Сенатта «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдау өтті. Онда бүгінгідей технология қарыштап дамып, әлемдегі ақпараттық шекаралар ысырылып, әр ұлтқа тән өзіндік мәдениет жұтылып бара жатқан жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды қаймағын бұзбай сақтап, келер ұрпаққа дәріптеудің маңызы сөз болды.
Әлемнің заманауи даму құбылыстары қарқынды жүріп жатқан тұста қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтаудың қажеттілігі арта түскенін айтқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттік тыңдаудың осы өзекті әрі маңызды мәселеге арналып отырғанын атап өтті. Отырысты ашқан Палата Спикері қазаққа тән құндылықтар жүйесін азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің оңтайлы жолын табуымыз қажет екенін айтты.
– Бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түсетіні сөзсіз. Білім беру оқу бағдарламасын түсіндірумен ғана шектелмегені жөн. Біздің ұлттық танымда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен үйренгені шарт. Білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруі тиіс. Сол себепті, оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді, – деді М.Әшімбаев.
Ұлтымызға пайдалы әлемдік үрдістерді төл мазмұнмен байытуды мақсат етуге шақырған Сенат Спикері бұл бағытта интеллигенцияның алатын орны ерекше екеніне сенім білдірді.
– Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы қажет, – деп атап өтті М.Әшімбаев.
Бұл мәселенің елдік мүдде тұрғысынан маңызы аса зор екенін жеткізген Сенат Төрағасы Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша арнайы ұсынымдар дайындалып, олар Үкіметке және тиісті министрліктерге жіберілетінін жеткізді.
Жиында сөз алған Сенаты депутаты Бақытжан Жұмағұлов іс-шараның қазіргі күрделі кезеңде ұлттық құндылықтарымызды айқындап, қиындықтарды жеңуге бағытталып отырғанын баса айтты. Ұлттық менталитетті дамыту үшін жаңа көзқарастар, жаңа бағдарламалар қажет екенін, алда XXI ғасырда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатын кемел ұрпақ тәрбиелеу мен оларды еңбекқорлыққа баулу міндеті тұрғанын атап өткен депутат технология мен жаһандану дәуірінің қаупіне де тоқталып өтті.
– Коронавирус індетіне, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз «идеологиялық вирустар» да таратыла бастады. Жалған ақпараттар сол вирусты әлеуметтік желілер арқылы шұғыл таратып жібереді. Сондықтан «Әлеуметтік желілер туралы» заң қабылдау қажет деп білеміз. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеуметтік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу және олардың құрылтайшыларының заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет, – деді Б.Жұмағұлов.
Одан бөлек, халықтың басты құндылығының бірі – ана тілін қорғауды назарға алуды көтерген Сенат депутаты арнайы «Ана тілі туралы» заң қабылдауды ұсынды.
– Әлемде қаншама тіл жоғалып кетті, қаншама тіл жоғалу алдында тұр. ЮНЕСКО 2100 жылға дейін әлемнің 7000-ға жуық тілінің жартысынан астамы жойылады деген болжам жасапты. Үрейлі цифр. Сондықтан Ата Заңымызға, қолданыстағы «Тілдер туралы» заңға қайшы келмейтін арнайы «Ана тілі туралы» заң қабылдау қажет, – деді ол.
Бақытжан Жұмағұлов қазіргі заманда жаһандану процесі ықпалынан тыс қалу мүмкін болмаса да, барлық күш келер ұрпақтың тарихи танымын арттырып, ел мен жер, әдебиет және имандылық, ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын нығайтып, білім мен біліктілігін арттыруға бағытталуы керек екенін алға тартты.
Алқалы жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құқыққа негізделген, зиялы, ашық қоғам құру жолында жаһанданудан тыс қала алмайтынымыз ақиқат екенін сөз етті.
– Мәдениетті, ұлттық құндылықтарды қорғау дегеніміз – есік-терезеңді бекітіп алып, тас бүркеніп отыру емес, – деді ол. Ұ.Есдәулеттің айтуынша, технологиялық қоғамда төл мәдениетіміз бен ұлттық санамызды сақтап қалу үшін өзіміздің ішкі рухани ресурстарымызға, ең алдымен ұлттық құндылықтарымызға жүгінуіміз керек. Ал мемлекеттік идеологиямыз ұлттық мұрат тұрғысынан қалыптасуы тиіс. Ол өз сөзінде ұлттық дүниеге қатысты іс-шараларға, ауқымды жобаларға қаржы бөлу мәселесіне баса назар аударуды ұсынды.
