Бұл күндері АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами-Гарденс қаласында жүлде қоры 9 314 875 АҚШ долларын құрайтын Miami Open халықаралық турнирі өтіп жатыр.
Мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылып жатқан аса ірі додада қазақстандық спортшылар да бақ сынауда. Жарыстың алғашқы күнінде кортқа шыққан Зарина Диас бірінші айналымда әйгілі америкалық теннисші Винус Уильямспен кездесті. Теннис әлемінде апалы-сіңлілі Винус пен Серена Уильямсті танымайтын жанкүйер кемде-кем шығар. Серена «Үлкен дулыға» турнирін 23 рет ұтса, Винус та аталған турнирде 10 мәрте топ жарған. Әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте талай уақыт көш бастаған 40 жастағы В.Уильямс әлі күнге дейін теннистен қол үзбей келеді.
Десе де бүгінде Винустың білегінен әл кете бастағанымен, теннисте жиған тәжірибесі мол. Кез келген қарсыласты айла-тәсілімен оп-оңай жеңіп кете алатындай қауқары бар. Бірақ бұл жолы оның Зарина Диасқа шамасы жетпеді. Бірінші сетте отандасымыз қарсыласын еш қиындықсыз 6:2 есебімен жеңсе, екінші сетте үлкен Уильямс біраз қарсыласты. 6:6 есебімен таразы басы теңселіп тұрған ойында Заринаның жолы болды. Тай-брейкте 12:10 есебімен басым түскен жерлесіміз 7:6 нәтижесімен жеңісті жұлып алды.