• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2021

Тігін машинасын алып, табыс табуға кірісті

498 рет
көрсетілді

Ақтөбеде наурыз мерекесі қар­са­ңында атаулы әлеу­мет­тік кө­мек алатын бірнеше отба­сы­лардың қыз-келін­шек­те­рі­не арналған «Менің кәсібім – отбасымның ырысы» жобасы қоры­тындыланды. Бұл жолы бір жыл бойы сынақтан сүрінбей өтіп, қолөнер мен тігін­шіліктің қыр-сырын мең­герген 30 келін­шек ұйым­дас­тырушылар тара­пы­нан 30 тігін машинасын сый­лық­қа алды.

Сондай-ақ жобаға қатысқан төрт келіншек тұрақты еңбекақысы бар тігіншілік жұмысқа орналасты. 13 әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз істерін ашса, көп балалы үш әйелге тігіншілік құрал-жабдықтарды сатып алуға қайтарымсыз грант берілді.

Жобаның негізгі шарты бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың қыз-келіншектері қолөнер, тігіншілік курстарын аяқ­таған соң бірден табыс табуы тиіс болатын. Өткен жылдың наурызында әлеуметтік жобаның басталғаны туралы хабарландыру жарияланған бойы оған қатысуға тілек білдірген қыз-келіншектер ті­гін­шілік пен қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарымен қоса бизнес жүргізудің қыр-сырын да оқи бастады. Осындай нақты қолдаудың арқасында бұрын атаулы әлеуметтік жәрдемақыдан басқа табыс көзі жоқ бірнеше ақтө­белік әйел кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге кірісті.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова, жоба қатысушылары үшін аспаздық шеберлік сабағын ұйым­дастырған «Таксим» ЖШС басшысы Күлшат Масалимова, «Samal_cаkes» ЖК басшысы Самал Асанова оқу курстарын аяқ­тап, өз істерін баста­ған жоба қатысушыларына ақыл-кеңес­те­рін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Бір жыл бойы тігіншілікті меңгеріп, қазір жеке тапсырыстарды қабылдай бастаған Шалқар ауданынан келген көп балалы ана Алмагүл Сейітова ұйымдас­ты­ру­шы­ларға алғысын біл­дір­ді.

Жақында осы жоба аясында ас­паз­дық курстар да ашылды. Жиын соңында дәмді тағамдар әзірлеудің қыр-сырын үйреніп жатқан 30 келіншекке нан өнім­дерін пісіретін пештер табыс етілді. Айта кету керек, өткен жылы Ақтөбе облысында 298 көп балалы ана қысқа мерзімді кәсіби дайындық курс­тарында оқып, 514 көп балалы және аз қамтылған отбасы аналарының әрқай­сысы 555,6 мың теңге көлемінде қайта­рымсыз грант алып, кәсіптеріне қажетті құрал- жабдықтарды сатып алған.

 

Ақтөбе облысы