– Біздің қоғамда көп жағдайда мемлекетшілдік деген түсінік өте кемшін. Мәселен, Қаржы министрлігі ұлттық дүниеге қатысты іс-шараларға, ауқымды жобаларға қаржы бөлу мәселесіне келгенде салғырттық танытады немесе үрке қарайды. Көптеген жоба әлеуметтік әсері жоқ деген желеумен кесіліп отыратынына да өзіміз куәміз. Руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке, ұлттық құндылықтарды сақтауға бөлінген қаржы бірден нәтиже бермейтіні белгілі. Ол уақыттың еншісінде жылдар бойы айналымға түсетін, уақыт өте келе жемісін беретін дүние. Осы тұста Парламент тарапынан әдебиет пен мәдениетке, рухани салаларға бөлінетін қаржыға бақылау жасалса деген ниетімізді баса айтқым келеді,– деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.
Ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды сақтап қалу үшін жастар тәрбиесіне баса мән беру керек екенін алға тартқан республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкелер институтын дамыту керек деген пікіріне толықтай қосылатынын жеткізді.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әкенің беделі төмен түсті. Оған себеп, Кеңес Одағы тұсында еркек пен әйел тең құқылы деген бағытқа еріп, ұлттық дәстүрімізден алшақтасақ, егемен ел атанғанда гендерлік саясат отбасында әкенің абырой-беделін одан сайын құлдилатып жіберді. Қазақ қоғамында бұрын әкенің беделіне ешқашан сызат түспеген. Қай кезде де әкенің айтқаны, тапсырмасы бір демде орындалып отырған беделді тұлға болатын, – деді Ө.Озғанбаев.
Сондай-ақ ол өскелең ұрпақ тәрбиесінде өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қарт-қария, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген ақсақалдардың орны ерекше екенін еске салды.
– Қазақ қоғамы ежелден ақсақалдарды ерекше бағалаған, қадірлеген, құрмет тұтқан. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Үйіңде қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», деген тәмсілдер – сөзіміздің жарқын дәлелі. Жастарымызды тағылымы мен өнегесі мол игі істерге тәрбиелейтін, баулитын қариялар екенін осыдан-ақ аңғарамыз, беделін көреміз. «Ақсақал» деген абыройдың асқар биік шыңы еді. Біз ол биікті аласартып алғанымыз да өзекті өртейтін ащы шындық, – деді республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары.
Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты екеніне тоқталған ол: «Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін ақсақалдар қауымы болып ынтымақтаса атсалысумен қатар, әкелер мәртебесін қазақ шаңырағына қайтару ләзім», деп түйіндеді сөзін.
Келелі жиында сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі тарихты түгендеудің маңызын атап өтіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен тәуелсіздікті тұғырлы етуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Өз баяндамасында бүгінгі қазақ қоғамының басты құндылығы білімде екенін айтқан «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов қазақ жастарының шетелдің озық университеттерінде білім алуына мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасының сапасын арттыру мен отандық жоғары оқу орындарының деңгейін көтеру мәселесіне басымдық берілу керек деген пікір білдірді. Ал А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру, диссертациялар мен ғылыми есептердің бір данасын мемлекеттік тілде әзірлеу, филологиялық білім беруді реформалау, қазақ тілін цифрландыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Еліміздің ұлттық құндылықтарын Қазақстанда бір шаңырақ астында тұрып жатқан өзге де этнос өкілдеріне дәріптеудің маңызына тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Майя Бекбаева отандық ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыру мәселесі өзекті екенін атап өтті.
Осылайша, Парламент Сенатында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауға қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары негізінде бірқатар ұсыным дайындалып, жауапты мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. Олардың қатарында Үкіметке қазақ тілінің қоғамдағы рөлін күшейту және қолданыс аясын кеңейту мақсатымен тіл саясаты жөніндегі қолданыстағы бағдарламалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, шекаралық аймақтарды өркендету үшін ішкі көші-қон мәселесін одан әрі реттейтін және осы аймақтарға қандастардың қоныстануын қамтамасыз ететін арнайы бағдарлама әзірлеу ұсынылды.