естісек» деп емеурін таныттым. Баукең ойланып отырып: «Одан бері бірталай уақыт өтті ғой. Бұл туралы ол кезде айтуға мүлде болмайтын еді, енді айтуға болады», деп оқиғаны баяндай жөнелді. Дастарқан басында отырған жұрт не айтар екен дегендей бар зейінін Баукеңе қадады.
«Мен соғыстан кейін әскери академияда оқыдым. Біз оқыған академия басшысы армия генералы Захаров мені бір күні өз кабинетіне шақырды. Барсам, қасында бір майор отыр екен. Академия басшысы маған қарап: «Жолдас Момышұлы, алдыңызда тұрған майор мырзамен бірге Кремльге барасыз!» деп айтты. Алғаш не үшін екен деп сескеніңкіреп қалғаныммен, келістім. Шегінерге жол жоқ еді. Майорға еріп, қаптаған тексеруден өткеннен кейін, Сталиннің қабылдауына кірдім. Майор сонда қалды. Сталиннің әйгілі Поскрёбышев деген көмекшісі қарсы алды. Өңі өңменіңнен өтетін сұсты адам екен. Сталиннің кабинетіне алып кірді. Ол кісі бөлме ішінде әрлі-берлі жүр екен. «Отырыңыз» деп орындықты нұсқады. Мен отырдым. Көз қиығымен шолып өтті де менен «Момышулы, это как Азербайджанский уғлы?» деп сұрады. Мен орнымнан тұрып: «Так точно, товарищ Сталин» дедім. «Ну ладно, садитесь, мне доложили что вы занимаетесь в академии, хорошо, занимайтесь, до свидания» деп қолымды алып қоштасты. Бар болғаны осы, кездесу бір минутқа толар-толмас уақытта өте шықты. Мен шығып кеттім. Академия басшысы бұл кездесу құпия күйде қалу керектігін ескертті. Мен осы күнге дейін сол кезде не үшін шақырды екен деп көп ойланам. Мүмкін, кітаптарым шығып, әскердегі атағым құлағына жеткен соң, «өңі-басы кім екен, кавказдық па, азиат па, бет-жүзін көрейін» деп шақырған болуы керек», деді Баукең сөзін түйіндеп. Сәл кідірген соң, күліп қойып, «Может быть, Мамашвили ме екен?» деп ойлаған шығар», деп әңгімесін жалғады. Дастарқан басында батырдың өз аузынан өрбіген осы әңгіме құлағымызда ерекше қалып қойыпты.
Сол күні батыр Баукең ақ дастарқан жайып, көлдария көңілін танытқан үй иелері Әскербек Абаев пен Нұршагүл Жабаеваға ризашылығын білдіріп, батасын беріп еді. Қызыр қонып, құт-береке дарыған киелі шаңырақтан одан кейін де қонақ үзілген емес. Осы бір құтты шаңырақта көптеген мемлекет және қоғам қайраткері, қаншама қабырғалы қаламгер, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қонақ болған екен. Осыған қарап халқымыздың «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас» дейтін бәтуалы сөзді тегін айтпағанын осыдан-ақ анық аңғарамыз.
Осы мақаланы жазып отырғанда өмір шіркіннің қалай өтіп бара жатқанына тағы бір көз жүгірттім. Қазір жасым 87-ге келді. Қарап отырсам, бұл жас есікті ашып-жапқандай көрінеді. Осы жылдар ішінде қандай жағдайларды көрмедім, өмірдің тәттісін де, ащысын да бастан өткіздік, оған тәубе, ризамын. Сол тарихи суретке, Бауыржан Момышұлы мен майдангер жазушы Әзілхан ағалармен суретке түскенімізге 40 жыл болыпты. Екеуі де бақилық болып кетті, жатқан жерлері жайлы болсын. Оның үстіне Бауыржан ағамыздың 110 жылдығы өтті.
Бүгінде бәріміз құшақтаса суретке түсіп, батыр Баукеңмен дастарқандас болған сол бір шуақты шақ та естелікке айналып қала берді. Десе де, сондағы батыр ағамыздың болмысы, Әзілхан көкеміздің әсерлі әңгімесі, жақсылармен бас қосқан келелі кездесу, жылы жүздесу көңілден қалай өшсін?! Сынаптай сырғыған уақыт дейтін құдіретке тоқтам жоқ. Замана көші ілгері жылжи береді, буын алмасады, ұрпақ өрбиді, заман өзгереді. Әсем уақыттың әсерін жеткізетін осындай естеліктер баспасөз арқылы тарихқа қатталып, болашаққа үн қатса деймін.
Бекболат ТҰРЫСЖАНОВ,
зейнеткер
Алматы облысы