Халықаралық футбол тарихы және статистика федерациясы (IFFHS) кейінгі он жылдықтағы ең үздік клубтардың рейтингін жариялады. Бұл тізімде Қазақстанның алты дүркін чемпионы – «Астана» командасы да бар.
IFFHS түзген рейтинг бойынша жаңа ғасырдың екінші онжылдығында Испанияның «Барселона» клубы үздік атанды. Екінші орынды Испанияның тағы бір командасы – «Реал» иеленді. Рейтингтегі үздік үштікті өткен жылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы «Бавария» (Германия) түйіндеді. Сонымен қатар үздік 10 клубтың қатарында ПСЖ (Франция), «Атлетико Мадрид» (Испания), «Ювентус» (Италия), «Челси», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед» және «Арсенал» (бәрі – Англия) командалары бар.
ТМД елдері арасындағы командалар бойынша ең үздік нәтиже Украина клубтарына тиесілі. Мәселен, Донецкінің «Шахтері» рейтингте 27-орында болса, Киевтің «Динамосы» 34-сатыда тұр. Ресейдің «Зенит» клубы 42-ші, «Краснодар» 96-шы және ЦСКА командасы 105-орынға ие болды.
Ал Қазақстанның алты дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен «Астана» рейтингте Швецияның «Мальме» командасымен соңғы 139-орындарды бөлісіп тұр. Рейтингті құру кезінде 2011 жылғы қаңтар мен 2020 жылғы желтоқсан аралығындағы ресми жарыстарда клубтардың жетістіктері ескерілгенін атап өткен жөн.