Күн райы күрт жылынса, Шығыс Қазақстан облысында 94 елді мекенді су басу қаупі бар. Тілсіз жаудың алдын алу үшін жер-жерде құтқарушылар техникаларын сайлап, дайын отыр. Олардан бөлек, Jas Otan волонтерлері де қолға күрек алып, әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасыларға көмек көрсетіп жүр.
Наурыз айы бастала сала волонтерлер қарға көмілген аулалар мен бұлақ арналарын қардан тазартуға кіріскен. Көбесі сөгілмеген күртік қарды ойып алу да оңай емес. Соның өзінде шын жанашырлық танытқан жастар қауіптің алдын алу үшін аянып қалып жатқан жоқ.
Глубокое ауданындағы Jas Otan волонтерлері ТЖД мамандарымен бірлесіп, республикалық «30 игі іс» акциясы шеңберінде жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі жандардың аулаларын қардан арылтуға атсалысып жүр. Сонымен қатар қызыл су жүруі ықтимал арықтарды да тазалап шықты.
– Қай кезде болсын, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табыламыз. Қыстай қариялардың, жалғызбасты аналардың үйіндегі шаруасына қолғабыс еттік. Енді міне, қарғын судың алдын алуға септігімізді тигізсек деп жүрміз, – дейді Глубокое кентінің тұрғыны, волонтер Шәкәрім Маралханов.
Өзен бойында жатқан Глубокое, Алтай, Бородулиха сынды аудандардың кейбір ауылдарына су басу қаупі төніп тұр. Сондықтан да тұрғындардың ерте қамданғандары жөн. Қатарлары толығып келе жатқан волонтер жастар да бір жағынан шығысып жүр. Әсіресе, былтыр індет қысқан кезде көпшілік солардың көмегіне жүгінген.
Сонымен қатар тасқынның алдын алу үшін өңір бойынша 2412 техника, 370 мотопомпа дайындалып, 87 мың дана ыдыс-қап, 15 мың тонна инертті материалдар әзірленген. Құтқарушылар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барынша абай болу қажеттігін ескертіп-ақ жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы